Туризм • 14 Маусым, 2021

Алакөлдің Анталиядан несі кем?

496 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәңір туған өлкемізді табиғаттың таңғажайып сыйынан кенде қылмаған ғой. Шаншыған шыбық шынарға айналатын нулы еліміз қазіргі заманның табысы мен түсімі мол тіршілігінің де көзіне мейлінше бай. Әлемдегі ең үлкен ақша ағыны осы туризм саласына бағытталғанына біраз уақыт өтті.

Алакөлдің Анталиядан несі кем?

Рас, коронавирус пандемиясы дүниежүзілік туризмді де бір тарының қауызына сыйғызып жіберді. Бірақ карантиннен кейін тез оңалып, аяғына жылдам тұрған экономиканың бір пұшпағы да – осы туризм мен демалыс бағытындағы қызмет көрсететін орындар. Әрине бұл әлемдегі жағдай. Себебі адам баласының қалауы мен құштарлығына тыйым салу мүмкін емес. Туризм де осыған кіреді. Сондықтан да бұл нарықтағы қаржы айналымы орасан. Бірер жыл бұрынғы деректерді сараласақ, туризмнен түсетін табыс мұнай мен көлік өндіруден кейінгі үшінші орында тұрғанын көреміз. Дүниежүзілік туризм ұйымы 2017 жылы таратқан мәліметі бойынша туризм индустриясы ғаламшардағы жалпыұлттық өнімнің оннан бір бөлігіне жетеғабыл болып келе жатқан екен. Жеке инвестиция мен алпауыт компаниялардың да ақшаны аямай құйған саласы – туризм. Яғни пандемияға дейін демалыс орындарына құйылған нақты ақша капиталы жалпы әлемдік инвестиция портфелінің 11 пайызынан асқан көрінеді. Бұл саланың дамуы жұмыссыздықпен күресте де «туннельдің түбіндегі жарық» сияқты болып көрінген-ді. Себебі ауыр өндіріс пен жеңіл өнеркәсіптің тұралауы жаһанда мыңдаған адамның маман­дық ауыстыруына түрткі болған-ды. Ал олардың дені туризм индустриясынан нан табуға бейімделе бастаған-тұғын. БҰҰ жұмыссыздықпен күрес баяндамасында жыл сайын жаңадан ашылған әрбір 10 жұмыс орнының тоғызы туризм бойынша қызмет көрсету секторына қатысты екені айтылған болатын.

Бір сүйінерлігі, аяғынан қаз тұра бастаған отандық туризм индустриясы екінші жылға созылған жұқпалы індет шектеулерінен де оңалып келеді. Бұдан жеке кәсіп иелерінің шеккен зардабы елеулі болғанымен, даму бағытындағы саланың тез оңалатынына сенім бар. Екінші жағынан, былтырғы қатаң карантин шектеулері ке­зінде де маусымдық қызмет көр­сету тоқтаған жоқ. Керісінше, саф ауа мен салқын самалды де­малыс орындарына, әсіресе, емдік қасиеті мол су жағалауына деген сұраныс артқанын статис­тика көрсетіп отыр. Оған бір ғана Алматы облысындағы Алакөл мен Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарынан және Көлсай, Қайыңды сияқты табиғи су бассейндерінің аумағынан адам азаймағаны дәлел. Әрине, коронавирус таралуының алдын алу мен сақтық шарасының артуы демалыс маусымының да ерте тоқтауына ықпал етті. Со­ған қарамастан отандық бизнес маусымдық шығындарының 70 пайызға жуығын қайтарып үл­герген екен. Бұйырса, биыл бұл бағыттағы табыс жандана тү­седі. Ал туризм саласындағы қыз­мет көрсетуші компаниялар ка­ран­тин шектеулеріне қатысты жа­ңаша жұмыс жүргізуге көшті. Мә­селен, Алматы облысының аума­ғын­да­ғы демалыс орындары тү­гел дерліктей «Ашық» жобасы­на қосылды. Бұл келушілердің ден­сау­лығына ке­пілдік беріп, айлақ­тар­дағы індет та­ралуының да алдын алмақ. Айт­пақшы, демалыс мау­сымын ер­те бастан жоспарлайтын ағайын ко­ронавирусқа қарсы вак­цинаны да елден бұрын ектіріп алған екен.

Қазақ туризмінің аяқ алысын бағамдау үшін бұған де­йінгі кезеңдерді екшеген дұ­рыс. Мәселен, деректер бұл сек­тордың жылдық табысын 200 млрд теңгеге дейін жеткізу мүм­кіндігі болғандығын айтады. Ал пандемияға дейін кіріс көлемі 118 млрд теңге шамасында болған екен. Және осы кезеңде сала бо­йынша 200 мың адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде 72 мың адамға тұрақты еңбек на­ры­ғы қалыптасуы тиіс-тұғын. Нәти­жесінде, бұл көрсеткіштен ел экономикасына түсетін таза табыс та жыл сайын өсуі тиіс болған. Мәліметке үңілсек, 2019 жылы туристік саладағы түрлі қызмет көрсетуден түскен пайданың бюд­жетке құйылған үлесі 5,6 пайыз­ды құрапты. Бұл жалпы ішкі өнім­ге шаққандағы көрсеткіш. Болжам бойынша бұл үлес 2025 жылға дейін 8 пайызға жетуі тиіс болған. Алайда пандемия барлық мемлекеттегі сияқты Қа­зақстанның да жоспарын бұ­зып жібергені анық. Сондай-ақ еліміздің туристік секторына құ­йылған ішкі инвестицияның да дәуір­леген тұсы карантинге де­йінгі кезеңде болды деп айта аламыз. 2019 жылғы дерек бо­йын­ша көрсеткіш рекордтық дең­­гейге жетіп, қаржы көлемі 153,7 млрд теңгеге дейін жеткен екен. Тек бұл жерде анықтап ала­­тын бір жайт бар: аталған ин­вес­­тиция­ның 46,2 пайызы же­ке­­мен­шіктің еншісінде болса, қал­­­ған 40,2 па­йызы – мемлекеттің үле­сінде...

Жә, Жетісуға оралайық. Ке­йін­гі 5 жыл көлемінде облыста­ғы ту­ризм факторының жандануына бір ғана Алакөл жағалауы ора­сан үлес қосып отыр. Оның айырмасын өткен жылдардың де­регін салыстырғанда анық бай­қай­сыз. Мысалы, 2018 жылғы демалыс маусымында Жетісу өңі­ріне орташа есеппен 2 млн турист келген. Оның ішінде 1 млн адамның Алакөл жағалауында демалғаны анық. Яғни сол жы­лы облысқа келуші туристер қа­тары 22,2 пайызға өскен. Бұл ба­ғытты дамытуға мемлекет те аянып қалмаған екен. 2018 жылы Алматы облысының туризмді да­мытуға жұмсаған шығыны 19 млрд теңгені құрапты. Оған 44 туристік нысан іске қосылған, оның дені Алакөл жағалауында орналас­қан көрінеді. Ал сол жылы сала бо­йынша қызмет көрсетуден түскен табыс 12,9 млрд теңге шамасында болған дейді деректер.

Әрине, мемлекет демалыс аймақ­тарындағы инфрақұры­лым­­ды дамытуға барынша күш салып отыр. Бұдан Алматы облысы да қалыспайтыны анық. Пан­­демияға дейінгі дерек бо­йынша өңірде туристерге жалпы 729 ны­сан қызмет көрсетіп келген. Оның ішінде 189 қонақүй, 185 аң­шыларға арналған үй, 250 демалыс базасы, 31 сауықтыру орны, 67 де­малыс үйі мен басқа да 7 нысан жұмыс істепті. Бұл бағыттағы жұ­мыс биыл да жалғасын табатыны сөзсіз.

Жалпы, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының турис­тік әлеуетіне ғана емес, тұтас елдегі демалыс индустриясы­на серпін беріп отырған – Алакөл­дің қос жағалауы екені ақиқат. Тақырыпқа орай айтатын болсақ, Алакөл жағалауы қазір алыс Түр­киядағы атақты Анталия курорт­тық айлағынан кем түспейді. Ал бұл көлдің Алматы облысындағы аумағы нағыз табысты туристік нысанға айналып келе жатыр. Ескі деректерге үңілсек, 2019 жылы көл жағалауындағы Ақши және Көктұма демалыс аймақтарында орналасқан 214 демалыс орнына 1 млн 19 мың адам келіпті. Яғни турист саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 143 пайызға артқан. Осы туристерге 5 млрд 861 млн теңгеге сервистік қыз­мет көрсетілген екен.

– Алматы облысының турис­тік әлеуетін арттырып отырған Ала­көл жағалауына келушілер қата­ры жылдан-жылға артып келеді. Ал Алакөл ауданының осы са­ланы қалыптастыруға және да­мытуға географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде туристік нысандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өс­ті. Был­тыр 15 туристік нысан қол­данысқа беріліп, қызмет көр­сету құны 2 млрд 646 млн теңгені құраған. Әлемдік індеттің салдарынан ел­дегі төтенше жағдайдың орын алуы, өңірде карантиндік режім­нің қатаңдатылуы біраз жоспар­ға кедергі келтіргені бел­гілі. Бірақ бұл сынақ Алакөлге келетіндер­дің санын соншалық азайтпады. Ал Алакөлдің туристік әлеуетін кө­теру үшін мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан кең қолдау көрсету жалғаса бермек. Жалпы, Ақши туристік аймағында 264 демалыс аймағы бар. Был­тыр көл жағалауына 798 462 адам келген. Оларға 4 млрд 790 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Ал биыл жазғы шомылу маусымын­да 878 325 демалушыға 5 млрд 269 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарлануда, – дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов.

Жақында журналистердің са­уа­лына жауап берген облыс әкімі Аман­дық Баталов «Біз туризмді дамытуға тұрақты қол­дау жа­сап келеміз. Үшаралда әуе­­жай, теміржол вокзалы салын­ды. Үш­арал әуежайының ұшып-қону жола­ғын кеңейтіп, үл­кен ұшақ­тар қона алатындай етіп, қай­та жаңғыртуға біздің ұсынысы­мызбен республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді. Бұл Алакөл көліне келетін туристер легін арттыруға зор ықпал ететін болады...» деген еді.

Әкім сөзіне арқау болған Үш­аралдағы ұшып-қону алаңы қа­зір жөндеуге жабылған. Бірақ бір­неше бағыттағы әуе жолы ашық күйінде қала береді. Өйтке­ні Алакөлге жетудің ең оңтайлы жо­лы осы ұшақ қатынасы болып отыр. Ал негізгі қатынас жо­лы бо­лып саналатын Алматы – Өс­кемен автобанының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Бұл күре жол іске қосылғаннан кейін Алматыдан Үшаралға дейінгі көлік қатынасы тіпті жақсарады.

– Менен жұрт та, журналис­тер де «Үшаралдағы әуежай жаңадан салынды емес пе, арада 3-4 жыл өтпей неге жөндеуге жабылды?» деп жиі сұрауда. Бұл жерде мынаны ескеру керек, 2015 жылы Елбасының пәрменімен Қорғаныс министрлігінің балансында болып келген әуежайды облыс қара­ма­ғына алдық. Оны алғаннан кейін жергілікті бюджет есебінен жаңа терминал салдық. Бірақ ұшып-қону алаңы сол күйінде қалды. Ен­ді сол алаңды қайтадан жасай­мыз. Яғни Үшаралға үлкен әуе кемелерінің келіп қонуына мүм­кіндік туады. Әсіресе, әлем ел­де­рінен чартерлік рейстер қабыл­дауға қол жеткіземіз. Оған де­йін де ұшып-қону алаңындағы қызмет көрсету тоқтамайды. Ішкі рейстерді қабылданған ережеге сәйкес жер бетіне қондыруға келістік, – дейді облыс әкімі.

Қазір Үшарал әуежайына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Тал­ды­қорғаннан ұшақтар қаты­нап тұр. Мұнан бөлек, теміржол ба­ғыт­тары да іске қосылған. Мы­сал­­ға, «Алматы – Жетіген – Дос­тық» темір­жолымен аптасына үш рет, «Нұр-Сұлтан – Нұрлы Жол – Дос­тық» теміржолымен аптасы­на екі рет, «Нұр-Сұлтан –1 – Дос­тық» апта­сына төрт рет және «Алматы – 1 – Дос­тық» теміржол бағыты­мен де ап­та­сына төрт рет пойыз жүріп жатыр.