Ы.Алтынсаринның қызметі туралы, көзқарастары жайлы М.Әуезов, С.Мұқановтан бастап мұқият зерттеген мақалалар, құнды монографиялар бар. Дегенмен әр заманның өз Абайы, өз Шоқаны болғаны сияқты, әр заманның өз Ы.Алтынсарины бар. Патша өкіметінің чиновниктері, орыс миссионерлері, қазақты орыстандырушылар, христиан дініне шоқындырушылар үшін Ы.Алтынсаринның өзіндік бейнесі болды. Кеңес заманының алғашқы жылдарында оған қазаққа жат, ұлттық, діни тәрбиеден аулақ, орыс, Батыс мәдениетін таратушы деген пікір қалыптасса, кейінгі жылдары оның мұрасы таптық идеология тұрғысынан сараланып, байларға қарсы күрескен қайраткер, тіпті атеист деген мінездеме берілді.
Алтынсарин орысшыл болды ма?
Ы.Алтынсарин 1889 жылы дүние салғанда, оның орыс жолдастары: «Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз халқының ішіне еуропалық өркениеттің жарығын таратты және оларды Ресейді сүюге шақырды», деді.
1926 жылы 29 қазанда Ташкентте тұнғыш жоғары қазақ педагогика институтының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде көрнекті ұлт қайраткері, әдебиетші, жазушы, көсемсөзші Смағұл Сәдуақасұлы Ы.Алтынсарин туралы пікірін білдірді. Оны сол қалпында бергенді жөн көрдік: «Во-второй половине прошлого столетия жил казак, (ол кезде қазақты орысша казак деген) некто Алтынсарин. Он первый из казаков приобщился к русской культуре и не на страх, а на совесть служил помощником православных миссионеров. Он первый был организатором, так называемых, русско-киргизских школ, поборником русского шрифта для казакской письменности. Он был другом и правой рукой ученого миссионера Ильминского.
И вот этот Алтынсарин перед смертью распорядился не пропускать к себе ни одного русского, даже своих друзей. Этот атеист в жизни оставил завещание, чтобы на его похороны были приглашены 99 мулл. Да, эта была трагедия просвещенного казака, может быть, теперь для нас совсем непонятная трагедия, заключавшаяся в том, что в результате многолетней совместной работы с русскими, он все-таки, в конце концов, пришел к заключению, что миссионеры ничего хорошего не желают для казакского народа. Может быть, его угнетенное казакское сердце в последнюю минуту не выдержало собственного преступления, и он отказался от товарищей, с которыми много лет работал вместе». Смағұл Сәдуақасұлы осындай мінездемені Шокан Уәлихановқа да береді.
«Был у нас и другой казак, не менее способный и не менее известный в свое время – это Чокан Валиханов. Он был искренним проводником русской колониальной политики на Востоке». Ол да өмірінің соңғы кезінде достарынан бас тартып, әдемі орыс әскерінің офицер киімін тастап, кең қазақ киімін, аяғына ауыр дала етігін киіп, қашықтағы қазақ ауылында дүниеден озды. Ыбырай мен Шоқан тағдырынан бүгінде оңды қорытынды жасауымыз керек, орыстандыру саясаты түбінде орны толмас зақымға, жарақатқа әкеледі деп сақтандырады Смағұл Сәдуақасұлы. Дегенмен орыстандыру дертіне кейін қазақ халқы терең шалдықты. Бүгін де бұл дерттен арылу оңай болмай отыр. Бұл, әрине, бөлек мәселе.
Дегенмен жиырмасыншы жылдары қазақ қауымы әлі де Ы.Алтынсарин шығармаларымен, оның тәлім-тәрбие жұмыстарымен жете таныс емес еді. Ал ол тұста орыс тіліндегі әдебиетте, әсіресе революцияға дейінгі мақалаларда Ы.Алтынсарин тұлғасы бір жақты, Ресейдің отаршылық саясатын жүргізуші, қолдаушы ретінде баяндалғаны белгілі. С.Сәдуақасовтың Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов туралы ой-пікірі олар қазақтарды тек орыс рухына тәрбиелеуші деген біржақты ақпаратқа негізделген.
Ы.Алтынсаринның қазақ ұлты үшін орны бөлек: қазақ педагогикасының негізін қалаушы, ұлы ағартушы, білім ісінің үйымдастырушысы, фольклорист, ақын-жазушы, журналист. Ы.Алтынсаринның педагогикалық мұрасын, методологиясын саралау оны басқа этнопедагогикалық жүйелермен салыстыруды қажет етеді.
Ұлттық психология және ұлттық тәрбие
Әлеуметтік антропология ілімінің өкілі британдық ғалым Дж.Горер «пеленочный», қазақшаласақ «құндақтау» тұжырымын ұсынады. Оның айтуынша, орыстарға сәбилерді жөргекте қатты, қол аяғын тырп еткізбейтін етіп бөлеу тән. Бұл балалардың қайратты, ұстамды болып өсуіне әкеледі, ал еркіндікте олар тіпті жарақат алып қалуы мүмкін. Сондықтан орыстар балаларын шамалы уақыт қана еркін ұстап, суға шомылдырып, олармен ойнайды. Осыдан келіп Дж.Горер орыс мінезін екі баламалы кезеңмен байланыстырады: ұзақ уақыт қимылсыздық, сылбырлық және оған қарама-қарсы сілкініс, белсенділік. Орыстың ұлттық мінезі орыс халқының тарихынан, бүгінгі Ресейдің ішкі және сыртқы саясатынан көрініс алып отыр, дейді ол. Көптеген орыстың жан дүниесі, оның ойынша, депрессия, жабығу, жабырқаулар арасындағы қарқынды, екпінді қызу мен белсенділіктен турады. Бұл әсіресе Ресейдің саяси өміріне тән: ұзақ уақыт көніп, бойсұнып келеді де кенет күшті, қарқынды революциялық қозғалысқа ауысады.
Әлеуметтанушылар мен педагогтер бұл теорияны сынаумен келеді. Бірақ «орыстың жаны – құндақталған жан» деген тұжырымдаманы қолдаушылар да бар. Баланы бөлеу әлемдік бала тәрбиесінде кең тараған салт, бірақ орыс мәдениетінде бұл үлкен күш алған деген ой басым. Керенау, енжарлық пен екпінді, қызулы әрекеттер орыс тарихында алмасып жатады. Сонымен «жөргек комплексіне» байланысты бүгінгі әлемдік педагогикада мынандай пікір айтылуда: егер ұлттардың психологиясы дараланып, өзгешеленіп тұрса, оларды тәрбиелеуде де өзгеше тәсілдер болмақ. Орыстар үшін оның жолдары әртүрлі: бүгін гуманистік тәрбиеден фашистік тәрбиеге дейін пікірлер айтылуда. Бұл енді Ресейдің бас ауруы.
Қазақ халқының психологиясында да қарама-қарсы баламалы құндылықтар алмасып жатыр. Ұлан-байтақ кең далада соғыстар мен жаугершілік рухы халықты бейбітшілік өмірге ертерек бейімдеді. Жаулап алушылық, жорықтар этномәдени шеңберінде қорғау және өзін өзі нығайту идеяларына ұласты. Қазақ даласында бытыраңқылық, өзара араздық пен бірігушілік идеялары алмасып отырды. Елдің бірлігі тек халық басына ауыр күн туғанда, қиын қыстау жылдарда ғана бой көрсетіп, басқа кезеңдерде рулық, тайпалық қайшылықтар белең алып, бірлік уақытша сипатта болғаны белгілі. Бірлік – бүгін де қазақ үшін күрделі мәселе, рухани капитал.
Алтынсарин ел басын біріктіру, халықтың келешегі үшін екі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы, екіншісі – халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оған оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырған мұралары куә.
Педагог үшін қазақ ұлты қарама-қарсылықтардың ажырамас бірлігі. Сондықтан оның шығармалары «жамандық пен жақсылық», «достық пен алауыздық», «сараңдық пен жинақтылық», «тәкаппарлық пен қарапайымдылық», «өнер, білім мен надандық», «әділдік пен әділетсіздік» сияқты қарама-қарсылық негізінде, жамандыққа жақсылықты, адамгершілікті қарсы қою арқылы қазақты бірлікке тәрбиелейді.
Дені саудың жаны сау ма?
Алтынсаринның «Бай мен кедей баласы» әңгімесі ел көшіп кетіп, жұртта ұмытылып қалған екі баланың бастан кешкен бір тәуліктегі оқиғаны суреттеуге арналса да, тереңірек қараған адамға автордың ой түйінінде көптеген сыр жатқанын аңғаруға болады. Ол «дені саудың – жаны сау» деген қағиданы жоққа шығарады. Жастары қатар, дендері сау балалардың бірі ақылдырақ, екіншісі ақылсыздау болуын олардың екі таптан шығуымен түсіндіру ең оңай жолы. Асанның да, Үсеннің де естері дұп-дұрыс, дендері сап-сау, биологиялық, психологиялық ауытқушылық жоқ, бірақ жан-дүниелері әртүрлі. Өмір құндылықтарымен бетпе-бет келгенде, Асанның әлсіз, рухани мүгедектігіне кім кінәлі? Үсеннің өз құрдасынан асып түсіп, бетпе-бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуінің себебі неде? Негізінен тұрмыс, әлеуметтік жағдайға байланысты. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен ақысыз-пұлсыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке, бейшаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс Үсенді күрескер етті. «В здоровом теле – здоровый дух» деген сөзді көне римдік сатирик Ювенил тілек ретінде айтқан екен: «Дай бог, чтобы в здоровом теле был «здоровый дух» деп, құдай қалап, «дені саудың жаны да сау болсын!» деген тілек.
Педагогика ғылымы осы сөзді кейін бұлтартпайтын қағидаға айналдырып, дені сау адамның жан-дүниесі, рухы да биік болады, жан саулығы ден саулығынан туатындай себеп-салдар байланысына негіздеді. Бұл қағиданы теріске шығарған неміс педагогтері болды, себебі неміс фашистері негізінен дендері сау адамдар еді. Бүгін елді үрейлендірген террористер де қол-аяғы балғадай жігіттер мен қыздар емес пе? Ал Ы.Алтынсарин бұл тұжырымға қазақы тұрмыс негізінде XIX ғ. екінші жартысында келді.
Орыс отаршылдығы билеп-төстеп тұрған заманда орыс мәдениетіне көзқарас Ыбырай мен Абай үшін ең бір көкейкесті мәселе еді. Абай Жиырма бесінші қара сөзінде, «Орысты оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр». Бұл орыстан басқа халықтарда өнер, ғылым, білім жоқ дегенді білдірмейді. Қазақ орысқа тәуелді болғандықтан, орыстың зорлық-зомбылығынан, қысымынан аман қалу, орыспен тепе-тең, бәсекелесте болу үшін орыстың тілін, мәдениетін меңгеру қажет. Абай былай дейді: «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек». Айта кетейік, Абайдың осы сөздерін орыс тіліне аударушылар «зарарынан қашық болу» дегенді орысқа емес, қазақтың «зарарынан қашық бол» деп аударады.
Ұстаз Алтынсарин Орынбор басшыларына бір жазуында қазақ халқының арасында өзінің көрші халықтарының тілін білуге, олардың жазуын үйренуге ұмтылушылық күшейіп келе жатқандығын, қазіргі экономикалық және саяси жағдайының өзі аяқтарын аттап басқан сайын орыс тілін, орыс жазуын білуді қажет етіп отырғанын баяндайды. Сондықтан қазақ мүддесі және үкімет мүддесі жағынан қарағанда да қазақ даласында орыс-қазақ мектептерін тез тарату қажет-ақ болар еді, деп түйеді. Дегенмен патша өкіметінің орыстандырушы саясатына Ыбырай қарсы болды. Оның «Қазақ хрестоматиясы» қазақ балаларына бейімделгенін, лайықталғаннын көреміз. Оған енгізілген әртүрлі әңгімелер Паульсон, Ушинский, Толстой, тағы басқалардан алынған. Ол әңгімелер орыс тілінен аударма емес, оны ерекше қазақшалап, қазақтың қазанында қайнатып, қазақ өміріне жақындатып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды мақсат еткендігіне ғалымдар назар аударады. Сондықтан ол шығарма «Алтынсарин әңгімелері» деп орынды атал-
ған, ол ұлттық тәрбиеге негіз болды.
Ы.Алтынсаринды орыстандырушы етіп көрсету миссионер Н.И.Ильминскийлердің ниеті болса керек. Миссионерлер бұрын да, бүгін де, әсіресе діни миссионерлер пиғылын жасырып, жергілікті халықтың қолымен от көсеу арқылы мақсаттарына жетуді көздейді. Сондықтан орыс алфавитін орыс-қазақ мектептерінде енгізуде оның есімін бетке ұстап насихаттаған. Ыбырайдың тәрбиесін алған ұлт жастары миссионерлер ойлағандай патша өкіметінің ықпалын қазаққа таратуға күш салады, олар алған білімдерін қазақтың мәдениетін өркендетуге, білімін өсіруге жұмсады.
С.Сәдуақасұлы миссионерлердің әрекеттері сәтсіз аяқталғанын айтады. «Орыс-қырғыз (қазақ) мектептері оны құрушылардың ниетіне қарамастан негізінен тұтастай басқаша дамыды, өкімет ойлағандай болмады. Ол мектептер биліктің үмітін ақтамағаны өз алдына, керісінше, одан алғашқы ұлттық патриот-революционерлер шықты», дейді.
Имандылық тәрбие
Ыбырай Алтынсарин туралы Кеңес тұсындағы педагогикалық әдебиетте оны ислам дініне қарсы, атеист деген пікірлер айтылып қалып жүрді. Ол атеистік идеологияның салдарынан да болар. Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын», деп жазған ол.
Ы.Алтынсарин указной татар молдаларының дінді озбыр, фанатизм, догмаға айналдыруына, діни мектептер де зайырлы пәндерден оқытуға қарсылығын үнемі сынаған. Бұл мұсылман дініне қарсылық, христиан дінін тіпті де қолдау емес еді. Ол дүниені жаратушы құдай деп білген. «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым, Тең етті бәрімізге күн мен айын», дейді бір өсиет өлеңінде. «Жаз» атты өлеңінде «құдайға шүкір етер жас пен кәрі, Бердің деп жаңға рахат мұндай дәрі» деген. «Мұсылмандықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды атай келіп, «мұның бәрінде жалғыз теңдесі, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық-қадір екендігіне дәлелі болса керек», деп тұжырымдайды. Оның көзқарасын ғалымдар деизмге жақын дейді.
Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінде дін сабағы оқылатын кезде қазақ балаларына жеке діни тәрбие берілсін деп талап қойды. В.В.Катаринскийге хатында былай дейді: «Сізге өте бір қайғылы хабар білдіруіме тура келіп отыр. Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә есінен айрылған болар деймін. Өйтпесе, оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіне алатын емеспін. «...Бақсам, ол оқытушылар мектебінің 3 және 4-кластарында, оқытушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Осының нәтижесінде, бір жағынан, ол оқушыларға өшігіп, қатал қарай бастайды да, екінші жағынан, оқушылар оқудан бас тарта бастапты. Тіпті ол шәкірттерін залым деу сияқты сөздерге дейін және оларды кластан желкелеп шығаруға дейін барыпты. Бұл қылығын қазақтар естіп қоймасын, нағыз бәлеге сонда қаламыз», деп жазады Ы.Алтынсарин. Енді бір хатында Красноуфимск қаласындағы ауылшаруашылық мектебінде оқып жатқан қазақ шәкірттерінің наразылығын естіп ызаланған ол өзінің досы В.В.Катарийнскийге 1889 ж. мамырдың 10-да жазған хатында: «тағы бір наразылық, яғни қазақ оқушыларының наразылығы Красноуфимскіде ауылшаруашылық мектебінде туып отыр. Мұның себебі: мұсылман дәстүрін мүлде елемеу, яғни шошқа етін асып беру, оқушыларға шошқа бақтыру, орыс балалармен бірге ғибадат еткізу деседі. Бұл бәріне ұнамсыз нәрсе ғой... Сондықтан әзірше іс насырға шаппай тұрғанда сонда барып, оқушыларға түсіндіріп, наразылықты жойғым келеді. Ал егер қажет болған жағдайда директордың өзімен де сөйлескім келеді» деп хабарлайды.
Мектептерде дін сабағының мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балалары үшін «Шариятул-ислам» атты оқулықты жазған. Бұл кітап балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты. Ы.Алтынсарин патша әкімдерінің отарлау, қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына барынша қарсылық білдіріп, ұлттық және діни наным-сенім тәрбиесінің де іргесін қалады.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының
докторы, Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе мемлекеттік
университетінің профессоры
АҚТӨБЕ