15 Маусым, 2021

Селқос қоғамның салқыны

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамның аса қауіпті құ­былысы – асыл жастығын тәрк етіп, ана дүниеге асығатындардың қатары азаймай тұрғаны. Екі күннің бірінде жанын қиып, жантәсілім еткен жағдайды ести-ести етіміз де үйреніп барады. Жақында ғана жария болған жыл басынан бері 84 жасөспірімнің өзіне өзі қол жұмсағаны туралы хабар жанымызды түршіктірді. Айдың-күннің аманында осыншама жас өмірдің қиылуы – үлкен қасірет.

Селқос қоғамның салқыны

Мынау қоғам, шынында, меңіреу қоғам шығар... Қабырғамызды қайыстырарлық мұнша қасіретті көріп-біліп, сезініп отырсақ та мыңқ етпей қабылдаймыз. Мүлкіміз тоналып жатса да бұлай мүлгіп отырмаспыз. Ал бауыр ет – баламыздың амандығынан, адам өмірінен асқан байлық бар ма?! Мыңқ етпегеніміз емей немене, қанша жылдан бері дүниежүзілік суицид статистикасы бойынша үштіктегі орнымыз мызғымай тұр. Жығылғанға жұдырық болып, өзекті өртер бұл өкінішті көрсеткіш оңалудың орнына одан сайын өршіп бара жатқан сияқты.

Өткен жылы 144 жасөспірім өзіне өзі қол жұмсаса, биыл айналдырған бес айдың ішінде 84 жас өмір қыршыннан қиылды. Бұл – бер жағы, тек жасөспірімдер бойынша келтіріп отырған дерек. Ал жалпы былтыр 3 526 суицид жағдайы тіркелген, өзіне өзі қол жұмсауға талпынғандардың саны тіптен көп – 4 855. 2019 жылы 3 805 адам суицид жасаған, оның 180-і кәмелет жасына толмаған.

Жан түршігерлік мұндай оқиғалардың әлі де азая қоймағанын көріп отырмыз. Жоғарыда айтылған биылғы суицид дерегін жақында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеген еді. Ол құр деректі келтіріп қана қоймай, келеңсіз әрекетке итермелейтін себептерді де тізіп берді. «Үш жағдайдан біреуі туыстарымен келіспеушіліктен өзіне қол салады. Жалғыздықты сезіну салдарынан суицидке баратындар 12 пайызды, достарымен қарым-қатынасы үзілгендіктен өмірін де үзетіндер 10 пайызды, оқу орнындағы жанжалдар мен қаржылық қиындыққа тап болуына байланысты өзіне қол жұмсайтындар саны 3 пайызды құрайды. Биыл жасөспірімдер арасында 248 суицид әрекеті жасалды. 164 кәмелетке толмаған бала құтқарылды. Өкінішке қарай, 84-і көз жұмды», деді министр.

Осылайша оң-солын танымай жатып ерте солған жас өскін – жасөспірімдердің обалы кімге? Мұндайда көбіміз отбасын, ортасын кінәлап жатамыз. Дегенмен ауыр күйзеліске түсіп, жалғызсыраған, өзін қажет­сіз сезінген бейбақтарды дер кезінде, дәйім демей алмаған, қолдау көрсетіп қамқор бола алмаған қоғамда да жауапкершілік болуы керек.

Қарап отырсақ, суицид жасағандардың дені толық отбасында тәрбиеленген, жал­ғыздық көрер жері жоқ жасөспірімдер екен. Бұл мәселеде психологтер ата-ана мен баланың арасы алшақтап кеткенін, тіпті кей жағдайда баласына үлгі боларлық үлкендерінің өзі де өмірден түңіліп жүргенін алға тартады. Айналып келгенде рухани әлсіз қоғамның бір белгісі – осы отбасы институтының әлсіреуі. Жасөспірімдер арасында суицидтің өршіп тұрғанын айтып, дабыл қағып Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмендер Ерлан Саиров, Жұлдыз Сүлейменова, Елнұр Бейсенбаев «Бұл күрделі мәселенің ушығып кетуіне дәстүрлі отбасы институтының қысымға ұшырауы себеп» деген пікір білдірген. Осы орайда олар кешенді психо­логиялық қызметтердің тиімділігін арттыруды, ата-аналарға құқықтық, рухани, әдістемелік қолдау көрсететін институт құ­­­ру­ды ұсынады.

Расында, суицидтің психо-әлеуметтік мәселе екені әуелден айтылып келеді. Шемен-шері ішіне шиырланған жан тұйықталып, тығырыққа тірелгенде соны тарқатуға айналасындағылар аса мән беріп қарай қоймайды. Ал психологқа жүгінуді тіптен ойға да алмайды. Президент жанындағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеулер инс­титуты отбасы және балалар мәселесіне қатысты жүргізген әлеуметтік сауалдамасында рес­понденттердің көбі, 45,9 пайызы қажет болған жағдайда психологиялық көмек алуды құп көрмейтінін, тек 19,6 пайызы ғана психологқа жүгінуге дайын екенін айтқан. Адам психологиясы күрделі өзгерістерді басынан кешіріп жатқан қазіргі қоғамда осындай қатып қалған көзқарастарды да өзгертуіміз керек-ақ.

Суицид – суыған қоғамның тигізген салқыны. Соның салдары, жылылықтың, мейірімнің жетіспеуі қоғамды да рухани сал етеді. Сан соғып, санамыз сансырап қалмауы үшін жақынымызға жанашыр, қамқор, қорған болайықшы, адамдар...

 

Соңғы жаңалықтар