Бизнес • 14 Маусым, 2021

Отандық орындық

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Еңбек» бағдарламасы ел ішіндегі іскерліктің жандануына жақсы ықпал етуде. Әсіресе, жеке кәсібін бастауға ниетті азаматтар мемлекеттік бағдарлама арқылы бөлінген қолдау қаржының көмегіне сүйеніп, тәуекелге бел буып жатыр. Мәселен, биылдың өзінде Алматы облысында 600 адам жеке кәсіп ашты. Яғни бұған дейін «Бастау Бизнес» бағыты бойынша кәсіпкерліктің негіздерін үйренген ынталы топ кәсібін дамытуға қажетті қаражатқа қол жеткізген.

Отандық орындық

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биыл жобаның бірінші легін 700-ден астам адам тәмамдаған, қазір екінші лекте 960 қатысушы биз­нестің қыр-сырын меңгеруді жалғас­тыруда. Карантин шараларына бай­ланыс­ты өткен жылдағыдай оқыту Atameken Academy онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізілген.

– «Бастау Бизнес» жобасының бірінші ағымында 731 қатысушы білім алған. Оның ішінде 195 қатысушы жас­тар өкілдері болса, 425 адам 30-49 жас аралығындағы адамдар, 76 қатысушы 50-57 жас аралығында, ал 57 жастан жоғары 35 қатысушы болды. Білім ал­ғандардың ішінде тек 33 адамның ғана кәсіпкерлік бойынша аздаған тәжірибесі бар екен, ал қатысушылардың көпшілігі жұмыссыздар және өзін өзі жұмыспен қамтығандар болып отыр. Қазір жобаның екінші легі басталды. Облыс бойынша 960 адам оқуға кірісті. Жалпы 5 лек бойынша оқыту ұйымдастырылып, осы жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасымен оқыған 600 түлектің жобасы қаржыландырылды, оның ішіндегі 45 адам биылғы білім алғандар болып отыр, – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Сәния Наурызбаева.

Айтпақшы, осы «Еңбек» бағдар­ламасына қатысқан жас кәсіпкер өз ауылын­да кәсіп бастап отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған жиһаз цехы ай сайын 3 мыңға дейін орындық шығарады екен. Іле ауданының тұрғыны Тілек Әділхаттың «Бастау Бизнес» кә­сіпкерлік негіздері жобасының ар­қасында кәсіпкер атанғанына көп уа­қыт бола қойған жоқ. Яғни кәсібін жос­парлап, нақты негізге сүйене отырып дамытуға қол жеткізген. Ол бұған дейін жасаған жиһазын базарда сатып жүріпті, енді үлкен нарыққа шығудың көзін үйренді.

– 2018 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жазылдым. Курс аяқталған соң «Жас кәсіпкер» бағ­дар­ламасы бойынша 505 мың тең­ге көлемінде грант алдым. Ал өткен жылы жиһаз өндіретін цехты да­мыту үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн теңге кө­лемінде несиеге қол жеткіздім. Биз­несті бастаған кезде үш апта бойы қыз­меткерлерді оқытып, тегін шеберлік сабақтарын өткіздім. Қазір өз командам­ды жасақтадым. Біз күн сайын үйге арналған 100 орындық жасаймыз. Отан­дық өнімнің басты артықшылығы – сапасы мен бағасында. Шетелдің орындықтарына қарағанда құны төмен. Осының арқасында көтерме тапсырыс берушілеріміз бар, – дейді кәсіпкер.

Тілек Әділхаттың жиһаз цехы Іле ауданының Жетіген ауылында орна­ласқан. Өнімдер аудан ішінде және Алматы қаласының базарларында сатылады. Бүгінде кәсіпкер жиһаз түрін ұлғайтып, жаңа станоктар сатып алу арқылы цехты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «Жас кәсіпкер» бағдар­ламасы бойынша өз ісін бастағандар қатары Еңбекшіқазақ ауданында да ар­тып келеді. Соның бірі – Есік қала­сының тұрғыны Әсем Тынайбекова. Әсемнің анасы 30 жыл бойы тігінші болған екен, ісмерлікті мұра ретінде жалғастыруды ойлаған тәуекелшіл жас мұны кәсіпкерлікпен ұштастыруды ойлапты. Сөйтіп, кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жазылды. Қазір Әсемнің өзі сияқты қолы шебер бес тігіншіден құралған тобы бар, кәсібін дөңгелетіп әкетті. Осы Еңбекшіқазақ ауда­ны бойынша былтыр кәсібін жаңадан бастаған азаматтар ұсынған 113 жоба қаржыландырылған. Оған «Еңбек» бағдарламасы аясында 467 281 286 теңге бөлініпті.

– Бес адамды жұмыспен қамтып отырмын. Біз түрлі фирмалар мен компания жұмысшыларына арнайы киім тігумен айналысамыз. Болашақта тігін цехын кеңейту мәселесі де жос­парымызда бар. Мемлекеттің мен секілді кәсіпкерлікке ұмтылған жас­тарды қолдағанына ризамын. Ерінбей еңбек етсең, кәсібің нәсібіңе айналады, – дейді тігін цехының иесі Әсем Тынайбекова.

Жалпы, былтыр облыста «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3022 қатысушы кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, оқыған екен. Ал олар ұсынған 2 мыңнан астам жоба қабылданып, жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылған. Мұ­ның тағы бір ерекшелігі, кәсіп бас­тау мен табысты тиімді үйлестіруді аз уа­қыт ішінде меңгеріп шығуға болады. Мысалы, «Бастау Бизнес» бағы­тын­дағы оқыту 21 күн ішінде өтіп, оның қорытындысы бойынша оқуды аяқ­тағаны немесе қатысқаны туралы сертификат беріледі. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде өтеусіз грант немесе 6 пайыздық жеңілдікпен несие алуға үміткер бола алады екен.