Қазақстан • 11 Маусым, 2021

Әуелі өз шаруаларымызды жарылқап алайық...

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысының ерте көктемнен бастап тыным таппай еңбектеніп жүрген диқандары егіндеріне ағын су бармай, еңбектерінің еш кеткеніне өкініп, зарын кімге айтарын білмей жүр. Үлкен үміт артып, полиэтилен жапқыштың астына еккен өнімдері қурап, шыққан шығынын қалай қайтарарын білмей отырған егіншілердің жағдайы қиын. Мұндай келеңсіздік жылда қайталанатындығы да белгілі. Шаруалар «ҚазСуШар» мекемесінен жанашырлық күтіп, жалынышты күй кешіп келеді.

Әуелі өз шаруаларымызды  жарылқап алайық...

2012 жылы қазіргі Жетісай ауданына қарасты Ералиев, Абай, Қы­зыл­құм және Ділдәбеков ауылдық округ­те­ріндегі 3100 шаруа қожалы­ғы­ның 13 мың гектардан астам егіндігін ағын сумен қамтамасыз ететін К-30 каналын қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары басталған. Каналдың жалпы ұзындығы – 30,6 шақырым. Соның ішін­де 25 шақырымы бетондалуы керек болса, оның 14 шақырымы, ал ішкі тармақтарының 175 шақырымының 52 шақырымы ғана бетондалған. Жос­пар­ла­нған 4 сорғы стансасының бірде-бірі қойылмаған. Жобаның тапсырыс берушісі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті. Мердігер ұйым – Kerneu Limited ЖШС құрылысқа бө­лінген 6,076 млрд теңгенің 3,6 млрд тең­гесін игерген. Алайда арада 10 жылға жуық уақыт өтсе де бүгінге  дейін құрылыс аяқталған жоқ. Ат­қа­­рылған құрылыс жұмыстарының сапа­сында көптеген кемшілік бар, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге түсіп, ішкі су жүйе­лерінің су өткізу қабілеті нашарлау үс­тінде.

Биыл 9 сәуір күні Эколо­гия, геология және табиғи ре­сур­с­тар министрі М.Мырзағалиев аудан­ға іссапары барысында Шардара су қой­масынан машиналық әдіспен алынған суды жеткізетін каналдың жағдайымен танысты. Сол жерде су шаруашылығына ­жа­уап­ты маман­дарға­ су сорғы насос­­тарының ағымдағы жөндеу жұмыстарын және каналдың су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған шараларды биыл 1 мамырға дейін аяқтауды тапсырған. Сонымен қатар бұл жобаға қатысты тиісті мамандардың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, мәселені түпкілікті шешу жолдарын қарастыратындығын айтқан.

Өкінішке қарай, бүгінге дейін аталған стансаның су сорғы­ла­рын ағым­дағы жөндеуден өткізу жұ­мыс­та­ры, каналдың су өткізу қабіле­тін арттыру шаралары аяқталған жоқ.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу коми­те­тінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі бұй­ры­ғы­мен 2021 жылдың 1 мамыры­нан бастап ағын судың бағасы 1 м3/с үшін ҚҚС-ты қосып есептегенде 421 тенгеден 740 теңгеге дейін көтерілген. Яғни баға бірден 76 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, аталған бұйрыққа сәйкес баға 2021 жылдың 1 тамызынан бастап тағы көтерілмек. Бұл шаруалардың нара­зы­лығын туғызып отыр. Олар ағын су бағасының сметалық құрылымы туралы сұрағына жауап берілмегеніне қынжылып, қабылданған шешімнің дұрыстығына сенбеушілік танытып отыр.

Ол аздай, өз шаруаларымызға су жетпей отырғанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің шешімімен Өзбекстан Республикасы тарапының су бөлу туралы өтініші ұдайы орындалып келеді. Жыл сайын 400-1000 млн текше метр ағын су Шардара су қоймасынан көрші мемлекетке кетіп жатыр.

Осы ретте Қазақстан тарапы да, атап айтқанда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өз халқымыздың жағдайын ойлап, Өзбекстанмен арадағы тату көршілік қарым-қатынасты негізге ала отырып, көрші елдегі Достық каналынан неге ағын су сұрамасқа?

Сонымен қатар жоғарыда аталған каналдың құрылысы 10 жыл ішінде аяқталмағандығы, ал атқарылған жұ­мыс­тардың сапасыз жасалғандығы үшін кім жауап береді? Бұл мемлекет қаражатын атқарушы органдардың тиімсіз пайдаланғандығының айғағы емес пе? Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­да­уында Үкіметке қатаң ескерту жасап, қаржыны үнемді және тиімді пайда­лануды талап еткендігі белгілі.

Міне, осы көкейкесті мәселе отба­­сының лайықты өмір сүруі мен ұрпа­ғы­ның келешегі үшін маңдай терін төгіп еңбек етіп жүрген мыңдаған шаруаны толғандырып отырғандығы анық.

                                                                                               

Құдайберген ЕРЖАН,

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі