Руханият • 14 Маусым, 2021

Қазақ елінің келіссөз жүргізу өнері хақында

783 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіз елдің басты ерекшелігінің бірі – дербес сыртқы саясаты. Осы орайда қазақ халқының келіссөз жүргізу өнерін, «елдестірмек – елшіден» деп ежелден бітім мен барыс-келіске барынша байыппен қараған дана халқымыздың дипломатиялық даралығын сараптауға тырыстық.

Қазақ елінің келіссөз жүргізу өнері хақында
 

Қазақ хандығының қалыптасу жылдарындағы сыртқы саясаты

1465 жылы дербестігін алған Қазақ хандығы дипломатиялық байланыстарда өздеріне дейінгі Алтын Орда мен Түркі қағанатының дәстүрлеріне сүйенген.

Қасым хан тұсында қабылданып, ха­лық арасында «Қасым ханның қасқа жолы» атанып кеткен әдет-ғұрып және заңдар жинағында елшілік жораларға арнайы тоқталған. Елшілік қызметпен алыс-жақын елдерге шығатын би-шешендерге айрықша талап қойып, олардың араб, шағатай, парсы не бара жатқан елдің тілін меңгеруіне баса мән берген немесе жанына аудармашы ілестірген. Тарихшы-ғалым Алтайы Оразбаеваның еңбегіне сүйенсек, 1511-1518 жылдары Қасым ханның тұ­сында халқының саны 1 млн-ға жеткен Қа­зақ хандығы ІІІ Василий уағындағы Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық бай­ланыс орнатып, Еуропа елдеріне жеке-дара мемлекет ретінде танылған.

Тарихта Құлмұхаммед елшілігі деп аты қалған қазақ халқының ең алғашқы ресми дипломатиялық миссиясы 1594 жылы Мәскеу қаласына келіп, келіссөздер жүргізеді және Иран елшісі Ғади-бекпен кездесіп, Бұқар хандығына қарсы күрес мәселелерін талқылайды. Қазақ елшісі Құлмұхаммед пен Иран елшісі Ғади-бек­тің кездесуіне Борис Годуновтың рұқса­тын алған әрі Мәскеуде мырзақамақта жүрген Ораз-Мұхаммед сұлтан себепкер болады.

Құлмұхаммед бектің Ресейге келуінің бір мақсаты да осы Тәуекел ханның інісі Сібір хандығына барғанда аңдаусызда тұтқынға түсіп, Мәскеу асып, кейіннен қазіргі Рязань жерінде Қасым хандығын құрған Ораз-Мұхаммед сұлтанды босатып алу еді. Өкінішке қарай, Тәуекел бұл мақсатына жете алмайды. Тағдыры тар заманның құрбаны болған сұлтан «бұлғақ заманда» Жалған Дмитрий (ІІ Лже­д­митрий) жалдамалыларының қолы­нан қаза тапты.

Өкінішке қарай, Құлмұхаммед бек Ресей патшалығымен қай тілде сөйлесті, екеуара протокол қалай жүргізілді, қазақ елшілерін күтіп алу мен шығарып салу жоралғысы қалай жүргізілді бұл туралы мәліметтер жоқтың қасы. Тек Иран шахымен жүргізген қазақ хандарының келіссөз құжаттары ғана қайбір жылдары Тегераннан табылды. Онда Қасым ханның ордасы сипатталып, хан тағының айналасында 1200 әмір отырғандығы жазылып, хан тәжінің құны 70 мың тұман тұратыны, оның Шыңғыс қағанның тәжіндей екені қағазға түсірілген.

Тағы бір қызық деректің бірі – қазақ даласынан өтетін, не елшілік қызметпен аттанған жауапты адамға ел аумағында еркін жүріп-тұруы үшін арнайы рұқсат­нама түрінде затбелгі тапсырылған. Ша­масы бұл Шыңғыс хан дәуірінен қалған дәс­түр болса керек. Дегенмен елшіге тиі­­суге болмайды деген қатаң қағида Тәу­ке хан тұсында бұзыла бастады. 1693 жы­лы Тәуке хан орыс воеводасына жаз­ған хатында: «Елшіні қарақшы секілді қа­мап тастау қашаннан бері бар еді? Қа­­зір бұл қалыпты жағдайға айналды», деп көңілі толмай, бұл мәселеге өзінің алаң­даушылығын білдіреді.

М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліп­­песі» тарихи еңбегіне сілтеме берсек, 1757 жылы қытай қолбасшысы Фу Дэ қазақ даласына ұрыс сала кіреді. Абылай хан жіберген Әбілпейіз сұлтан бастапқы­да ұрыс салғанымен, жаушы шығарып, екі жақ келісімге келеді. Сол тұста қа­зақ елшілері мен қытай қолбасылары ара­сын­дағы келіс­сөз қалмақ тілінде өт­кен. Одан бөлек қа­зақ хандарының Қы­тай билеушілерімен дип­ломатиялық хат-хабарды шағатай, ойрат тіл­дерінде жүр­гізгені де соңғы жыл­дары еліміз жү­зеге асырған зерттеу еңбек­тері­­нің нәти­жесінде белгілі болып отыр.

 

Қазақ елшілік миссиясының негіздері

Қазақ тарихын генетикалық генеалогия тұрғысынан зерттеп жүрген белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов: «Бұрынғы елшілердің негізгі жұмысы қазіргі пошта қызметкерлерінің міндетіне ұқсас болған. Патша немесе король/хан тарапынан жа­зылған хатты апарып беріп, оны оқып, тиісінше жауап алып қайтатын фельдегерь/курьер қызметін атқарған», деген пікірін ортаға салады.

Белгілі тарихшы Жамбыл Артық­баев­тың «Жеті жарғы» атты кітабында Қазақ хандығының XVII-XVIII ғасырдағы құрылымы, сыртқы елдермен қарым-қатынасы, ішкі әлеуметтік мәселелері зерттеліп, қызықты деректер ұсынылады. Мәселен, тек қана XVIII ғасырдың өзінде Қазақ хандығы басқа елдермен сыртқы қарым-қатынасты ретке келтіру барысында аттандырған және қабылдаған ел­шілер саны 70-тен асады деген дерек бар. Бұл қатарда Түркия, Ресей, Қытай мемлекеттері бар.

Сол замандарда-ақ Қазақ хан­ды­ғы­ның көрші елдермен қарым-қаты­на­сы елшіліктер арқылы реттелген. «Ел­дес­­тірмек – елшіден, жауластырмақ – жау­шы­дан» деген атадан қалған сөз сол жыл­­дардан қалған болса керек. «Жеті жарғы» кітабында «Қазақ хандарының билігі Түркістанмен шектелмей, оның маңайындағы ірі қалаларды қамтыды. Сол себептен шетелдерге аттанған ел­ші­­ліктердің бірінші мақсаты сауда қа­­рым-қатынастарын реттеу болғаны аян», деп жазылған. Cондай-ақ қазақ елші­лерінің шетелде ұсталуы, қамалуы мем­лекетаралық жанжалға себеп болған. Оның мысалы – 1690 жылы Тобылға ат­танған Сары мен Келдейдің елшілігі. Бірі батыр, бірі мырза екі азаматтың мін­деті – сауда келісіміне қол қою. Олар­дың қалталарында Тобыл қаласының ірі саудагері Әуезбай Құлмаметовке жа­зылған хат болған, ол хатта әз Тәуке оған үлкен құрмет көрсете отырып, қазақ пен орыстың арасында дәнекер болуын өтінеді. Бұлар Жәміш көлінің маңындағы келіссөздер барысында ұсталған.

Осы себептен 1690 жылдың қысын­да Түмен округінің Тархан острогі тал­қандалды, 1691 жылы Царев-городища аталатын орыс бекінісі (қазіргі Қор­ған қа­ласы) шабылады, Тобыл губер­ния­сының Утяцкое слободасы, Орынбор гу­бер­ния­сының Куртамыш қонысы талан-та­раж­ға ұшырады. 1690-1692 жылдары қазақ жасақтары Сібірдің Тара қаласына дейінгі аймақтағы елге тыныштық бермеген.

Шетелден келген елшілерді қабылдау, олардың жағдайын, күнкөрісін жасау Хан Ордасынан бөлек, ауқатты байларға да сеніп тапсырылған. Осы оқиғалардың бірін М.Ж.Көпейұлы былай сипаттаған: «Абылай хан заманында орыс жұртынан отыз кісі елшілікке келіп, қыс түсіп кеткен соң, қазақ ішінде қыстап қалып, Малай Жәдігер Қойлыбай бай бір қыс жүз ақ қара бас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен».

Егер мәмілегерлік қарым-қатынастар нәтиже бермесе, не болмаса елшілерге ла­йық­ты сый-сипат көрсетілмесе, мұның соңы қарулы қақтығыс пен жаугершілікке ұласқан.

Қазақ халқымен келіссөз жүргізген көршілес елдердің билеушілері келіс­сөз­ге қазақ тарапынан би қатысса, сауда-экономикалық және өзге де байланыс мәселелерін шешуге тырысқан. Егер хан­­­мен бірге келіссөзге белгілі батырлар кірі­­сетін болса, соғысқа қамданған. Бұл да – дала дипломатиясының жазылма­ған заң­дарының бір парасы.

 

Бас елшілер – аталықтар туралы

Қазақ хандығының тарихында түр­лі дипломатиялық келіссөз бен ба­рыс-келістің басында жүрген және тақ мұ­ра­­герлерін дайындауда орасан зор ең­бек сіңірген аталықтардың орны ерекше. Тарихшы Құрбанғали Халидидің жа­зуынша, аталықтардың сарайдағы би­лік құзыры уәзірден жоғары болған. Түрлі келіссөздер мен құжаттарға хан құқы­ғындай Жарлыққа мөр басу құқығына да ие болыпты. Бұл туралы тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: «Бас елшілердің бәрі – аталықтар. Ресей, Қытай құжаттарына, не болмаса Түркияда Сұлтан Ахметке жазылған хаттарды қарап отырсақ, бар­лығын аталықтар әулетінің өкілдері бас­қарып отырған. Бас елшілер аталықтар әулеттерінен шыққан», дейді.

«Қайып ханның 1718 жылы Петр патшаға елшілігін бастаған Арыстан ата­лықтың ұлы Тантай батыр. Оның дең­гейін Қайып ханның Петр патшаға жаз­ған хатынан мына үзінді көрсетіп бере алады: «А послал я от себя к Вашему величеству старинного своего слугу и аталыка Араслан-батыря, лучшего человека, сына его Тантая-батыря большим посланником» дейді. Бұл жерде Қайып хан алдымен Арыстан аталық әулетінің Қазақ хандығына сіңірген еңбегін ерекше атаған. Екіншіден, Арыстан аталықтың баласы Тантай батырдың бас елші ретінде Санкт-Петербургке аттанғанына аса ма­ңыз беріп, Петр патшаға да салмақ артып отыр. Үшіншіден, Қазақ хандығының әз Тәуке хан заманындағы елшіліктерін көп бастаған Тайқоңырдың өзі бұл жолы бас елші Тантай батырға көмекшілікке бекітілгені де көп мәселені аңғартса керек», дейді Ж.Артықбаев өзінің жоғарыда аталған еңбегіне сүйене отырып.

Тарихшы сөзіне сүйенер болсақ, қа­зақтың әдет-ғұрып заңдарында арнайы ереже болмаса да сыртқы елдермен тепе-теңдікті ұстау мәселесі ауыз әдебиеті үлгі­лерінде кездеседі.

Қазақ халқының дипломатиялық та­ри­хы мен келіссөз өнерін терең зерттеп, тү­бе­гейлі зерделеп шығу – алдағы уақыт­­­тың еншісіндегі іс. Ол үшін Теге­ран, Ташкент, Қазан, Омбы, Орынбор, Мәс­кеу, Санкт-Петербург, Бейжің секілді қа­ла­лар­да­ғы архив құжаттарына үңілу маңызды.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Сыртқы істер министрлігінің

үшінші хатшысы