Өнер • 14 Маусым, 2021

«Жел тілімен күй айтады»

717 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әсер деген үн шығар». Ал сол үнді, жүрек толғатқан тілсіз қасірет пен қуанышты сөзге айналдыру – даңқты биіктік.

«Жел тілімен күй айтады»

Сіз де талай күйге тамсанып, тебіренген шығарсыз. Сонда Жұмекен айтқан сезім пернесі басылып кетіп, көкіректегі зар мен шердің бәрін қозғап өткенде, күйдің жұмбақ жанын ұғына алмай дал болған шығарсыз?! Ал «көңіліңізбен астасып, көркем бұлақтай күлімсірей» төгілгенде сол күй бойыңызды керемет шаттыққа бөледі емес пе? «Ойланып көрейікші». Солайы солай. Ал Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясында қанша күйлер әр ішегінің қағысы дәл табылып, өлең боп сөйлегенде, сізге құпия болған сырдың бәрі оңай ашыла сал­ғанына таңданасыз! Бірақ ол соншалық жүректіліктің, сон­шалық кең танымның құ­діреті. Ақын музыканы жанымен сезініп қана қоймай, күй­дің ішкі иірімдерімен біте қайнасып, қағысынан жаңыл­маған қара өлеңді қалыбына құя салады. Мысалы, Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» дәл солай.

«Әр нотасы желпінтеді,

Әр нотасы мұңайтады

«Сарыжайлаудың»

жел тілдері,

Жел тілімен Күй айтады:

«Тыңдаңыздар –

тамаша бұл,

отырыңдар мұнда, бері,

Көркемдікті қаласа кім,

болса содан кім дәмелі;

кім зар-мұңның татса дәмін,

сол қарасын аяп маған!

Солар үшін басталамын,

солар үшін аяқталам».

 

«Жұмекеннің жүрегі» атты естелік кітапта Құбыш Мұхитов ақын шығармашылығындағы осы бір ерекшелікке: «онда Құрманғазының, Дәулет­керей­дің, Динаның, Тәттім­беттің әрбір күйлеріне арнау – талдау­лары бар, ол күйлердің сыры­мен, автордың ойын өте те­рең түсінеді, оларды соқыр­ға таяқ ұстатқандай талдап бе­ре­ді. Мұндай талдау тек қана музыка зерттеушілерінің, музыка теоретиктерінің ғана қолынан келетін нәрсе. Бұл Жұмекеннің музыка саласында да ой-өрісінің жоғарылығын, күй өнерiн бес саусақтай сезі­нетінін, білетінін көрсетеді. Жұ­мекен біздің түсінігімізде тек қана ақын-жазушы емес, айтарлықтай домбырашы, орын­даушы, өнер қайраткері деп есеп­теймін, оған радионың ал­тын қорында сақталған көп­теген күйлері куә», деп баға бе­реді. Расында,

«Жарқындығы – күлкідей,

мұңдылығы – жоқтаудай,

ащылығы – шындықтай,

тәт­тілігі – шабыттай,

жеңілдігі – көбіктей,

ауыр­­лығы – табыттай», деп дом­быра­ның жай-күйін дөп кел­тіргенде, шеберлігіне бас иесің!

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті