Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 7-16 күндері аралығында Ақмола облысы полиция департаментінің көші-қон қызметінің бөлімшелері облыс аумағында шетелдік азаматтар жасаған құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қызметін құжаттандыру және ҚР-да болу ережелерін өрескел бұзушыларды елден шығарып жіберу үшін «Келімсек» жедел-алдын алу шарасын өткізуде.
Акция барысында базарларды, құрылыс объектілерін, қонақүйлерді, саяжай кенттерін, жатақханаларды және өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеру бойынша белгілі бір іс-шаралар кешені жүзеге асырылды.
«Жедел алдын алу іс-шарасының үш күнінде төрт шетелдік көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінен бір шетелдік сот шешімімен Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды. Бұдан басқа, Өзбекстан Республикасының азаматының ҚР ҚК 392 бабы бойынша ҚР Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені анықталды», деп атап өтті ведомстводан.
ҚР-да шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін өңірдің 23 тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды. Шақырылған шетелдіктер ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 518 бабы бойынша қабылдаушы тараптарға қатысты 75 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан басқа, тиісті құжаттарсыз облыс орталығының аумағында болған 14 шетелдік Көкшетау қаласы полиция басқармасының қабылдау-орналастыру орнына қамауға алынды.