Тарих • 11 Маусым, 2021

Жеңісті жырлаған күйші

1002 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде,

сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді.

Ахмет ЖҰБАНОВ

Жеңісті жырлаған күйші

Уақыт ырқыңа көнбейді, қай елдің және қай халықтың болсын өміріндегі маңызды оқиғалар мен атаулы күндерді артта қалдыра отырып, алға жылжиды. Уақытқа бағынбайтын ештеңе жоқ, дегенмен уақыт билігін жүргізе алмайтын, қанша уақыт өтсе де, тарих қойнауында қатталып, халық жадында мәңгі сақталып қалатын оқиғалар болады. Екінші дүниежүзілік соғыс дәл осындай оқиға болды. Оны ұмытпау, әркез жадыңда сақтау халықтың Отан­ға және отандастарына қалтқысыз қыз­мет етуінің жарқын мысалы ретінде қазіргілер үшін де, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін де қажет. Қалтқысыз қызмет еткендер арасында қазақ халқының аяулы қызы, Қазақ КСР-інің халық әртісі – Дина Нұрпейісова да бар еді.

 

Күйші-композитордың шығармашы­лығы қазақ ұлттық мәдениетінің алтын қорына кірді, оның шығармашылығы тұтас бір дәуірдің музыкалық ескерт­кі­шіне айналып, қазақ халқы тарихының өзін­дік ерекше шежіресін құрайды. Соғыс кезіндегі халық басына түс­кен ауыр сынақ туған жерге деген сүйіспен­шілік­­­ті одан әрі еселей түсіп, домбыра өне­рін мейлінше насихаттауға мәжбүр етті.

1941 жылғы 22 маусымда, соғыс бас­талған кезде, елдің әр өңірінде әскери жұмылдыру жұмыстарын жүргізу туралы мәселе қаралды, ал 23 маусымнан бастап әскери комиссариаттарда азаматтарды жұмылдыру жұмыстары басталып та кетті. Әскери комиссариаттарға азаматтардан елін қор­ғау үшін әс­керге қабылдау туралы өтініштер түсе бас­тады. Майданға баруға Дина Нұр­пейі­сованың ұлдары – Жұрынбай мен Мұрат (Төлемұрат) та өтініш беріп, Отан үшін қолына қару алып соғысуға деген тілектерін білдірді. Ерікті Жұрынбай, сондай-ақ майданда 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылған ұлы Қожахметті көремін деп үміттенді.

Мұндай жойқын соғыстан қай­ғы шегіп, қасірет тартпаған отбасы қалмады, оның зардабы Дина Нұр­пейісованың отбасын да айналып өтпеді. Дина Нұрпейісованың Жұрынбай мен Мұрат­тан басқа ұлы Қажен (Қажымұрат) (1916-1941) мен немересі Қожахмет (1921-1941) те соғысқа аттанып, Отан қорғау жо­лындағы сұрапыл шайқастарға белсене қатысады. Өкінішке қарай, есіл ерлер жүздеген мың Отан қорғаушылар сияқты ұрыс даласында опат болып, хабар-ошарсыз кетеді. Отан үшін мерт болған жауынгерлердің есімін ел есінде мәңгі қалдыру – кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Ресей Федерациясының Астрахан облысы губернаторының Іс басқармасы «Память. Назовём поименно» деп аталатын көптомдық естелікті жарыққа шығарды. Бұл іргелі еңбекте Астрахан облысынан шақырылған Дина Нұрпейісованың балалары: ұлы Қажен мен немересі Қожахмет туралы естелік жолдар бар. 1995 жылы жарық көрген «Память. Назовём поименно» естелік кітабының төртінші томында Нұрпейісов Қажен туралы мынадай жолдар келтіріледі: «Нұрпейісов Қажен, қатардағы жауынгер. 1916 ж.т., Астрахан облы­сы, Краснояр ауданы, Қараөзек
ауы­лы. Краснояр АӘК шақырған. 1941 жы­лы қазанда хабарсыз кеткен» деп жазылған. 2010 жылы жарық көрген «Память. Назовём поименно» естелік кітабының жетінші томында Дина Нұрпейісованың немересі Қожахмет туралы мынадай деректер келтіріледі: «Қатардағы жауынгер Нұрпейісов Қожахмет 1921 ж.т., Қазақстанның тумасы, Батыс Қазақстан об­лысы, Жаңа­қала ауданы. 1940 жылы Ас­трахан облысының Володар АӘК шақырған. 1941 жылы желтоқсанда хабар-ошарсыз кетті».

Соғыс басталғанын Дина Нұр­пейі­сова Алматыда естіді және елін сүйетін адам ретінде ол өзінің шығарма­шы­лығымен алапат оқиғалар­ға үн қосты. Олардың ішінде жауынгерлердің әскери рухын көтерген «Ана бұйрығы» күйі де бар. «Ана бұйрығы» күйі бірден бүкіл Қазақстанды шарлап кетті, қатал уақыттың ерлік әніне айналып, зор қуатпен орындалды. Соғыстың сұрапыл күндерінде оның ұлдарынан ұзақ уақыт бойы хат келе қоймады, бірақ соған қарамастан күйші-домбырашы өзі­нің күйлерімен халықты жексұрын жау­ларға қарсы күреске жігерлендіре білді.

Соғыс жылдарында Дина Нұрпейі­сова­ның күйлері көздеген жерден мүлт кет­пейтін сұрмергеннің жебесіндей жау­ды талқандап, жауынгерлердің Ота­­­­нымыздың даңқын асырған ерен ерлік­теріне шабыт берді. Ұзақ уа­қыт бойы хабар-ошар ала алмай, бала­ларынан са­рылып-сарғайып хабар күткен ана «Майдандағы балама» деген күйін шы­ға­рады. Бұл күйдің кең тыныс­ты, әуезді композициясы салмақты нық қадаммен астасып Қызыл Армия жауын­герлерін, әсіресе қатал қорғаныс шебіндегі жауын­герлерді жігерлендіріп, олардың жауын­герлік және моралдық рухын­ көтерді. «Майдандағы балама» күйі күйші-композитордың тынымсыз шығармашылық еңбегінің және жал­пы­халықтық күреске өзінің жеке басы­ның үлгісімен қатысуының нәтижесі болды.

Ел басына түскен аса қиын уақытқа қарамастан, соғыс кезінде өнер дамуын тоқтатпай, мәдениет қызметкерлері түрлі деректі және көркем фильм­дер түсірді. 1941 жылдың күзінде «Мосфильм» және «Ленфильм» ки­ностудияларын­ Ал­матыға көшіру туралы шешім қабыл­­данды. Соның негізінде Орталық Бі­ріккен киностудия ұйымдастырылып, онда елдің үздік кинематографистері жұмыс істеді, олардың ішінде кинематография теориясы бойынша іргелі жұмыстардың авторы, өнертану докторы Сергей Эйзенштейн болды. Эвакуация жағ­дайын­да Қазақстанда, Алматыда, режиссер өз өмірінің басты картинасын – «Иван Грозныйды» түсіреді. 1942 жылы режиссер және кино теоретигі, ал онымен бірге Орталық Біріккен киностудия қызметкерлері қазақтың әйгілі ақыны Жамбыл Жабаевқа қонаққа келеді. Сол кезде қонақтардың арасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Дина Нұрпейісова, сондай-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев, қазақ әде­биетінің классигі Мұхтар Әуезов, жазушы-академик Сәбит Мұқанов та болады. Осы жерде ақынның үйінде отырып күйші-композитор өзінің ұлттық музыкалық шығармалары мен өшпес күйлерін тартады.

Кеңес киносының теоретигі Сергей Эйзенштейн энциклопедиялық білімі бар, ерекше білімдар адам ретінде күй­шінің музыкалық дарынына, ұлттық музы­­ка ардагерінің темірдей төзімділігі мен батыл­дығына ерекше құрмет көр­сетеді.

Соғыс жылдарында қазақ музыкасы өзінің музыкалық тарихында айтар­лықтай дамуға қол жеткізгенін атап өткен жөн. 1942 жылдың аяғында музыкатанушы Ахмет Жұбановтың «XIX және XX ғасырдың басындағы қазақтың халық композиторлары» атты кітабы жарық көрді, мұнда алғаш рет көптеген музыкант-композитордың өмірі мен шығар­­машылығы туралы айтылды, олар­­дың арасында Дина Нұрпейісова да болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның мерзімді баспасөзі жеңісті жақындатуға өз үлесін қосып, соғыс басталғаннан «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмыс істеді. Көптен күткен жеңісті жақын­датуда қазақ тіліндегі әскери баспасөз де үл­кен рөл атқарды және соғыс жыл­дарын­да зор әскери-патриоттық рөл атқарған осындай әскери газеттердің бірі Ленинград майданының «Отан күзетінде» газеті болды. «Отан күзетінде» газеті Отан қорғаушылардың қатты қызығушылығын тудырып, үнемі майдан шебіне жеткізіліп отырды. Бұл газетті өздерінің ана тіліне деген терең құр­мет, өздеріне жасалған қамқорлық деп қабылдаған жауынгерлердің ын­та-жігерін тудырды. Осы газеттің 1944 жылғы 15 сәуірдегі нөмірінде Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген мәдениет қай­рат­­кері Дина Нұрпейісованың суреті жария­ланды.

Ұзаққа созылған соғыс жылдарынан әбден титықтаған және ауыр әскери еңбектен шаршап-шалдыққан адамдар әуезді және жүрекке жылы әндерге сусады. Соғыс жылдарының ауыртпалығына, тау­қыметіне қара­мастан, Қазақстан өнері соғыс жылдарында ойдағыдай дамы­ды. 1944 жылдың ақпан-наурыз ай­ларында Ташкентте өткен «Бес рес­публиканың халық арасынан шыққан талант-жұл­дыздары» атты Орта Азия мен Қазақстан республикаларының музы­калық онкүндігі Қазақ КСР-інің музы­калық өміріндегі үлкен оқиға болды. Онкүндікке мыңнан астам музыкант, әнші, биші және композитор қатысты. Оннан астам дирижер симфониялық музыка мен халық шығармашылығына арналған концерттерді басқарды. Өзбек­стан астанасы қонақтарды – онкүндікке қаты­сушыларды қарсы алып, үгітшілер Таш­кенттің кәсіпорындарында Орта Азия халықтарының Музыкалық он­күндігінің ашылуына арналған кездесулер өткізді. Зауыттар мен фабрикаларда оған қатысушыларымен кездесулер өткі­зіліп, Өзбек КСР-інің астаналық театры өзінің үздік қойылымдарын көрсетті.

Бұл онкүндік музыка өнерінің да­му жағдайына жасалған сынақ және Қазақ­стандағы өсіп-өркендеген ұлттық мәдениеттердің қуатты көрсетілімі болды, оны мамандар мен жұртшылық жоғары бағалады. Сол кездегі Таш­кенттің музыкалық өмірі барынша бел­сенді болды және республиканың музыкалық мәдениетінің дамуына Ле­нинград консерваториясының 3 жылға көшіп келуі оң ықпал етті. Музыкалық онкүндіктегі концерттерге иін тірескен халық келді, концерттер толық аншлагпен өтті. Онкүндік ішін­де концерт өтетін орынға қол жет­кізу мүмкін болмады – концертті көр­гісі келетіндер қосымша билет іздеп таба алмады. Осы онкүндікте академик Ахмет Жұбановтың басқаруымен Қазақ халық аспаптар оркестрі үлкен жетістікпен өнер көрсетіп, филармония бірінші орынға ие болды. Қазақ КСР халық шығармашылығының концерті басқалардан біршама ерекшеленді, өйткені оған қазақтың халық әуендерін орындаушы, қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың шәкірті Дина Нұрпейісова сияқты кәсіби шеберлер қатысты, ол өзінің бірқатар шы­ғар­маларын, сондай-ақ ұстазының шы­ғармаларын орындады.

Дина Нұрпейісованың орындау­шылық шеберлігімен танысу ташкенттік көрерменнің қызығушылығын тудыр­ды, ол өзінің асқан шеберлігімен, плас­­­ти­калық жатық дыбысымен, жо­ғары шығармашылық шеберлігімен тың­­дар­мандарды баурап алып, «Бес республиканың халық арасынан шыққан талант-жұлдыздары» онкүндігінде бірінші орынға ие болды. Қазақстан ком­­позиторларының және соғыс жылдары өнер шеберлерінің тудырған бар­лық жау­­һары осы онкүндіктің концерт­терін­де көрсетілді.

Музыкатанушы, Ленинград консер­ваториясының профессоры, Өзбек КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Арон Островский Дина Нұрпейісованың өнеріне тәнті болып, былай деді: «Оның домбыра тартуда қол жеткізген асқан орындаушылық шеберлігі ғажап! Бұл керемет орындаушы небір әдісті қол­данады, осынау ежелгі аспаптан қандай әуен мен әуез шығарып отыр десеңші!».

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекет­тік филармониясының күйші-ком­позиторы Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйі кинопленкаға түсірілді, бұл ұлттық музыка үшін үлкен сәттілік, онда атақты домбыра шеберінің қай­таланбас өнері бейнеленген, мұнда ол Орта Азия музыканттарының ойнау тәсілдерінде кез­деспейтін өзінің техникалық тәсіл­дерін көрсетеді. Динадан жеке сабақ алып та, жазбалар бойынша да көптеген дом­бырашы үйреніп, тәлім-тәрбие алды, бірақ ол өзі құрған мектептің жалғыз өкілі, оның алғашқы қарлығашы да, классигі де бір өзі болып қалды. Бұл оның таланты мен шеберлігін қазіргі кез­де де көріп, естуге мүмкіндік береді, жас музыканттарға үлгі болады. Өйткені ол өзінің жүрек қалауына әрдайым адал болып, домбыра тартудың барлық қыр-сырын білді. Осылайша Ташкент онкүндігі қазақ композиторларының жоғары шығармашылық жетістіктерін және Дина Нұрпейісованың орындау­шылық өнерін әйгілі етті. Кейінірек Ташкентте оның музыкалық шығарма­лары жазыл­ған күйтабақтар шығарылды.

1944 жылы Қазақ халық аспаптары оркестрінің онжылдығын мерекелеу күндері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен оркестрге халық композиторы Құрманғазының есімі берілді және оркестрдің көптеген әртіс­теріне мемлекеттік наградалар табыс етілді, ал оны құрушы Ахмет Жұ­­ба­­нов пен оркестр әртісі Дина Нұр­пейі­со­­ваға Қазақ КСР халық әртісі атағы беріл­ді.

Қиын-қыстау жылдардан кейін көптен күткен Жеңіс күні келді. Күйші-ком­­позитор Дина Нұрпейісованың дом­­бырасы өз халқының ұлы салтанаты – жау­ды жеңген жеңісімізді шабытпен қарсы алды. Осы айтулы оқиғаға ол халықтың лықсыған қуа­нышы мен асқақтаған көңіл-күйін сый­ғызып, «Жеңіс» күйін арнады, бұл музыкалық шығарма оның шығармашылық еңбегі мен ұлттық мұ­расының биік шоқтығының бірі.

1945 жылдың шілдесінен бастап Қызыл Армияның әскерден оралған сарбаздары мен офицерлері туған өлке­леріне келе бастады, олардың ара­сын­да Дина Нұрпейісованың ұлдары да болды. Үлкен ұлы Жұрынбайдың кеу­десінде «Ерлігі үшін» медалі бар. Ол бұл медальмен Отанды қорғау және әскери борышын орындау кезінде көр­сеткен жеке ерлігі мен батылдығы үшін марапатталған. Жұрынбай бейбіт ең­бекке оралды, бірақ бейбіт өмірде ұзақ өмір сүре алмады. 1946 жылдың наурыз айында ұрыс даласында алған ауыр жарақатының салдарынан қайтыс болды. Оның үстіне екі ұлы – майданнан орал­маған Қожахмет пен жазғы каникул кезінде қайғылы қазаға ұшыраған кәмелетке толмаған Тілекқабылдың уайымы да оны жегідей жеп, ойсыратып кетті. Жұрынбай Нұр­пейісұлын ел-жұрты, Астрахан облысы әкімшілігінің өкілдері мен соғыс ардагерлері елін қорғаған жауынгеріне құрметін көрсете отырып, ақтық сапарға шығарып салды. Ол Астрахан облысы Краснояр
ауданы Азау ауылында жерленді.

Мұрат (Төлемұрат) Шәпекұлы Нұр­пейі­сов те соғыста ерлікпен шайқас­ты. Жауын­гер М.Нұрпейісов 1941 жылы май­данға өз еркімен аттанып, жауды жең­генше аянбай соғысты.  Мұрат Шә­пек­ұлы «Берлинді алғаны үшін» медалімен, жауынгерлік айбынның ең жоғары ордені – «Даңқ» орденімен марапатталды. Майданнан оралғаннан кейін М.Нұр­пейісов ұзақ уақыт КСРО ІІМ органдарында жұмыс істеді.

Композитор Дина Нұрпейісованың шығар­машылығын Мәскеу де жоға­ры бағалады. КСР Одағы Халық Комис­сарлары Кеңесінің жанындағы Өнер істері жөніндегі комитеттің және КСРО өнер қызметкерлерінің кәсіптік одағы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасында: «Құрметті Нұрпейісова Дина! 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезінде батыр Қызыл Армияның, Әскери-теңіз фло­­тының және ІІХК әскерлері бөлім­деріне мәдени қамқорлық жасау сала­сын­­дағы қажырлы еңбегіңізді атап өте оты­рып, Сізді Құрмет грамотасымен мара­­паттайды» деген жылы лебіз білді­рілген.

1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қазақ КСР халық әртісі Дина Нұрпейісова ел мен қоғам алдындағы, мәдениет пен өнер саласындағы зор еңбегі үшін, сон­дай-ақ қоғамдық өмірге белсене қатыс­қаны және Қазақстанның музы­калық мәдениетіне үлкен үлес қосқаны үшін екінші дәрежелі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Еңбек Қызыл Ту орденіне қоса Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы тапсырылды, онда «Жолдас Нұрпейісова Дина! Қазақ музыкасын дамыту ісіндегі зор еңбегіңізді ескере отырып, туғанына 85 жыл толуына және шығармашылық қызметінің 75 жылдығына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1946 жылғы 15 тамыздағы Жарлығымен Сізді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің осы Құрмет грамотасымен марапаттайды» деген күйші өнерінің мойындалғанын білдіретін жазба бар. Сол 1946 жылы Қазақ КСР халық әртісінің мерейтойын мерекелеу кезінде концерт қо­йылды, салтанатты іс-шараның бас­ты нөмірі мерейтой иесінің өнер көрсетуі болды. Әрбір уақыттың өзінің тарихи тұлғалары болады, оларды ұмытпау, білу және ұрпақ­тардың есінде қалдыру қажет, осыған байланысты 1947 жыл­­дың қаң­тарын­да қазақ деректі кино­сының негі­зін қалау­шы, режиссер Ораз Әбішев «Дина Нұрпейісова» атты деректі фильм түсіріп, онда Қазақ­стан тарихында мәңгі қалатын қазақ хал­қының ұлы қызының бейнесін сомдады.

Күйші-домбырашы Дина Нұрпейі­сова ұлттық музыканы насихаттаушы және композитор ретінде өз халқына және адам өмірін жырлаған, халқын жарқын болашаққа жетелеген елге қыз­мет етті. Күйшінің бұлжымас Өмір кодек­сі мен ұлттық өнерге деген ұста­ны­­мы, көзқарасы осындай болды, оның му­зыкалық шығармашылығы уақыт сы­нынан өтті. Динаның шығармаларын халық әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды және олардың күші әйел затының та­биғатынан туындаған жанға жайлы лири­калық көңіл күй мен қазақ халық музыкасының дәстүріне деген сүйіс­пеншілікте жатыр. Қазақ КСР-інің халық әртісі Дина Нұрпейісова өзінің есімі мен ұлттық домбыра өнерін тек қазақ емес, бүкіл түркі музыкалық өнерінің тарихына алтын әріптермен жазып қалдырды.

                                                           

Асылбек  СИТАЛИЕВ, 

өлкетанушы, педагог-зерттеуші