– Тілектес Исабайұлы, Сіз басқаратын университет Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ұлттық зерттеу университеті мәртебесін алды. Осыған кеңінен тоқталып өтсеңіз?
– Еліміздегі өндіруші салалар оң динамика көрсетіп отыр, ал ғылымды талап ететін өндірістер іс жүзінде толыққанды дамымай жатыр. Осының салдарынан технологиялық өнімдердің әлемдік нарығында отандық аграрлық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі төмен. Бұл салада өнім осы уақытқа дейін сыртқы нарыққа тек шикізат түрінде шығарылады. Мәселені шешудің бір ғана жолы – білімге негізделген инновациялық даму. Интеллектуалды ресурстар прогрессивті дүниежүзілік дамудың өзегіне айналды.
Жоғары білікті мамандар даярлауды жетілдіру отандық білім беру жүйесін жаңғыртпай, атап айтқанда, ғылымның дамуына негізделген инновациялық қызметті белсенді жүзеге асыратын университеттің жаңа моделін қалыптастырмайынша мүмкін емес. Сонымен қатар біз ғылымды инновациялық идеялардың көзі ретінде ғана емес, инновациялық үдерістердің барлық буынына енетін ресурс ретінде қарастырамыз.
Университеттер алда белсенді жұмыс жасап, әрдайым трендте болуы керек. Бірінші тренд – бұл жоғары білімнің бұқаралығы және үшінші деңгейлі білімі бар халық үлесінің артуы. Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі студенттердің саны 1,5 млрд-тан асты.
Ғалымдар еңбек өнімділігі елдегі жоғары білімді жұмысшылар санына тікелей байланысты екенін дәлелдеді. Экономикасы дамыған елдерде халықтың 30-50%-ы жоғары білімді және еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 40-60 мың долларды құрайды. Қазақстанда жұмыс жасайтын халықтың жалпы санының 18,5%-ы жоғары білімді, сондықтан еңбек өнімділігі әр жұмысшыға – 17,4 мың доллар. Егер аграрлық секторды алатын болсақ, осындағы көрсеткіштер одан да төмен: жоғары білімді жұмысшылардың үлесі 12%, ал еңбек өнімділігінің деңгейі – 11,8 мың доллар.
Екінші тренд – жоғары білімді интернационалдандыру. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі шетелдік студенттердің саны шамамен 5 млн-ға жетті. ЮНЕСКО-ның болжамдары бойынша 2025 жылға қарай шетелдік студенттердің саны 7 млн-ға жетеді. Шетелдік студенттер негізінен АҚШ, Ұлыбритания, Қытай сияқты еңбек өнімділігі жоғары елдерде оқиды. Қазақстанда 15 жыл ішінде шетелдік студенттер саны 1,7 есе артты. Бұл трендтің пайда болуына таланттар үшін жаһандық күрес ықпал етті.
Үшінші тренд – цифрлық платформа және жаңа технологиялар. Цифрландыру, «ақылды» технологиялар бүкіл әлемде оқыту үдерісін түбегейлі өзгертті. Кез келген адам өзі таңдаған елдің кез келген жоғары оқу орындарында ең арзан бағада, өзіне қолайлы уақытта, әлемнің кез келген жерінен сандық платформада білім ала алады. Пандемияға байланысты бұл басым трендке айналды.
Төртінші тренд – жоғары оқу орындарының миссиясын білім көздерінен зерттеу, инновациялық және технологиялық прогресс орталықтарына жылдам трансформациялануы. Қазақстанда бүкіл әлемдегідей жыл сайын қызметтік мансабына байланысты 3-тен 5-ке дейін мамандық ауыстыратын адамдар көбейіп келеді. Сондықтан әмбебап дағдылар алдыңғы қатарға шығады, мысалы: білім алу, ақпаратпен жұмыс істеу, жаңа технологияларды тез игеру, сыни тұрғыдан ойлау және кез келген мәселелерді шешуге шығармашылық тұрғыдан келу. Бұл дағдыларды дамыған ғылыми-білім беру инфрақұрылымы бар және кадрлық әлеуеті күшті зерттеу университеттері бере алады. Сондықтан біз оқу үдерісі ғылыми зерттеулерге негізделген зерттеу университеті моделін таңдадық.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу жекелеген елдерде ІЖӨ-нің экономикалық өсімін 50%-ға және одан да жоғары деңгейге жеткізеді. Қазіргі кезде әлемдік экономикада ғылымды қажет ететін өнімдер өндірісі макротехнологиялардың 50-55%-ын ғана қамтамасыз етеді. Дамуы жоғары деңгейдегі 9 елдің үлесіне барлық ғылымды қажет ететін өнімнің шамамен 80-90%-ы тиесілі. Бұл елдерде 50 макротехнологияның 46-сы бар. Мысалы, Қытай ғылымды қажет ететін өнімдердің экспортынан 500, Германия – 180, АҚШ – 150, Сингапур – 130, Оңтүстік Корея – 125 млрд доллар алады. Бұл ең алдымен ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы ресурстарының көлеміне байланысты.
Технологияда көшбасшы елдер ғылымға ІЖӨ құнының
2-5%-ын бөледі. Егер бұл көрсеткіш 1%-дан төмен болса, онда ол елдің ғылыми-техникалық қауіпсіздігі үшін шекті болып саналады. Қазақстанда ғылымның сыйымдылығы орта есеппен 0,17%-ды құрайды, яғни осы шекті деңгейден 6 есе төмен. 2019 жылы бұл көрсеткіш елдің ІЖӨ деңгейінен 0,12% дейін төмендеп кетті. Сондықтан республикада ғылымды қаржыландыруды 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
ІЖӨ-нің зерттеу қарқындылығын арттыру тәсілдерінің бірі – бір зерттеушіге бөлінетін шығындарды көбейту. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіш Қазақстанда орташа есеппен – 46 (тұтыну қабілеттілігінің паритеті бойынша), Ресейде – 54, Қытайда – 202, Жапонияда – 209, Германияда – 234, АҚШ-та – 300 мың долларды құрайды.
Елде 2025 жылға дейін қаржыландыру көлемін білім беру саласында 6 есе, ғылым саласында 7 есе көбейту туралы шешім қабылданды. Сондықтан экономиканың осы секторы үшін мамандар даярлау білім мен ғылымды қажет ететін өндіріс арқылы жүзеге асырылуы керек, бұған тек зерттеу университеттерінің ғана шамасы жетеді.
– Бүгінде елімізде аграрлық білім мен ғылым деңгейі қандай?
– Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің барлық қызметі елдегі аграрлық білім мен ғылымды дамытуға бағытталған. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік ғылымға 10 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді, бұл жалпы ғылымға кеткен шығынның шамамен 13%-ын құрайды. Қаржыландырудың осындай көлемінің арқасында аграрлық сала ғалымдары 500-ден аса ғылыми әзірлемелерді дайындап, өндіріске енгізуге ұсынды.
Дамыған елдерде ғылымға салынған 1 доллар өндіріске 4-тен 9 долларға дейін түсім беретіні белгілі. Біздің елімізде аграрлық ғылымға салынған 1 теңгеге 5 500 теңгені құрайтын өнім өндіріледі. Бұл біздің ғалымдар алған ғылыми нәтижелердің бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Алайда ғылыми әзірлемелер нәтижелерінің 8%-ы ғана өндіріске енгізіледі. Іс жүзінде ғылыми зерттеулердің нәтижесі төмен болғандықтан, агробизнес тарапынан ғылыми нәтижелерге сұраныстың төмендігі байқалады, сонымен қатар білім беру, технологиялар трансферті мен коммерцияландыру бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмейді. Сондықтан ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске ғылыми қолдау мәселесін шешу қажет.
Бұл мәселенің шешімі – ғылымға қаржы ресурстарын дұрыс бөлуде, өйткені оны қаржыландыруда үлкен айырмашылықтар бар. Барлық қаражаттың 90%-дан астамы ғылыми зерттеулерге, 10%-дан азы тәжірибелік жұмыстарға, ал 0%-ы трансферт пен коммерцияландыруға бөлінген. Әлемдік тәжірибеде осы үш бағыт шамамен бірдей қаржыландырылады, әрқайсысы – 30-35%-дан.
Бүгінгі таңда ғалымдар аграрлық ғылымды дамыту үшін түбегейлі шаралар қабылдауды ұсынады. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландырудан ғалымдарды қаржыландыруға көшу, тәжірибелік жұмыстарға шығындардың үлесін арттыру, технологияларды трансферттеуге және коммерциализациялауға бюджет қаражатын бөлу, тәжірибелік шаруашылықтардың санын озық жекеменшік агроқұрылымдарды тарту, олардың қызметтерін өзгерту есебінен көбейту.
Ғалымдар ДСҰ-ға мүше елдерде қолданылатындай «жасыл себет» шеңберінде фермерлердің шығындарын субсидиялау бойынша ұсыныстар әзірледі. «Жасыл себетке» мемлекеттік қолдау шаралары кіреді: ғылыми зерттеулер, дақылдардың зиянкестерімен және ауруларымен күресу, кадрларды даярлау, тауарларды нарыққа шығару қызметі, жалпыға қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қызмет көрсету және т.б. Бұл ғылымға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде дәл осы білімді тарату жүйесі – аграрлық ғылымның, білім беру мен өндірістің өзара байланысын қамтамасыз ететін, демек ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырудың негізгі құралы. Университеттің Ситуациялық орталығында апта сайын ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арналған онлайн-конференциялар өткізіліп тұрады, оған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері бойынша Қазақстанның барлық аймағынан 5 мыңға жуық ауыл кәсіпкерлері қатысады.
Инновациялық білім беруді дамыту үшін адами капиталдың әсері жеткіліксіз. Сондықтан білім беру ортасының өзін өзгерту керек. Тек еңбек ресурстарының білім көлемін ұлғайтып қана қоймай, білім мазмұнын, оның әдістері мен құралдарын сапалы өзгерту қажет. Ең бастысы, болашақ мамандарды дайындауға бизнес пен қоғам жоғары оқу орындарымен бірдей атсалысып, қалыс қалмауы керек.
Бүгінде Қазақстанның білім беру экономикасындағы корпоративтік бизнестің үлесі шамамен 1%-ды құрайды, ал Батыста бұл көрсеткіш 30%-ға жетеді. Әрине, мұндай ықпалдасу бизнес тарапынан бақылауды талап етеді, ол білім беру бағдарламаларының мазмұнын, аудиториялардың жабдықталуын тексеріп, университеттерге зерттеулерге және т.б. тапсырыс береді. Университеттегі барлық 209 білім беру бағдарламасы стейкхолдерлермен бірлесіп әзірленген.
Тәжірибелік дайындықты күшейту үшін университетте Агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығы жұмыс істейді, онда студенттер екінші курстан бастап ауылшаруашылық құрылымдарының нақты деректері негізінде бизнес-жобалар жасайды. Оқу аяқталғаннан кейін университет түлектері дайын бизнес жобаларымен өндіріске барады. Тәжірибелердің барлық түрі 7 айға дейін ұлғайтылды.
– Сіз басқаратын жоғары оқу орны қазіргі уақытта қандай халықаралық университеттермен тығыз ынтымақтастық орнатқан?
– Оқу орнымыз зерттеу университеті ретінде елімізде танымал болып, жетістікке жетіп, енді халықаралық ғылыми және білім беру қоғамдастығында танылуды мақсат етеді. Университет – әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орнымен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді, сондай-ақ жоғары білім мен ғылымның 16 халықаралық қауымдастықтары мен ұйымдарының, соның ішінде әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының жаһандық консорциумының (GCHERA) мүшесі.
Бізде Халықаралық білім хабы құрылды: академиялық ұтқырлық дамуда, үш тілді білім беру енгізілді, 14 бағыт бойынша жазғы және қысқы халықаралық мектептер өткізіледі.
АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты аймағының беделді университеттерімен белсенді ынтымақтастық орната отырып, университет 11 қос дипломды бағдарламаны қалыптастырды.
Университет өзінің инновациялық дамуында ауылшаруашылық мамандықтары бойынша QS әлемдік рейтингінде 1-орын алатын Вагенинген ғылыми-зерттеу университетінің (WUR, Нидерланд) тәжірибесін басшылыққа алады. Вагенинген университетімен жұмыс бойынша институт ашылды. WUR-мен «Ветеринарлық-тағам қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдік туралы ғылым және технологиялар» екі білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен оқыту туралы келісімге қол қойылды.
Осындай бағдарламалардың енгізілуі әлемдік деңгейдегі біліктілігі жоғары, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға және жинақталған тәжірибені еліміздің жоғары оқу орындарына трансферттеуге мүмкіндік береді.
– Соңғы кездері «сұр жағалылар» атанып жүрген, жоғары технологиялық кәсіпорындар мен ұйымдарда қалай жұмыс істеуді білетін мамандар нарықта сұранысқа ие. Мұндай мамандарды даярлау үшін университетте қандай жағдайлар жасалды?
– Университет еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болғысы келсе, алға қарай ұмтылып, мамандарды сапалы дайындауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін инновациялық орталықтар мен зертханалар құруы қажет. Құрамына 7 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 ғылыми зертхана, 18 халықаралық ғылыми орталық кіретін Халықаралық Агротехнологиялық хаб соңғы 5 жылда 6 ғылыми зертханамен және 2 инновациялық орталықпен толықты.
АҚШ-тың Корнелл университетімен бірлесіп микроклоналды көбею зерттеу зертханасы ашылды, онда 3 млн данаға дейін бактериялық күйікке және басқа ауруларға төзімді сау көшеттер алынады.
Нидерландтық Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесіп «Қарқынды бақ» зерттеу орталығы құрылды. Бұл жерде жеміс-жидек дақылдарының өнімділігі жергілікті дақылдарға қарағанда 4-5 есе жоғары.
Монпелье университетімен (Франция) бірлесіп ашылған референттік зерттеу зертханасы сүт пен сүт өнімдерінің сапасын талдайды, осында ауыл кәсіпкерлері өндірілген өнімнің сапасына сертификат ала алады.
Нидерландтық «Dutch Greenhouse Delta» қауымдастығымен университетте бесінші буын жылыжайы салынады, бұл жабық топырақта ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру бойынша білімді тарату орталығы ретінде құрылады.
Қазақстан-Корей ғылыми орталығында жабық топырақта ауылшаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын мамандар мен басшыларға арналған тренингтер өткізіледі. «Ақылды» жылыжай құрылысы жүріп жатыр. Инвестициялар Корея Республикасының қорынан тартылды.
Университеттің Қазақстандық-Беларусь орталығы 75 бірлік заманауи ауылшаруашылық техникасымен жабдықталған, бұл ауылшаруашылық дақылдарын өсіру мен ауыл шаруашылығы жануарларына күтім жасаудың барлық агротехнологиялық процесін уақытында жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық-Америкалық «Ақылды су» орталығында америкалық Valmont Industries компаниясымен бірлесіп инновациялық тамшылатып суару машиналары мен суару техникасының басқа түрлерінің демонстрациялық алаңы жасалуда.
Аустрияның «APC» компаниясымен бірге «Smart-фермасы» асыл тұқымды мал шаруашылығының инновациялық ғылыми-білім беру орталығы және т.б. жобалар жүзеге асырылуда.
Университеттегі бұл жұмыс жүйелі негізге қойылған, өйткені дамыған инфрақұрылым ғана мамандарды сапалы даярлауға және қайта даярлауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
– «Рухани жағыру» бағдарламасының түпкі мақсаты – ұлттық кодты нығайту, бәсекеге қабілетті мамандар корпусын қалыптастыру және әлемдік әлеуметтік-мәдени кеңістікке шығу. Осы бағытта университетте қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және «Рухани жағыру» бағдарламасын іске асыру аясында университетте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, түрлі тақырыпта ғылыми жобалар мен іс-шаралар әзірленуде. Жыл басынан бері университетте: «Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарындағы 30 айшықты оқиға», «30 ғылыми жоба», «30 қайырымды іс», «30 үздік стартап-жоба», «30 үздік жас ғалым», «30 үздік студент» және т.б. жобалар жүргізілуде.
Мысалы, «ҚазҰАЗУ-нің 30 үздік жас ғалымы» жобасының мақсаты – іргелі және қолданбалы ғылымның дамуына зор үлес қосқан жас ғалымдардың инновациялық идеяларын қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы олардың ғылыми әлеуеттерін жүзеге асыруларына көмектесу. Жобаға 40 жасты қоса алғанда магистрлар, PhD докторлары, зерттеушілер мен оқытушылар қатысады.
Жалпы жүйелі жұмыс нәтижесінде университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орын алады. Соңғы бір жыл ішінде университет үлкен жетістікке жетіп, 40 позицияға көтеріліп, әлемнің үздік университеттерінің QS рейтингінде 551 орынға ие болды. Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет болу.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»