Бүгінде идеяның жүзеге асуына 33,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндірістің бірінші кезегі мамыр айының аяғында іске қосылған. Қазір жаңа зауытта жасалған балмұздақ өнімі ішкі нарыққа шығып та үлгерген екен. Балмұздаққа арналған вафлиді де компанияның өзі өндіреді. Алдағы екі жыл көлемінде 200 млн теңге инвестиция салынып, зауыт аумағы абаттандырылмақшы. Яғни айналаға ағаш егіліп, жарықтандырылады, шағын сәулеттік формалар қойылады екен. Мұның бәрі болашақта балаларға және басқа да ниет білдірушілерге арнап зауытта қызықты экскурсия ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа өндірістік кешеннің бірінші кезегінің жобалық қуаты жылына 21 500 тонна өнім шығаруға жетеді. Ал 2024 жылға қарай кәсіпорын тәулігіне 350 тонна өнім шығаратын қуатқа ие болмақ.
– Жобаның жалпы құны – 33,4 млрд теңге. Зауытта балмұздақ, сүт өнімдері, мұздатылған жартылай дайын өнімдер, қамыр, кеспенің әр түрі шығарылып, кондитерлік өндіріс ұйымдастырылады. Зауытта Данияның, Германияның озық үлгідегі құрал-жабдықтары орнатылған. Кәсіпорын балмұздақтың болашақта нарыққа әлі шықпаған, таңсық түрлерін шығаруға мүдделі, – дейді компания басшысы Андрей Шин.
Бүгінге дейін Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан жалғыз балмұздақ зауытымен-ақ «Шин-Лайн» ЖШС отандық нарықтағы «балмұздақ монополисіне» айналған екен. Қазір отандық нарықтағы мұзды қаймақтың 91 пайызы осы компанияның уысында. 2002 жылы басталған өндіріс қазір тәулігіне 140 тонна балмұздақ шығаруға қол жеткізген. Мұнан бөлек, зауыт тәулігіне 60 тонна сүт, 3 тонна тез дайындалатын кеспе, 20 тонна мұздатылған жартылай дайын өнім түрін де нарыққа жіберіп отыр.
Тіпті, Алматыда жасалған балмұздақ түрлері алыс-жақын шетелде де танымал көрінеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Шин-Лайн» балмұздағы Беларусьқа сырттан жеткізілетін балмұздақтардың жалпы көлемінің тең жарымнан астамын құраған. Сол сияқты Қырғыз нарығындағы балмұздақтардың 50 пайыз үлесі де осы «Шин-Лайнға» тиесілі. Қазір Әзербайжан, Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінде бұл балмұздақ танымал. Биыл бұл қатарға Украинаға қосылып жатыр екен.
– Біздің үлкен кәсіби командамыз бар. Кәсіпорынға Ресей, Балтика, Шығыс Еуропа елдерінің индустриясында көшбасшы саналатын компанияларда тәжірибеден өткен мықты мамандарды тартамыз. Қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттыруға көп күш саламыз. Балмұздақ өндірісіне маусымдық фактор әсер ететіндіктен, зауытта сүт, тез дайындалатын кеспе, жартылай дайын өнімдер де шығару жолға қойылған. 2025 жылға қарай «Шин-Лайн» компаниялар тобында 2500 адам жұмыс істейді деген жоспарымыз бар, ол үшін өндіріс көлемін ұлғайта береміз, – дейді тағы компания басшысы.
Айтпақшы, «Шин-Лайн» өндіріске қажетті сүтті де өздері дайындауды бастапты. Қазір тауарлы сүт фермасын салу жоспарда тұр екен. Болжам бойынша фермаға бірінші кезекте 600 бас сауын сиыр, кейін тағы 1200 бас сатып алынбақ. Яғни таяу уақытта компания кластерлі жүйеге көшіп, кәсіпорынды қосымша өз шикізаттарымен де қамтамасыз етпек. Әрине, мал ұстағасын қажетті жем-шөп қорын дайындау да қажет. Демек, егін шаруашылығын дамыту да кезекте тұрғаны анық. Тағы игеретін жер керек, адам күшіне де сұраныс артады дегендей...
Бұл шаруаның біразы жыл басында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен компания өкілдерінің кездесуінде талқыланып, шешімін тауып та қойған екен. Әкімдік өз тарапынан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге зауыт салу үшін сыртқы инженерлік желілер тартуға қолдау көрсетіп отыр.
– Мемлекет қолдауының және қабылданған шаралардың арқасында біздің өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан, жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге қажетті көмек көрсетіледі. Сол сияқты облыс өндіріс иелеріне «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында логистикалық орталық пен қойма салуға да қолдау жасайды. Мысалы, «Шин-Лайн» компаниясының кәсіпорындарда ең озық технологиялар, түрлі инновациялар қолданылады екен. Оның базасында жаңа заманауи кәсіпорындарды қалай құруға болатынын дәріптеп, жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін үлгі етіп басқа да кәсіпкерлерге неге көрсетпеске? Облыс компанияға зауыт аумағын көгалдандыру, абаттандыруға қатысты өз талабын қояды. Қажет болса көмек беруге дайынбыз. Ең бастысы, облыс аумағында шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі өндірістің үздіксіз циклі қалыптасатын болады, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Бизнес демекші, биыл Алматы облысында шағын және орта бизнес саласында өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11 пайызға өсіп, қаржылай табыс 1,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл шағын және орта бизнестің облыстың жалпы ішкі өніміндегі үлесінің 34 пайызды құрағанын білдіреді. Ал аймақта бұл саладағы жұмыс істеп тұрған нысандар саны 125 мың бірлікке дейін артып, нәпақасын тауып жүрген адамдардың саны 275 мыңнан асқан.
Сондай-ақ облыс әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша көшбасшылар қатарынан көрініп отыр. Бұған осы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер дәлел. Яғни аймақ дамуына ықпалы зор 7 негізгі көрсеткіштің алтауы бойынша тұрақты өсім байқалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өңдеу өнеркәсібінің есебінен 14,8 пайызға ұлғайып, жалпы құны 318,2 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығындағы өсім 1,6 пайызды құрап, қаржылай табыс 102,2 млрд теңгеге жеткен.
Тағы бір шешуші бағыт, өңірге инвестиция тарту да қалыпты жағдайда екен. Мәселен, жыл басынан бері 85,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұрынғы көрсеткішпен салыстырған 8,6 пайызға өсіп отыр. Жоғарыда сөз еткен отандық балмұздақ өндірісінің алпауыты «Шин-Лайн» компаниялар тобының облыс аумағында қанат жаюы – осы сөзге дәлел.