Балдәурен шағымның, алаңсыз алау кезiмнiң iзi қалған қараша ауылдағы орта мектеп көзге аса ыстық. Көңiл көгершiнi қалықтаған сағынышты сәттерде жанымызға бiлiм дәнiн сепкен, бойымызға iзгiлiк нәрiн дарытқан, үлкен өмiрге қанаттандырып, биiкке ұшырған жылы ұямыз еске жиi оралады. Жан-жүрегiңдi езiле елжiретiп, нағыз ностальгия сазына бөленiп, айрықша серпiлiп шыға келесiң-ау. Тұла бойыңа бөлекше қуат берген туған жердiң төсiнде асқақтаған бiлiм шаңырағының әр кездегi кескiн-келбетi көлбеңдеп, жанарыңа сүйiктi ұстаздарың мен парталастарыңның мәңгi өшпес асыл бейнелерi жетiп келерi сөзсіз. Бiлте шамның жарығымен бiлiм алған түкпiрдегi ауылдың түлектерi бұл күнде тәуелсіз Қазақ елiнiң әр қиырында жүр. Олардың әрқайсысы хақында толғана, ақтарыла сыр өрбiтiп, ұзақ сонар әңгiме шертуге әбден болады. Солардың бірі бүгінгі таңда аты-жөні ауыл, аудан аймағынан асып, ұлан-байтақ елімізге танымал болған ғалым Ғалиолла Төлендіұлын бірқатар шетелдік әріптестері де өте қадірлеп, құрметтейді. Есімі халықаралық деңгейде аталатын жерлесіміздің ғылымдағы үлкен ізденіс жолын бірден сөз етпей, ол өскен, оқыған ордалы ортаға зер салуымыздың мәні зор. Дана халқымызда «Жалғыз ағаш орман емес» деген дара тәмсіл бар. Балалықтың кәусар бұлағына ой жүгіртіп жатқанымыз да сондықтан...
Реті келгесін, есiмдерiн бүкiл республика бiлетiн, дүйiм жұрт жақсы танитын бiр ұяның түлектерi – Көпбiрлiк ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептiң кешегi шәкiрттерiн, топжарған саңлақтарын атап өткенді дұрыс көрдім. Тоқсанның төріне көтерілген белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, қос майданның ардагері Әли Изотов аға бастаған, Мұғалімбай Жылқайдаров, Тұраш Мұқанов, Көбес Ақылбаев, Төкен Омаров, Маман Шешенханов, Ғалиолла Мейірманов, Кенжемұрат Дүкенбаев, Несіп Жүнісбайұлы, Серікжан Исаев, Тілеу Шаймұханов, Әміре Әрін тәрізді тегеурінді тұлғаларды барша қауым таниды. Әрине әрқайсысы өз саласының сардары, өз кәсібінің қаһарманы, өз ісінің үздігі.
Ал біздің әңгімемізге арқау болып отырған Ғалиолла Мейiрманов (кластастары мен жерлестерi оны үнемi Қабда деп екiншi есiмiмен атайды) – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигi, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Сон-ау-у
бiр жылдары ғылымның қадiрi қа-
шыңқырап, беделi мен абыройынан айырылыңқыраған тұста Алаштың бiртуар ардағы, өзiмiздiң Шерағаң – Шерхан Мұртаза: «Қазiр таяқ лақтырсаң академикке тиедi» деп жазғанындай, кезiнде екiнiң бiрi академик атанғаны ақиқи шындық болатын. Жауыннан кейін саңырауқұлақтай қаулаған «академиктердiң» аты-жөндерiнен шатасқанымыз да рас. Министр де депутат та, директор да, бизнесмен де қонышынан басты... Ғылымға өңмеңдеп ұмтылып қана қоймай, тіпті «модаға» айналдырды емес пе?! Кеуде соққан сол шiркiндердiң ғылымға қосқан мысқалдай болсын жаңалығын есiмiзге түсiре алмай қиналатынбыз. Оны күлбiлтелеп жасырудың еш сылтауы жоқ. Нағыз ғалымды, нағыз академиктi дәуiрдiң өзi, уақыттың қатал тезi екшейдi.
Құдайға шүкiр, Ғалиолла әлгi белгісіз әлжуаздардың санатынан емес, керiсiнше әйдiк ойлы оғландардың сойынан. Оның ашқан ғылыми жаңалықтары уақытында Одақтық, шетелдік ғалымдардың назарын өздерiне аударғаны мәлiм. Ұзақ жылдарғы маңдай терiнiң нақты тәжiрибесiмен дүниеге келген, талай мәрте сүзгiден өткiзiлiп барып күнделiктi өмiрiмiз бен тiршiлiгiмiзге енгiзiлген жаңалықтар. Соны да, тың iзденiстер жемiсi. Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетiнiң түлегi бүкiл ғұмырын өзi құлай қалаған мамандығына арнаған. Мал азығы дақылдарының генетикасы мен селекциясы туралы 140-тан астам ғылыми еңбектiң авторы. Жоңышқаның, түйе жоңышқаның және күрiштiң 22 жаңа сортын шығарған. Ғылым мен өндiрiстi үйлестiре ұштастыра бiлген дарынды ғалым. Арал өңiрi агроэкологиясы және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ егiншiлiк ғылыми-зерттеу институтында лауазымды жауапты қызметтер атқарды.
Айтқанда, мектепті күміс медальмен бітірген Ғалиолла Қазақ ауыл шаруашылығы институтындағы агрономия факультетiнде үздік оқығаны үшін Лениндiк шәкiртақы тағайындалып, оқу орнының мақтанышына айналды. Ауыздығымен алысып, өрге шауып тұрған бұла талантты танып, қабілет жолын ашып беру – үлкен кiсiлiк. Шәкіртін ғылыми жұмысқа бейiмдеп, кандидаттық диссертациясына тiкелей басшылық жасаған ұлағатты ұстаз, үлкен ғалым Ағыбай Алманиязов болатын.
– Бiздiң оқыған шағымыз генетика ғылымының қайта жандануымен тығыз байланысты өттi, – дейдi қазiр академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ғалиолла Мейiрманов.
– Осы пәндi аса қызығушылықпен оқыдық. Генетиканы өз мәнiнде түсiнуiмiзге Ағыбай Алмасұлы зор ықпал еттi. Сондай-ақ студент кезiмiзде дәрiс берген атақты профессорлар: Х.Арыстанбеков, С.Харин, О.Троицкая, Б.Қалымбетов, И.Сүлейменов, А.Дорофеев, Т.Тазабеков бiздiң көңiлiмiзде ұмытылмастай болып қалды.
Институтты бiтiрген соң Ғалиолла аспирантурада оқи жүрiп, Алматы маңындағы «Жаңашар» оқу-тәжiрибе шаруашылығын басқарды. 1974 жылы ол «Жоңышқа сорттарының әртүрлi будандастыру комбинацияларындағы будандардың гетерозистiк әсерi» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесiн алу үшiн диссертациясын сәтті қорғады. Одан кейiн де жас ғалымның қол қусырып отырған мезеттерi кездеспесе керек. Ғ.Мейiрманов осы жылдар аралығында жүргiзген тәжiрибе жұмыстарының негiзiнде 1990 жылы Новосiбiр ауыл шаруашылығы институтында «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша «Жоңышқа селекциясын инбредтi линияларды қолдану арқылы жүргiзу» атты тақырыпта ғылым докторы дәрежесi үшiн диссертация қорғады. Оның ғылыми еңбегiн талқылауға КСРО Ғылым академиясының академигi, Цитология мен генетика институтының директоры В.Шумный, ВАСХНИЛ-дiң академигi, ВАСХНИЛ Сiбiр бөлiмшесiнiң президентi П.Гончаров, Украина егiншiлiк ғылыми-зерттеу институтының бөлiм меңгерушiсi, профессор А.Бобердiң қатысуы, пікір бөлісуі, ой таластары, қарама-қайшы ұйғарымдар мен келiсiмге келу бұл еңбектiң ғылым мен дәуiр талаптары үшiн аса қажеттiлiгiн көрсетедi. Сонымен қатар осы диссертацияда жоңышқа селекциясымен бiрге нақты нәтиже ретiнде «Қапшағай-80» және «Дархан-90» атты жаңа сорттар сұрыпталып ұсынылғаны көп жайды аңғартса керек.
Ұстамдылығы мен iскерлiгiн, бiлiктiлiгiн бағалаған әрiптестерiнiң ұсынысымен Ғалиолла Мейiрманов 1991-1993 жылдары Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясы президиумында бас ғылыми хатшының орынбасары, бөлiмшенiң академик-хатшысы қызметтерiн атқарды. 1993 жылы ол Қызылорда ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтына директор болып ауысты. Атақты ғалым, тәжiрибелi басшы, тындырымды ұйымдастырушы тұлға, азамат ретiнде қалыптасуына Сыр өңiрiндегi жылдары ерекше әсер еткенi анық. Сол уақыттағы жаппай жекешелендiру тұсында ілкімді басшы болашақты ойлап, талан-таражға түскелi тұрған тәжiрибе шаруашылығын сақтап қалып, 2000 бас қаракөл қойды тұқымдық қор есебiнде ұстауға шешiм қабылдады. Ол Арал өңiрi аймағын экологиялық дағдарыстан шығарып, ауыл шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзiмдi бағдарламасын жасап, жергiлiктi халықтың тұрмыстық-әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, облыс экономикасының дамуына жаңа тыныс беруге атсалысқанын жұртшылық бiледi. Өйткені тындырылған игілікті істің іздері сайрап жатыр.
Жасөспiрiм кезiнен жанына жақын Алматыға Ғалиолла 2000 жылы қайтып оралды. Содан берi Қазақ егiн шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, қазiргi Егiншiлiк және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығында жемісті қызмет атқарып келеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi Ғалиолла Мейiрмановтың жүз қырықтан аса ғылыми еңбектерi жарияланыпты. «Жоңышқа» аталатын іргелі монографиясы бар. «Қапшағай-80», «Қапшағай-84», «Дархан», «Семей», «Жанақ», «Көкорай», «Өсімтал» секiлдi жоңышқа түрлерi, «Сарайшық», «Аркас» iспеттi түйежоңышқа түрлерi, «Арал-2000», «Аружан» тәрiздi күрiш түрлерi республика егiн алқаптарында өнiм бередi. Бұл жаңалықтарға Ғалиолла ғалымның қосқан өзіндік үлесі айтарлықтай.
– Жер бетiнде әртүрлi мамандықтар иесi аз емес, – дейдi профессор Ғалиолла Мейiрманов. – Ғылым мен өндiрiстiң дамуына қарай олар көбейе беретiнi белгілі. Ал ауыл шаруашылығы мәңгi мамандыққа жатады. Ол адамның өмiр сүруiне қажеттi тамақ және шикiзат өндiрумен тығыз байланысты.
Ауыл шаруашылығы ғылымына елеулі үлес қосқан беделді ғалымның ғибратты ұстаздық жолы хақында да айта кеткен орынды. Халық алдында есеп берер мерейлі сәтте Ғалекеңнің білікті маман кадрлар мен өкшесінен ерген ізбасарлар дайындаудағы ұстаздық еңбегі жемісті де, қомақты. Оның ғылыми жетекшілігімен 7 аспиранты кандидаттық және 4 тәлімгері докторлық ғылыми дәрежесін алды. Олармен бірге селекционерлер, генетиктер, биологтер мектебін ашуға бірден-бір ұйытқы болды. Тәжірибелі ғалымның осындай игілікті істері өз республикамыздың шеңберінде қалып қоймай, біраз шетелдерде де жалғасын табуда. Қазақстандық ғалымның ұзақ жылдарғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жоңышқа сорттарымен іргелі елдердің ғылыми мекемелері арнайы танысып, ерекше қызығушылық білдіруі бекер емес. Академик Ғалиолла Ресей, Аустралия, Қытай, Аргентина, т.б. мемлекеттерінде болып, талай рет дәрістер оқыды.
Бүкіл тіршілік-тынысы, керек десеңіз бүкіл болмыс-бітімі мен тағдыр-талайы туған елінің қасиетті топырағына байланған жанкешті ғалымның ғибратты да, өнегелі жолы, өзіне ғана тән сара сүрлеуі тек ілгері тарта беретініне күмәнсіз сенемін. Қаршадайынан ғылымның қия жолына түскен ол талай бел-белестерден өтіп, өзі мақсат-мүддесі санаған биіктерге беттеп барады.
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты