Президент • 11 Маусым, 2021

Сөз бен істің бірлігі

287 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік пен мемлекеттігімізді нығайту, тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып, қарқынды экономикалық-әлеуметтік саясат жүргізуді басты бағыт-бағдар етіп ұстанған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне кіріскеніне екі жыл толды.

Сөз бен істің бірлігі

Осы уақыт аралығында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, әл-ауқатын көтеруге жаңа мүмкіндіктер туғыза отырып, ел игілігі жолында жасампаз өзгерістерді жүзеге асыруды, елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосуды мақсат еткен Мемлекет басшысының бастамаларынан бүгінде оң нәтижелердің нышанын көреміз.

Әдетте үлкен саясатта белгілі бір мер­зімде Мемлекет басшыларының ат­қарған ісіне қорытынды жасап, баға беріп жату – қалыпты жағдай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі осы екі жыл ішінде, салыстырмалы түрде алатын болсақ, бірқатар жағымды жаңалықтың бастамашысына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, ең алдымен, билік транзитінің өркениетті, бейбіт жолмен заңды түрде іске асқандығына тоқталып өткен жөн.

Талай елдің тәжірибесінен аңғарға­ны­мыздай, билік ауысқанда түрлі дағ­дарысты кезеңдерді бастан кешіріп жатады. Оған қатысты мысалдарды көршілес, сондай-ақ ТМД елдері тәжірибесінен аңғарамыз. Ал Қазақстанда орын алған кейбір жетіспеушіліктер, кемшіліктер мен сындарға қарамастан, өркениет­ті қадамдардың жүзеге асқандығы қуантады.

2019-2020 жылдар Қазақстан және әлем үшін оңай кезең болған жоқ. Коро­на­вирус пандемиясымен байланысты туын­даған қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Экономика, қар­жы саласын­дағы дағ­дарыстар, мұнай баға­сы­ның күрт тө­мен­­деуі сияқты түрлі ғаламдық келең­сіз­­дік­тер­мен қатар, ел ішінде де қиын жағдайлар белең ал­ды. Арыстағы жарылыс, бір­та­лай өңір­ді су басып кетуімен қатар, жылд­ар бо­йы қордаланған өзге де көкей­кес­­ті мә­се­лелер көрініс берді. Бірақ осы­нау қиын­­дықтарға қарамастан, еліміз­дің бү­­­гін­­гі даму үрдісінде жүзеге асып жат­қан жа­ғым­­ды өзгерістер бар­шы­лық. Осы орайда мем­­лекет тарапынан тиісті қо­ры­тынды жа­­­са­­лып, сауат­ты әрі ке­шен­ді саясаттың жү­­­зе­­ге ас­қа­нын атап өт­кен ләзім. Нақты ай­­­тар бол­сақ, Пре­зидент өз мансабына кірі­­с­ер­­­де қандай басым­дық­тар­ға жол бері­летін­ді­­гіне қатысты мәлім­­деме жасай оты­рып, олар­­дың қата­рын­да қоғамдық-саяси ре­фор­­ма­ларды іске асыруға баса мән берген болатын.

Қолға алынған реформалардың қоғам­мен келісе отырып жүзеге асып жатқан­ды­ғын бүгінгі тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде Президенттің по­пу­лис­тік мәлімдемелерден гөрі нақты іске көш­кенін аңғартады. Пайымдап қарасақ, кейінгі екі жылда сөз бен істің бірлігіне қол жеткізе алдық.

Президенттің өз бойындағы қарапа­йым­­­ды­лық пен ұлтжандылықты билік­тегі министрлер мен әкімдерден талап етуі мемлекетті басқару ісіндегі жауапты қадам­­дарға дәлел бола алады. Саяси ре­фор­­­­маларға келгенде оппозиция, адам құқы­­ғы, партиялардың құрылуы, сай­лау­­лар­дың әділ өтуі, сөз бостандығы сияқ­ты мәсе­лелерде нақты нәтижелерге қол жетті.

Осы орайда, Президент өзі атап өткен­дей, қоғам саяси реформалар ар­қылы демократияланбай, алға жыл­жуымыз неғайбіл. Реформаларды жү­зеге асыру мақсатында Ұлттық қо­ғам­­дық сенім кеңесінің құрылуы, оның жұ­мысы жұртшылықтың және аза­мат­тық қоғамның пікірін билікке жет­кізіп, маңызды стратегиялық проблема­лар­ды тал­қылауға негізделуімен байланыс­ты болуы да – елдегі демократияландыру үдеріс­терінің оң қадамының дәлеліндей.

Президент өзінің сайлауалды бағ­дар­ламасында мәлімдеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сын жүзеге асырып, қоғам белсенді­лерімен сұхбатқа қандай кезде де дайын екенін атап өткен болатын. Қоғаммен келісе отырып, сайлау жайында, митингтер мен шерулер туралы, партиялар, өзін-өзі басқару мен көптеген басқа да саяси реформаның нақтылануы – үлкен жетістік. Дегенмен осы екі жылда демократия мәселелері түпкілікті шешіліп қойды деуден аулақпыз. Бірақ бұл да бір сеңнің қозғалып, оң бағыт­та нәтиже бере бастағанының ны­шаны, яғни рефор­малардың іске аса бастағанының дәлелі. Оның тағы бір оң нәтижесін жыл басында өткен Пар­ламент сайлауынан байқаймыз. Праймериз өткізіліп, оған халықтың салыс­­тырмалы түрде бел­­сен­ді атсалысқаны­ның куәсі болдық. Соны­­мен бірге соңғы он, жиырма жыл­­да қоғам мәселесіне келгенде жақ аш­пай­тын, зей­нет жасына келген депутат­тардың орын­дарын босатып, қалың бұқара­ның сөзін сөй­лейтін халық қалау­лы­ларының келіп, Пар­ламент құрамы­ның сексен пайызға жа­ңаруы тағы да оңынан келген бір іс болды.

Осы жылдың күзінде елімізде өзін-өзі басқару аясында ауыл әкімдерінің сайлауы өтпекші. Мұндай жақсы үрдісті оң баға­лай отырып, әкімдерді орта­лықтан та­ғайын­дай салмай, жергі­лікті азамат­тар­­дың қалауымен сайлау қоғамдағы оң өзге­ріс­тердің жалға­сын табатындығын көрсетіп отыр.

Бұған қоса, экономикалық-әлеумет­тік салада жүзеге асқан реформалар бар. Пандемия кезінде көптеген азамат­тарға, бизнес өкілдеріне ауыр тиді. Бұл бағытта мемлекеттің қаржысын оң­тай­лы пайдалану, көмек көрсету тұр­ғы­­сынан қаншама азаматтардың не­сиесі кешірілді, несиесін төлей алмай жүр­ген тұрмысы төмен және көпба­лалы от­ба­сылар­дың қарызын кешіру туралы Жар­лық­қа қол қойылды. Соның негізінде көп­теген азаматтың несиесі жо­йылды. Бе­решегін өтеуге қаражат төлен­­се, кепіл­сіз тұтыну қарыздары бар­лар­­дың айып­пұлдары мен өсімпұлдары есеп­­тен шы­ға­рылып, республикалық бюд­жет­­тен қомақты қаржы бөлінді. Жарлық ая­­сын­­­да қарызға батудың алдын алу мақ­­­сатын­­да табысы күнкөріс көлеміне жет­­пе­й­­­тін адам­дарға несие беруге тыйым са­лынды.

Әлеу­меттік жағдайы төмен отбасы­лар­ға қаржылық қолғабыс жасаумен қатар, біраз жыл бойы айтылып келген зей­нетақы қорындағы қаражатты пайда­лану мәселесі шешілді. Яғни азаматтар зейнетақысының бір бөлігін өзінің тұрғын үй мәселесін шешуге пайдалана алуына мүмкіндік алды. Шағын және орта бизнес салықтан босатылды. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылды. Дегенмен қандай саланы алсақ та, жылдар бойы қордаланған мәселелер бар. Оларды осы екі жыл ішінде шешіп тастау мүмкін де емес, бірақ ұстанған бағыт-бағдарымыз оң екенін жоғарыда аталған нәтижелі істер барысынан аңғарамыз.

Экономикалық-әлеуметтік жағ­дай­мен қатар, идеология, жастар мәселесінің айрықша рөлге ие екендігін де айта кеткен жөн. Осы орайда жастардың білім алуы­на оңтайлы жағдай жасалып, грант са­ны­­ның артқаны, әсіресе ауыл жастары­на үлкен қолғабыс болды. Жүздеген жа­ңа мектептің салынып, үш ауысымда оқы­туды тоқтатуға көңіл бөлу, соны­мен қатар елімізде Тәуелсіздік жыл­дарын­да бұрын-соңды болмаған тұр­ғын үй құ­ры­лысының қарқынды дамып жат­қан­дығы – бұл саладағы оң өзгеріс­тер­дің нышанындай.

Ал жастардың жатақхана мәселесін шешу, оларды қоғамдық өмірге барынша араластыру, мемлекеттік басқару ісіне кеңінен тарту бағытындағы ізгі қадам­дар – ел келешегінің кепілі іспетті. Осы орайда көптеген жас депутат бо­лып сайланды. Президенттік жастар кадр­лық резервінің жасақталуы, бірталай министрлердің жастар қатарынан таға­йын­далғаны ілгері басқан елдің ерте­ңі­нен үлкен үміт күттіреді.

Қоғамның ізгі бағдарының бірі – руханият мәселесіне тоқталар болсақ, қазақ тілі­нің, қазақы болмыстың дамуына кө­ңіл бөлініп, үлкен тарихтың мирас­қоры ретін­де сезінетіндей деңгейдегі Алтын ор­да­ның 750 жылдығы, ашар­шы­лыққа, қу­ғын-сүргінге қатысты іс-шара­лардың қол­ға алынуы да бекерден-бекер емес. Пре­­зи­­дент тәуелсіз мемлекет ретінде, ұлт ре­­тін­­де әрі қарай дамуымыздың қайнар көзі ана тілін­де жатқандығына көңіл бө­ле оты­­рып, қазақ тілінің Қазақстанда ұлт­ара­­лық тіл­ге ай­на­луына байланысты нақты мін­­детті алға қойып отыр. Осы орай­да қазақ мек­теп­терінің көбейіп, бала­бақ­­ша­­лар­дың қазақ тіліне ден қойып жатқан­дығы қуантады.

Бүгінде реформалар кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Саяси реформа дегенде айтарлықтай асыра сілтеудің де қажеті шамалы. Қоғамда реформаларды шапшаң жүргізу қажеттігі туралы да ұсыныс, пікірлер жиі айтылып қалуда. Деген­мен әлемдік тәжірибелерден рет­сіз, келеңсіз жүзеге асып жатқан реформаларды көреміз. Алысқа бармай-ақ, оған нақты мысалды Тәуелсіз мемлекеттер достастығының кейбір елдерінен де келтіре аламыз. Сондықтан бұл мә­се­леге түсіністікпен қарай отырып, ой­лас­тырылған, кешенді саяси реформа­лар­ды жүргізудің дұрыстығына көз жет­кізе тү­семіз. Әрине, «біткен іске сын­шы көп». Дегенмен екі жыл ішінде атқа­рыл­ған істерге қарап оң бағыттағы үрдіс деп баға беруге әбден болады.

Елімізге пандемияның салдары оңай тиген жоқ. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, мұнай бағасының төмендеуі елдің экономикасына теріс ықпал етті. Оның салдары әлеуметтік салаға әсер етпей қоймады. Ал оның субъективті себептері де жоқ емес. Астамшылдық, жем­қорлық, ел қаржысын тиімсіз пай­далану деректері де көрініс беріп қалу­да. Мұның барлығы, өкінішке қарай, бір­ден шешіле салатын мәселе емес. Жем­қорлыққа түпкілікті соққы беріп тас­та­дық деп айта алмаймыз, оның сар­қын­шақтары мен әсері әлі де бар. Оли­гархтардың, латифундистердің мәсе­лесі ақырындап шешіліп келеді. Оның сыртында талайдан бері даулы болған жер мәселесіне түпкілікті нүк­те қойылғандығы, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлері жалға беріл­мей­тіндігі, сатылмайтындығы қоғам ер­теңіне үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік беріп отыр. Еліміздің әрі қарайғы бет алысы осы реформалардың тиімді әрі үйлесімді жүзеге асуымен тығыз байланысты.

Сонымен қатар қордаланған өзекті мәселенің бәрін Президент шешеді деп қарап отыру – аза­мат­тық қоғамға жат. Елдің дамуына азаматтық қоғамның өзі бел­сенділік танытып, саяси үрдістерге қаты­суы маңызды. Алда өтетін ауыл әкім­дерін сайлауда өз кандидатураларын ұсы­нып, сайлау барысын бақылап, оның әділ өтуін қадағалау сияқты іс-әрекеттерге бару – қо­ғамды алға сүйреуге ба­ғыт­тал­ған қадам­дардың бірі. Оған Пре­зидент пен оның командасы барынша жол ашып берді.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы