Оқиға • 11 Маусым, 2021

Ерлан Тұрғымбаев Аяжан Еділованың өліміне қатысты пікір білдірді

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда кісі қолынан қаза тапқан Аяжан Еділоваға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ерлан Тұрғымбаев Аяжан Еділованың өліміне қатысты пікір білдірді

«Біріншіден, бұл жерде тергеудің егжей-тегжейін айта алмаймын, себебі іс Алматы қаласының арнайы прокурорларының өндірісінде жатыр. Біз күдіктінің ұсталғаны және оның қылмысты жасағаны туралы алғашқы ақпаратты бердік. Кез келген осындай қылмыстар үшін айыпталушының психикалық жағдайына күмән туындағанда әрдайым сот-психиатриялық сараптама жүргізіледі. Менің ойымша, бұл іс бойынша да сондай сараптама тағайындалады. Нәтижелерді Алматы қаласының прокуратура органдарынан біле аласыздар», деді Е. Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Еске салсақ, 19 наурызда Алматыда 19 жастағы бойжеткен жұмыстан шығып үйіне оралмаған. Кейін Аяжан Еділова өлі күйінде табылды .

Алматы қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, 20 наурыз күні қыздың әпкесі полицияға жүгініп, сіңлісінің жоғалып кеткенін хабарлаған. Бойжеткенді іздеу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылды.

Іздеу жұмысы кезінде қыздың сол күні әлеуметтік желіде танысқан жігітпен кездесуді жоспарлағаны анықталды. Кейін белгілі болғандай, бойжеткен сол бейтаныс жігіттің қылмыстық әрекетінен қаза тапқан . Күдікті - 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны.