Өнер • 14 Маусым, 2021

Алашқа аты кеткен Абыл күйші

1475 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырда қазақтың кең-байтақ даласында ұлттық музыка өнерінде өзіндік тың мектеп қалыптастырған ірі тұлғалар аз болған жоқ.  Соның бірі Маңғыстау күйшілік мектебінің ірі тұлғасы – Абыл Тарақұлы.

Алашқа аты кеткен Абыл күйші

Абыл Тарақұлы 1820 жылы Желтау деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Тарақ төңірегіне сыйлы, орта дәулетті адам болған. Академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» еңбегінде Абылдың әкесі Тарақ туралы мынадай дерек кел­тіріл­ген.

«Тарақтың өзі айтарлықтай ісімен көзге түспеген. Ол ата жолы бойынша ат жалын тартып мінгеннен бас­тап, найзагер, қылыш сермеу, оқ ату тәсіл­дерін жетік білді. Ол дала халқына тән батырлық қасиеттерден құралақан емес, сондай-ақ аздап болса да домбыра тарта білді. Одан бөлек ауыл арасында сыйлы, құр­метті адам болды». Ал анасы Таразы ауыл арасында әнші болса керек. Ол туралы да академик Ахмет Жұбанов: «Ол бойжеткен кезінде қыз ұзату тойларында жақсы ән салатын. Сол үшін Оймауыт-Желтаудың бірсыпыра жігіттері Таразыға көз салып, ғашық болып, оны алғысы келді. Бірақ ол тал­бесіктен Тарақпен атастырылып қойған соң, ешкімге мүмкіндік бұйыр­мады. Таразы кішкентай Абылды әлдилеп оты­рып, ұшы-қиыры жоқ көп әндер мен бесік жырларын айтатын», дейді.

Абылдың негізгі азан шақырып қой­ған шын есімі – Абылай.

Абылдың ата-тегін шежіремен өрбі­тер болсақ, «Адай – Құдайеке – Қосай – Байбол – Есенғұл – Қоңыр – Қарабөрік – Бертіс – Тарақ – Абыл» болып тарайды екен. Абылдан Айсара, Жансара, Гүлсара деген үш қыз туыпты. Үшеуі де Жайық бойындағы Байұлына тұрмысқа шығады.

Абыл домбыраны ең алғаш рет Қашқар күйшіден үйренеді. Жиырма жасқа келгенде керемет домбырашы болады. Сол уақытта бала кезде анасы­нан естіген бесік жыры мен әндерді дом­быраға салады екен. Абылдың «Ақжелең» күйі сол шамаларда шықса керек. Кейін дарынды күйші Боғда Қара­ұлымен кездесіп, одан «Бозтөбе» және «Жем суы» күйлерін үйренеді.

Қазіргі таңда Абыл шығармаларының ішінде халыққа кеңінен мәлім «Абыл» және «Нарату» күйі. Бұл шығармаларды 1927 жылы алғаш рет орыстың музыка зерттеушісі Александр Затаевич атақты халық композиторы Мұхит Мера­лыұлының немересі Ғұбайдұлла Мұхитовтен жазып алады. Кейін Ғұбай­­дұлланың ағасы Ұлықпан 1934 жылы Алматыда өткен Бүкіл қазақ көр­кемөнер­паздарының ІІ слетінде, бұл шығармаларды академик Ахмет Жұбановқа жаздырады. 

«Абыл» күйі – халық арасында аты аңызға айналған туынды. А.Затаевич «Абыл» күйіне мынадай сипаттама бер­ген: «Басталуы, аяқ алысы ауыр, зілді, салмақты болып келгенімен, аздан соң құлашын кеңге тастап, аспандап, өзінің қарқынды қызу күшін көрсетеді. Мұндай сипат бұл тектес шығармаларда сирек кездесетін жайт. Енді негізгі бөлімнен кейін күйдің нәзік, майда әуенді екінші бөлімі басталады. Одан кейін соңғы өрістеу негізгі элементтерден құралып, шалқыған кең толқумен жүрісі жайлап барып бітеді. Бұл пьесаның құрылысы – оның негізінде бір поэтикалық бағдар­ламасы болғанын анықтайды. Бұл музыкалық поэманың кейіпкері тарихта болған», депті.

Құрманғазы атындағы ұлттық кон­сер­ваторияның профессоры, күйші Абдулхамит Райымбергенов «Күй қайнары» атты жинағында «Абыл» және «Нарату» күйлерін Ұлықпан Мұхитов орындауында нотаға түсіріп, көпшілікке ұсынған. Осы нота бойынша «Абыл» күйін алғаш рет оркестрге түсірген дирижер Алдаберген Мырзабеков болса, «Нарату» күйін оркестрге түсірген күй­ші, композитор, дирижер – Айтқали Жайымов.

Бертін келе «Абыл», «Нарату» күй­лері күйші, композитор Шәміл Әбіл­таевтың орындауында кеңінен мәлім болды. Оның туындылары туралы көр­кем шығармалар да бар. Мысалы, «Абыл» күйіне арнап жазушы Әбіш Кекіл­байұлы «Күй» повесін жазды. Оны күйші Шәміл Әбілтаев былай еске алады:

– Әбіш Кекілбайұлы «Күй» повесін жазғанда, мен Алматы мемлекеттік кон­серваториясының студентімін. Бірде осы­ған арнайы мені шақырып, «Абыл» күйін тыңдап отырып, осы повесті жазды, – дейді күйші.

Сонымен қатар Абылдың бұл туындылары мемлекеттік әнұранымыздың сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеде­новтің шығармашылығында кездеседі. Жұмекен Нәжімеденов «Абыл» күйіне арнап «Абыл» деген үлкен шығарма да жазған. Айта кету керек, Жұмекен Нәжімеденов – тек қана сөзді саптап, өлеңді өрнектеген ақын ғана емес, сонымен қатар домбыраның қос ішегін сөйлете білген күйші және керемет дауыс иесі. Оның орындаған күйлері мен әндері Қазақ радиосының «Алтын» қорында сақталған.

Ал енді «Наратуды» Сырым Датұлы­ның көтерілісіне қатысқан Зіл­ғара ба­тырдың ерлігіне байланысты шығар­ған.

Соңғы кезде «Абыл» және «Нарату» күйлері жыршы Елдос Емілдің орындауында көпшілікке кеңінен танылды. Елдос Емілдің орындағаны Ұлықпан Мұхитов жеткізген нұсқадан өзгеше. Себебі оның орындауындағы «Абыл» күйінде Маңғыстаудың мәнерлі ырғағы кездеседі. Ал «Нарату» күйі болса, марш ырғақты болып келеді. Ол «Абыл» күйін Сержан Шәкіраттан үйренсе, «Наратуды» күйші-композитор Мұрат Өскінбайұлының орындауындағы аудиожазбадан тыңдап орындаған. Қазіргі таңда «Абыл» және «Нарату» күйлері Елдостың орындауында нотаға түсті.

Абылдың тағы да ерекше аталатын туындыларының бірі – «Аранжанның шалқымасы». Бұл туралы әркім әртүрлі баяндайды. Негізі «Аранжанның шал­қымасы» күйінің шығу тарихы осы Аран­жанның ұрпағы, яғни Дәрметай Сер­сенғалиұлы ағамыздың айтуынша былай баяндалады:

«Бірде жас Абыл далада аң аулап жүріп, түркімен жәумітінің қолына түсіп қалады. Жәуміттер Абылдың сөзін тыңдамай, оны тұтқындайды. Арада бірнеше уақыт өткен соң, Абылдың із-түзсіз жоғалғаны білінеді. Ауыл-аймақ Абылды іздеп әуре-сарсаңға тү­седі. Кейін ауыл малшыларынан інісі Абылдың хабарын естіген Аранжан батыр араға уақыт салмай атқа қонып, түркіменнің Абдал руындағы беделді әрі бай досына барып, Абылды босатуды сұрайды. Мұны естіген олар Аранжанның айтқанын екі етпей орындайды. Жәуміттердің бұл қателігі үшін Аранжанның түркімен досы одан кешірім сұрап, қонақасы беріп, құрмет көрсетеді. Осы жақсылығы үшін күйші ағасы Аранжанға арнап күй шығарған».

Абылдың сонымен қатар «Ақжелең», «Кеңес», «Аманша, Санақай», «Бал­уанияз­ жорығы», «Бес шыңырау», «Қараған-­Босағадағы қай майдан», «Бес шы­ңырау» сынды күйлері ел арасында сақталған. Бірақ уақыт өте келе кейбір туындылары ұмытылып қалған.

Абылдың домбырасы Бертістен тараған Жұбанның үйінде сақталған. Оны 1920 жылы Жалғасбайдың үлкен ұлы Жүсіп алады. Жүсіп күйші, әнші, палуан болған. Ол дүниеден ерте озады. Кейін айттырулы Бегей ауылының қызы Алмашты әмеңгерлік жолмен Жүсіптің інісі Омарға атастырады. Бір өкініштісі, аумалы-төкпелі заманда Абылдың домбырасы Омардың баласы Бөгеннің үйінде жоғалып кеткен екен.

1990 жылы Ақтау қаласында балалар өнер мектебі ашылып, 1995 жы­лы 21 қыркүйекте Ақтау қалалық мәсли­хатының №99 шешімімен балалар өнер мек­тебіне күйшінің есімі беріледі. Қазір­гі таңда бұл мектепте 5 бөлім жұмыс істейді.

1995 жылы мамыр айында Маң­ғыстау облыстық филармониясы жанынан Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Былтыр бұл оркестр­ге – 25 жыл толды. Сондай-ақ күйші-композитор Абыл Тарақұлының туғанына биыл 200 жыл.  Осы орайда дарынды домбырашының және оның шығармашылығы туралы өзіміз білетін бірқатар деректі оқырманмен осылай бөлісуді жөн көрдік. 

 

Марат ҚАМАРАТДИНҰЛЫ,

дәстүрлі өнер зерттеуші, Күйшілер одағының мүшесі