Қазақстан • 10 Маусым, 2021

Жастар үшін баспаналы болудың қандай жолдары бар?

596 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пәтер жалдап тұру, баспанасыз жүру қазақстандықтар үшін қалыпты жағдай.  Үй алу оңай болып көрінгенмен, мәселенің мәні қаражатқа келіп тірелетіні анық. Бүгінде тірі болып тіршілігін қамдауға кіріскен әрбір азамат үй алудың сан мың жолын қарастырып, бағдарламалардың барлығымен танысуға әзір. Бірақ бағдарламаларға қатыса салып, үй алу да оңай болып тұрған жоқ.     

Жастар үшін баспаналы болудың қандай жолдары бар?

Жастардың Қазақстандағы үлесі жоғары екенін білеміз. Статистикаға сүйенсек 18 бен 29 жас аралығында жастардың саны 4,5 миллионға жуық. Жастарға білім беру, жұмысқа орналастыру және баспана беру мемлекет үшін  басым бағыт. Соңғы жылдары мемлекет жастармен олардың отбасына айтарлықтай көңіл бөлуі - үш бағыттың айқын көрінісі. Еліміздің барлық аймақтарында көпқабатты үйлер салынып, жастарға жеңілдетілген шарттармен беріліп жатыр. 

      Үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу бағдарламалары қарастырылған. Бұл бағдарлама жұмыс істейтін жас мамандардың уақытша баспанамен қамтуға бағытталған. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлерді 5 жылға дейін жалдап тұруға болады.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, елімізде жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана жобасын қаржыландыру 2025 жылға дейін ұзартылатыны жайлы айтты. Өткен жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарды қолдау мақсатында 4 мың баспана жалға берілді. Ал 2021 жылы жоспар бойынша 3 мың баспана бөлінеді.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ағымдағы жылы 3 мың пәтер беру мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар, бағдарламаны 2025 жылға дейін іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 2021-2025 жылдары «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жыл сайын республикалық маңызы бар қалаларда 3 мың жасты осындай тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда», деді Асқар Мамин.

Ол 2025 жылға қарай еліміздің жұмыс істейтін жастарына  15 мың пәтер берілетінін атап өтті.

Бағдарламаға қатысу үшін қойылатын талаптар:

  1. Жасы - 29-ға дейін;
  2. Атында жылжымайтын мүліктің болмауы;
  3. Ресми түрде жұмысы не кәсібі бар азаматтар;
  4. Жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі;
  5. Өтініш беретін қалада соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркелуін растау;
  6. Айлық табысы кемінде - 40 АЕК (2021 жылы - 116 680 теңге);
  7. Қазақстандық екінші деңгейлі банкте депозиттің болуы шарт.

      «Жас отбасы» бағдарламасы

2020 жылы 1 шілдеден бастап жас отбасыларды қолдауға арналған тағы бір бағдарлама іске қосылды. Жаңа бағдарлама отау құрғандарға арзан ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Ипотеканың алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6%-ке тең, одан кейін ол 5%-ке дейін төмендейді. Ипотека 6 жылдан 9 жылға дейін беріледі.

       Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар:

  1. Ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі Отбасы банкте «Жас отбасы» депозитін ашу;
  2. Бір жыл ішінде болашақта сатып алатын пәтер бағасының 50%-ін жинап, бағалау көрсеткішінің 5-ші деңгейіне жеткізу;
  3. Ерлі-зайыптының некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс.

Бағдарлама республиканың барлық аймағында тұрақты түрде жүзеге асырылады. Депозитке ақша жинау кезінде депозитке жылдық 2%-дық банк сыйақысы және 20%-дық жыл сайынғы мемлекет сыйақысы түседі. Бұған қоса, ерлі-зайыптының жасы мен отбасындағы балалар санына шектеу қойылмайды.

Бағдарлама шартына сәйкес, жас отбасы пәтерді жаңа және бұрын қолданыста болған тұрғын үйлерден сатып ала алады. Мұнымен қатар, жер телімін алып, үй салуына да болады.

 

 Сүндет Оралбеков