Өнер • 13 Маусым, 2021

«Макбет» қуыршақтар бейнесінде тіл қатты

456 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұған дейін Алматы Қуыршақ театрының көрермендеріне «Ана – Жер-Ана», «Ромео – Джульетта» спектакльдерін ұсынған жас режиссер Дина Жұмабаева бұл жолы да «Макбет» пьесасын театрдың арнайы шақыруымен сахналады.

«Макбет» қуыршақтар бейнесінде тіл қатты

Режиссердің аталған үш спектаклі де ересек көрермендерге арналған. +18  деген ескертпесі бар қойылым премьерасы расында да балалардың келуіне шектеу қойып, шымылдығын естияр топтағы көрермен шоғыры үшін ашты.  Әйтпесе, «Макбет және  бала», «Макбет және мейірім» үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кереғар ұғымдар. Өнер зерттеушілері мен әртістер қауымы «Шекспир трагедияларының ішіндегі трагедиясы» деп осы «Макбетті» айтады. Жұмбағы мол, адам бойындағы қатыгездікті ашық суреттейтін пьеса өзін талантты санаған режиссерлердің назарынан ешқашан  тысқары қалған емес. Бұл әлемдік драматургиядағы ең қысқа жа­зылған пьесалардың бірі саналады, бірақ республика театрлары тарихында «Макбетті» қойғандары некен-саяқ. Себебі сахналау барысында ба­тылдықты, біліктілікті қажет ететін күр­делі мистикалық туынды болғандықтан, режиссерлердің тісі бата бермейді, тіпті қоюға жүрегі дауаламаған, қол созып, құлшыныс таныта қоймауының сыры да сонда жатса керек.

«Шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш... Батыл әрі асыл адамның зұлымға айналуы оны құмарлықтың құлы етеді. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшыраған Макбет ұрпақ сүю жолында соқыр  үміткесеніп, қолын қанға бояйды. Алайда бала сүю – тек қана Жаратушының қалауымен болатын айырықша құбылыс екенін ұмытпаған абзал. Адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттеген ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатпақ» деп жазылған екен пьеса бағдарламасындағы аннотациясында.

Иә, дәл солай, жаңа спектакльді ұсынған театр ұжымы көрерменмен «Тұлға және билік» дейтін мәңгілік тақырыпқа диалог құрғысы келген сыңайын әуелден байқатты. Адамзат пайда болғалы бірге келе жатқан таққұмарлық, таққа талас түпсіз терең тұңғиыққа батыратын сипатымен театр сахналарының сүйікті тақырыбына айналғалы бері «Макбет» көрерменге мың қырымен сәуле шашты. Әр адамның жеке көзқарасымен безбенделетін бұл мәселе қай жағынан болсын арнасы кең, айтары мол, терең мағынасымен тартымды. Ар мен шексіз биліктің арасынан тепе-теңдік пен келісім табуға бола ма? «Иә, табуға болады» дейді ішкі бір үн, алайда өмірдегі  шындық басқа. Биліктің уысына бір түсіп, дәмін татқан адам үшін туысқандық пен достық күлге айналып, әміріне бағынатын әлсіздерге үкім жүргізу өмір әділетсіздігін тереңдете түспек.

«Макбеттің» оқиғасы өте ауыр. Режиссер бір ғана линияны – махаббат, отбасы желісін ғана алып, негізгі басымдықты патшаның өзіне емес, әйеліне бағыттаған. Спектакльдің фабуласы – ұрпақ сабақтастығының үзілуі. Перзент сүйе алмаған әйелдің қайғысы – оқиғаны өрістететін қасірет өзегі. Қарсыластары жасы келген Макбетті тағынан тайдырмақшы, себебі оның артында ізін басатын ұрпағы жоқ. Леди Макбет сүйіктісіне бала сүйгізе алмайды, ал Макбеттің қасіреті тағына ие бола алар ұрпа­ғы­ның жоқтығы. Алайда мұрагері жоқ бола тұра, тақта қалуды ғана көксеген Мак­бет мақ­саты жолында қаншама жанға өлім құш­тырады. Мак­бетті қатігездікке итермелеген әйелі, кейін оның зұлымдығын тоқтата алмай, қина­латын да өзі.

«Үйге қонаққа келгенде, у беріп өлті­ре­міз. Сөйтіп сен патшалығыңды жал­ғас­­тыра бересің»  деген әйелінің ақылы бү­кіл патша­лықты астан-кестен етті. Сахна кеңіс­тігінде уақыт пен дәуір астасып кеткен – шындық қайсы, Макбеттің елесі қайсы, ажырату мүмкін емес. Сол себепті де спектакль «Макбет. Иллюзия» деп аталады. Траги-фарс жанрындағы қойылымда иллюзияның элементтері өте көп. Спектакль Макбет пен леди Макбетке ғана құрылғандықтан, тірі планда жүрген екеуі ғана. Ал Макбеттің басын айналдырған жындар, қуыршақ бейнесіндегі қалған кейіпкерлердің барлығы тірі жан емес – елес. Сахнада болып жатқан оқиғалар Макбеттің өтіп кеткен шағындағы елестер, аң-құс бейнесіндегі жынның жетегінде жүрген Макбет өз ісіне есеп бере алмайды. Елестің соңында жүріп өз өмірін қалай қасыретке айнал­дырғанын, өзін қалай өлімге апарғанын білмей қалады.

Макбет өмірге бейім болып жаралмаған. Ол адамдарды өлтіргеннен, өзін кінәлі сезіну­ден, өзін өзі азаптағаннан әбден шаршаған. Өмір сүруден шаршаған. Өзін ақтауға шамасы да жоқ. Жансыз кеудесін сүйретіп жүр­ген тірі өлік. Өз жаратылысынан мағына тап­қысы келеді, әлемді өзгерткісі келеді немесе оны біржола жермен-жексен жасағысы бар. Спектакльдің «түсі» ақ пен қараға құ­рыл­ған. Актерлердің үстіндегі қара киім адам­ның бойында итжығыс түсіп жататын ізгілік пен жамандықтың символы ретінде алынғаны анық. Күңгірт залдың ортасына орналасқан самаладай жарық түскен сахна ақ пен қараның айқасқан алаңына айналған. Сахна тынысы сезілу үшін оқиға айнала қоршай отырған көрермендердің ортасында өтіп жатыр. Әсіресе қатыгез Макбет ханымның сахнаны қызыл ала қанға бөктіргені жуса да кетпейтін күнәсі секілді әсерлі қабылданды. Бір адамның әлемдік жүйені өзгерте алмайтыны секілді, бір патшаның да бүкіл кеңістікті билей алмайтынын көрсеткен қойылымда Макбет емес, алдыңғы планда оның әйелінің жан күйзелісі көбірек көрінді. Жанар Мақашеваның кейіптеуіндегі әйел көрер­меннің жанашырлығын, аяушылығын тудырмай қоймайды. Қатыгез, өркөкірек патша мінезінің өтеуі перзентке зар болған әйелдің өкінішіне ұласқан. Қойылым соңы шыңырауға жетелейді, бәрінен биік санаған билік өзімшіл ерлі-зайыптыларға аңсаған бақытын сыйлай алмады, жан жолдасына айнал­ған жалғыздықтан екеуі де құса болды. Кейіпкерлерін аяуды білмейтін Шекспирге ғана тән ғажап түйін мұнда да көрініс тапқан. Жер бетінде қатыгездік пен зұлымдыққа жол жоқ. Ол міндетті түрде жазасын алуы тиіс.

Мәдениет саласының үздігі, «Сахнагер» ұлттық байқауының «Үздік қуыршақ әртісі» аталы­мының иегері Болат Момынжанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөс­пірімдер театрынан арнайы шақырылған Жанар Мақашева өз  образдары арқылы бас­қа театр әртістерімен әріптестік байланысты нығайту, сабақтастықты жалғау, бір-бірі үшін актер­лік шеберлік сабағын өткізу сияқты  жаңа үрдістің үлгісін көрсетті. Яғни әртіс тек өз төл театрының сахнасымен ғана шектеліп қалмай, басқа сахнада да, басқа ұжымның ортасында да өз шеберлігін сынап көрудің таптырмас мүмкіндігіне қол жеткізді. Жанар Мақашева өз рөліне үлкен ізденіспен келген. Кейіпкер мінезінің кішкентай деталіне дейін елеусіз қалдырмай, көңіл күй мен әрекеттің ауқымды амплитудасын шынайы көрсете білді. Ал Болат Момынжанов өзіне белгілеп берген мақсатты жай орындап қана қоймай, өз кейіпкерінің психологиялық табиғатын терең түсініп, көрерменге жеткізуде оқиғаның әр сәтін жүрегінен өткізгені сезілді. Қуыршақ жүргізушілер Айдын Жақыпбаев, Мақсат Камалов, Руслан Әбу, жындардың басшысын сахналаған Гүлім Рахимова кейіпкерлерінің дауысын, қимылын дөп келтіріп, өз образдарын шеберлікпен орындап шықты.

Д.Жұмабаеваның «Макбеті» сөз жоқ, клас­сикаға жаңа көзқарас. Драма театрларының сах­насында сирек те болса қойылып жүрген «Макбеттің» Қуыршақ театрының сахнасына келуі үлкен жаңалық болды. Макбетті қуыршақтардың бейнесімен сахналау, расында да көрермен күтпеген тосын эксперимент.

 

АЛМАТЫ