Қоғам • 15 Маусым, 2021

Тарих толқынындағы генерал

401 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырында елге еңбек сіңіруді мұрат еткен ел ағаларының тарих толқынындағы өмір жолдарынан жас ұрпақтың алар тәлімі мол. Осы орайда бүгін біз өз ұлтының тарихына терең үңіліп, нағыз зерттеуші ғалым деңгейінде ел мен жерді аралап, тамыры терең түркі жұртының өткені мен бүгініне пәлсапалық көзқарасын білдіріп жүрген, қызметімен еліне еңбегі сіңген ақ самайлы азамат, Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, генерал-майор Ержан Исақұловтың өмір жолына тоқталмақпыз.

Тарих толқынындағы генерал

Тәуелсіздік жылдарының басын­да Ұлттық қауіпсіздік комитеті қыз­метінде болған Ержан Бекбауұлы – жас мемлекетіміздің тәй-тәй басқан қадамын көзі көрген, еліне еңбегі сіңген ел тұлғалары қатарында. Ол саяси аренадағы өз орны бар тәуелсіз, әлемдік үдерістерден қалыспай дамыған елге айналғанымызды әрдайым мақтан етеді. Сондай-ақ экономикалық, әлеу­меттік ахуалы тұралап тұрған Ақ­мола қаласының әсем қала Нұр-Сұл­танға айналғаны – Елбасы мен оған қолдау көрсеткен халқымыздың ерен еңбегінің жемісі, жетістігі мен жеңісі деп есептейді.

Ержан Бекбауұлының еліміздің ұлттық қауіпсіздік саласындағы табыс­­тары туралы айтары көп. «Биыл еліміз­дің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Мен сол отыз жылдың куәсімін. Осы жылдарда мемлекетіміз іргелі елге айналды, бүкіл дүние жүзіне танымал болды. БҰҰ-ның белді мүшесі атанды. Ядролық қару-жарақтың жойылуына бастамашылық етті. Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы көп жақсарды. Бұл тұста Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің қосқан үлесінің зор екенін айтқым келеді. Өйткені қа­зіргідей бейбіт, тұрақты мем­лекет­ке айналуымыздың жолында Ұлт­­тық қауіпсіздік органдарының қыз­­­меткерлері көп еңбек етті. Осы орайда тәуелсіз еліміздің арнайы орган­дарының басшылығында жүр­ген азаматтарымыздың еңбегін атамау мүм­кін емес. 90-жылдардың то­қы­рауында қауіпсіздік органдарына жан бітіріп, «мемлекеттік» сөзінің орнына «ұлттық» сөзін қойып, бұдан былай тек ұлт мүддесі жолында қызмет қылатын жаңа дәуірдің келгенін меңзеді. Елі­міздің арнайы органдарының алдында тұрған мәселелер өте көп болды. КСРО-дан қалған ескіліктен құтылып, бұған дейін Мәскеуден басқарылып келген Қазақстан үшін жаңа кезең жаңа талаптар қойды. Нарықтық эко­номиканың заңдары күшіне енді. Әлемдік озық елдермен интеграция жасау да өз же­містерін бере бастады», дейді кейіпкеріміз өткен шақ белестерін еске алып.

Ержан Бекбауұлының айтуынша, елімізге пайдасынан зияны көп жобаларды кіргізбеу, инвестор тонын жамылып келіп, қаржылық кіріп­тар­лыққа итермелейтін жобалардан сақ­тану қажет болды. Керісінше, тиімді ұсыныстарды дұрыс бағалап, елімізге игілігі тиетін жұмыстар қолға алынып жатты. Бұл жолда аталған экономикалық үдерістердің қатерлерін бағалауды қауіпсіздік органдарынсыз елестету мүмкін емес.

Әр жылдары еліміздің ұлттық қауіп­­­сіздік саласын басқарған Б.Бае­кенов, С.Тоқпақбаев, Ж.Жұманбеков, Н.Әбі­қаев, М.Тәжин, А.Шабдарбаев, Ә.Шаях­метов, В.Жұмақанов сияқты өз істеріне берік, ұлтымыздың адал азаматтарымен иық тіресе бірге жұмыс істеген уақытын өмірінің ең бір жарқын кезеңі деп санайтын Ержан Бекбауұлы: «2016 жылдың 8 қыркүйегінен бері ҰҚК төрағасы қызметін Кәрім Мәсімов атқарып келеді. Талай мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған, еліміздің саяси қалыптасу кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың сенімді серігі бола білген, алыс-жақын шетел­дермен дипло­матиялық, әскери-қор­ғаныс, құ­қық­тық мәселелердің оң шеші­луіне ық­палы еткен Кәрім Мә­сімовтің қауіп­сіз­дік қызметіне келуі тегін емес», дейді.

Ержан Бекбауұлының сөзіне қа­рағанда, ұлт мүддесі жолында қызмет еткен ҰҚК-ның әрбір қызметкерінің арқасында еліміз тыныштық пен бейбітшіліктің бесігінде тербелуде. Әлемдік геосаяси жағдайдың ушы­ғып тұрған шағында алыс-жақын көр­шілес елдер, оның ішінде Шығыс әлеміндегі талас-тартыстың соңы қан­төгіске ұласып, ең соңында мұның бәрінен қарапайым бейбіт халық жа­па шегуде. Әрине Қазақстанның ди­пломатиялық жұмысының дұрыс жол­ға қойылуы мен көршілерімізбен дос­тастық бағытын ұстануы еліміздің кемесін шайқалтпауда. Алайда кейбір күштердің іштен не сырттан әсер етіп, қоғамымыздың қалыптасқан өмірін ойрандауды көздейтіні жасырын емес. Сол себепті ел арасына іріткі салып, арам пиғылды көздеушілердің әре­кетіне жол бермеу үшін біздің бәрі­мізге ауызбіршілік қажет. Көзімізді кеңірек ашып, әрбір әрекеттің соңында бір мақсат тұратынын анық түсінуіміз керек.

Әрине ҰҚК-ның құзыретіне жататын қауіптерді бөліп-жарып қарай алмаймыз. Елімізге, ұлтымызға төнген кез келген қауіп-қатердің алдын алу, себебін анықтап, салдарын жою мен болашақта қайталанбауына жағдай жасау – міне, бүгінгі ҰҚК қызметінің тікелей міндеті. Бұл орайда ол: «Бүгінгі ғаламтор жүйе­сіне тәуелді электронды құралдар мен құрылғылар алаңдатушылығымды тудырады. Әрине заман ағымы бір орында тұрмайды, техника мен технология даму үстінде. Бірақ дәл осы қарыштап дамыған саланың өз әлсіз тұстары да бар деп есептеймін. Атап айтқанда, су беру жолдары, байланыс же­лілері, көліктік-коммуникациялық қам­тамасыз ету құралдары, спутник жүйесі, жылу-электр стансалары, тіп­ті зауыт-фабрикаларға дейін элек­тронды басқаруға көшірілген. Бұ­дан өзге, халыққа қызмет етудің көп ба­ғыты да ғаламтор желісін қолдану ар­қылы жүзеге асырылады. Ақпараттық базалар, азаматтарымыздың жеке басы туралы мәліметтер, мемлекеттік органдардағы жұмыста да электронды есептегіш машиналары арқылы өңделеді. Мұның барлығы өмірімізді көп жеңілдеткенімен, қауіпсіздік тұр­ғысынан осал жақтары бар екенін, алаңдататынын айтқым келеді. Өйткені кибершабуылдан жылу-электрсіз қа­луымыз мүмкін, осындай шабуылдың кесірінен ішіп отырған суымыз улануы мүмкін, байланыстан ажырап қалуымыз да ықтимал. Демек, киберқауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды».

Кейіпкеріміз мем­лекетіміздің құ­зырлы органда­ры ки­берқауіпсіздік мәселесіне көбі­рек ден қойса дейді. Оның ай­туынша, кез келген жауымыз әлсіз тұсымызды іздейді. Ал кибер­шабуылдардың зардабы бомба жарылысынан асып түспесе, кем болмауы әбден мүмкін.

Ержан Бекбауұлы бұдан әрі еліміздің тосыннан келер қатерлерге әзірлігінің де тиісті деңгейде болуы шарт екенін атап өтіп, соңғы екі жылдағы әлемді сас­тырған пандемияның Қазақстанға әсері жөнінде былай дейді: «Індетпен күреске қыруар қаржы жұмсалды. Ке­зінде Елбасының бастамасымен құ­рылған Ұлттық қордың дәл осы жағ­дайдағы сақтандыру қорына айналып шыға келгенін көріп отырмыз. Бұл да бір көреген саясаттың жемісі болар. Кейбір оппозициялық топтар дәл осы қордың құрылуына қарсылық білдіріп еді. Бірақ сын сағатта байқағанымыздай, қаржылық қауіпсіздік пен қордың болуы сөзсіз қажет екен».

Ержан Бекбауұлының айтуынша, тағы бір түйткіл – су мәселесі. Әлемде тұщы суға сұраныс күн санап артып, көптеген ел су тапшылығына ұшы­рауда. «Мемлекеттік деңгейде су стратегиясын қазірден ойластыру қажет. Күн санап өсіп келе жатқан халқымыз болашақта су проблемасына кезігуі мүм­кін. Өйткені біздегі сулардың кө­бінің бастауы шетелдерде және олар­дың да өз көздеген мүдделері мен қа­жеттіліктері бар. Бұл тұрғыдан ал­ғанда, су­дың басқа да көздерін қарас­тыру қажет деп ойлаймын. Барлық ғылыми-өндірістік әлеуетімізді пайдаланып, қол­данылған суды қайта өңдеп, тазалау, баламалы су көздерін іздеп тауып, жер­асты суларын зерттеп, бұл жұмысты қолға алуымыз керек деп санаймын. Ол үшін бізге технологиялық даму қажет».

Ержан Бекбауұлын толғандыратын, тағы бір жайт – азық-түлік қауіпсіздігі. «Құрғақшылық сияқты табиғи апаттарға дайын болуымыз қажет. Азық-түлік қорларын қалыптастыруымыз керек. Тарихымыздың азалы беттеріндегі тұтас ұлтымызға әкелген ашаршылық зардабын ұмытуға еш қақымыз жоқ», дейді ол.

Нағыз қайраткерге тән қыра­ғы­лықпен қоғам өмірінің тынысын ба­қылап, тиісті жерде өз пікірін біл­діріп, ағалық ақыл-кеңес, орынды сын мен сындарлы ой айтып жүрген Ержан Исақұлов Ауғанстаннан Кеңес Одағы­ның әскерін шығарған кезде миллиондаған оқ-дәрілердің барлығы Арыс қаласына әкелінгенін, бұл оқ-дәрі­лер әбден ескіргендіктен жарылыстар болуы әбден мүмкін екенін айтып, сонау 2009 жылы депуттатық сауал жолдап, он жылдан кейін орын алған төтенше оқиғаның болжамын жасағанын да айта кетелік. Сол сияқты ол кезінде елордаға жақын маңда ор­наласқан оқ-дәрі арсеналының қауіп­­тілігі жөнінде Елбасын ақпарат­тан­дырып, жарылғыш заттардың арнайы полигондарға апарылып жойылуын қада­ғалап, аталған қауіптің алдын алға­нын атап өткен орынды.

Ержан Бекбауұлының ел бола­ша­ғына, мемлекет қауіпсіздігіне қа­тысты айтары көп. «Жаһандану үрді­сінің теріс әсерінің бірі – экстремистік идеологияның таралуы, шетелдік на­сихатшылардың рекруттарына айналған азаматтарымыз зайырлы қоғамның қарсыласына айналуда. Аталған кеселмен күрестің кілті – қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің қолында. Өзге елдің жерінде жүріп жапа шеккен, улы идеяның құрбанына айналған, адасқан азаматтарымызға кешіріммен қарап, елге қайтаруға бағытталған гу­манитарлық «Жусан» операциясы да қоғамда кереғар пікірлер тудырғаны жасырын емес. Әрине қылмысқа қатыс­тылығы дәлелденгендер заң алдында тиісті жазаларын алды, бірақ бұл тұста басымдық ретінде жазықсыз сәбилер мен жарына еріп жаңылған аналарды елге қайтаруға берілді.

Біз өз кемшіліктерімізді де білуге тиіспіз. Мысалы, адами капиталға көп көңіл бөлуіміз керек. Барды сатып қа­на күн көретін емес, ілім мен білім, ғы­лымға сүйеніп алдыңғы қатардан табылып жатқан елдер көп. Қазіргі жағдайды түземесек, болашақта тек тұтынушы ел болып қалуымыз мүмкін. Ол үшін әркім өзі отырған жұмыс орнының на­ғыз маманына айналып, өзіне сеніп тапсырылған істі жоғары деңгейде орындауы тиіс. Әрине мемлекет тарапынан да қолдау болып, қолынан іс келетін азаматтарымызға жағдай жасауымыз керек.

Жоғарыда аталған жаһандану про­цесінің тағы бір зардабы десек болады, ол – ұлттық құндылықтарымыздың, жадымыздың шайылып кетіп жатқаны. Қазірден бастап бұл мәселелерді жіті бақылауға алмасақ, келешекте тілінен, ділінен алыстаған ұрпақ өсіп шығуы мүмкін.

Әсіресе мені тіл мәселесі қатты алаң­датады. Соңғы уақытта зерттеу жұ­мыстарымен айналысып жүр­генім­нен бо­лар, тіліміздің маңызы мен үшін бі­рінші орынға шығып отыр. Түркі тілінен бастау алып, ертеректе арабша, шағатайша жазып келсек, кейін келе кириллицаға көштік. Енді, міне, латын алфавитіне ауысқалы отырмыз. Байқап отырсаңыз, өз жерімізде жүріп, өз тілімізде жетік сөйлеп жарытып жүргеніміз аз. Әр қазақ баласы бұл кемшілікті жоюға атсалыспаса, ұрпағына өсиет қылмаса, тіліміздің тағдыры қыл үстінде.

Зерттеу мақалаларымды, көне кітап­тардың тұпнұсқалары негізінде жа­зылған «Шыңғыс хан» кітабымды оқыр­ман қауымның кейбірі орыс ті­лінде ұсынуымды сұрайды. Бұл деге­німіз – тарихқа қызығушылығы бар болғанымен, тілдік білімдерінің, қазақ тіліндегі материалдарды қабылдау әлі де көпшілік үшін қиындық туды­ратынын білдіреді. Әрине бұл өкі­нішті», дейді Ержан Бекбауұлы өзегін өртеген мәселелердің шешімін таппай жүргеніне қынжылып.

Ол бәз біреулердің жерімізге сұқтана қарап, жай ғана қарап қоймай, қазақтың ана жері біздікі, мына жері біздікі деп өзеуреп жүргенін арандатушылық деп есептейді. «Бізге босаңсуға болмайды. Өйткені жер дауы – қауіп пен қатерді ала жүретін үлкен мәселе. Біздің мұрат – бабаларымыздан қалған жерімізді келер ұрпаққа тапсыру».

Ержан Бекбауұлы болашақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлудің маңыз­дылығын жете түсінетін азамат ретінде бүгінгі таңда әсіре діншілдіктен келетін қауіпке көз жұма қарай алмайды. «Ин­тернетте ашық таратылып жүрген уа­ғыздар мен дін жайлы айтылатын түсініктемелерді, діни ойлар мен тал­қылауларды дұрыс түсіне білу қажет. Сөздің құдіреті күшті, сол себепті кез келген сөзді контекстен ажыратып қарауға болмайды. Қазақстан зайыр­лы ел дегенімізбен, осы айтылған мә­селелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет деп ойлаймын. Имандылықтың кілтін ұстап жүрген білім мен білігі жеткілікті дін саласының нағыз мамандарына қолдау көрсеткен дұрыс».

Жалпы, тарихтың ақтаңдақ бетте­рінің ашылмай жүрген құпияларын із­деп тауып, бұрмаланған бұрыс тұста­рын ашуға атсалысып жүрген бір жан болса, ол – Ержан Исақұлов.

Ол – нағыз Шығыс ұлына тән қа­сие­тімен шыққан тегі мен бабалар жолын іздеп, ұмытыла жаздаған тарихымыздың тың беттерін зерттеп, ашып жүрген іздеуші. Сонау Иран елінен алты жүз-жеті жүз жыл бұрын жазылған көне кітаптарды қазақшаға аударып, қитұрқы саяси мақсатпен әдейі қате жазылған кей деректерді жоққа шығарып, нағыз қазақтың арғы тегіне құрығын жеткізуді мұрат етті.

Саяси ғылымдар докторы Ержан Иса­құловтың «Шыңғыс хан» кітабын­дағы Ұлы қаған жайлы жасаған терең зерттеулері оқырманның қазақ тарихына деген қызығушылығын оятып, түркі халықтарының түп-тұқиянына жол сілтейді. Табиғаты керемет Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма өзенінің тарихы, Бұрхан Қалдун тауларының, Тарбағатайдың Бұлдақ Қасыр атаулы шыңдарына қатысты тамаша деректерге тарих қойнауынан тіл қатырды. Нағыз зерттеушіге тән ұқыптылықпен Мұ­ғулстан мемлекетінің этностық құрамы мен географиялық мекендерін, Шыңғыс хан мен оның ұрпағының хандық ордалары болған Қарақорым, Емел, Қобық, Алакөл, Алмалық атауларымен таныстырды.

Зерттеушінің тың деректері жүйелі­лігімен, тарихи артефактілердің дәлелді беріліп, белгілі бір логикалық тізбекте құрылуымен ерекшеленеді.

Осы орайда Ержан Бекбауұлының «Казахстанская правда» газетінің 2021 жылғы 9 сәуірдегі нөміріндегі мақа­ласында өзінің «Шыңғыс хан» кітабына қатысты қалың оқырманға түсінікті тілмен жіліктеп беруге тырысқанын атап өту қажет.

Ержан Бекбауұлы халықтың рухани байлығын дамытуға еңбек сіңі­ріп, «рухани ұстаз» ретінде танымал болған арғы бабасы Бекасыл Бибо­латұлы туралы тарихи мұраны жаң­ғыртуды қолға алғаны да бөлек әңгіме. Ислам қағидаттарын терең меңгерген, діни тұрғыдан өте сауатты Бекасыл Би­болатұлы өз еңбегін адам баласының танымын қалыптастыру мақсатында қазақы дүниетанымды исламның не­гіздерімен үйлестіріп жазған екен.

Ғұлама ойшыл Бекасыл Биболат­ұлының асыл мұрасы – «Зикзал» ал­ғаш рет 2005 жылы бір том болып, екін­ші рет 2011 жылы толықтырылып, екі том болып «Жұлдызнама» деген атпен жарық көрген болатын. Алғаш­қы нұсқасын аударғандар – Мақсұт Ша­пиғи мен Сәрсенбі Дәуітұлы. Екін­ші нұсқасын аударған – Абдулла қажы Жолдасұлы. Араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінде жазылған бұл аса құнды мұра алғашқы екі басылымында да толық аударылмаған болатын. Соңғы жылдары араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінің білгірі, белгілі дін­танушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Зәріпбай Оразбай бұл кі­тапты толық аударып шығып, 2014 жылы «Нұрлы өрнектер» деген атпен жариялады.

Тарихтың тереңінен жеткен рухани мұраларымыздың зерттелуі мен қалың оқырманға жеткізіліп, тиісті бағасын алуы алдағы уақыттың еншісі болар. Өткеніміздің тағылымын парақтап, ұрпақ мұрасын түгендеп жүрген Ер­жан Бекбауұлы сынды ағамыздың назарындағы дүниелер бізді әлі талай таңғалдыратыны анық.

Адам баласының ізгі қасиеттерін биік ұстап, өмірдің әр сәтінің қара­пайым қуаныштарын бағалап, бала сүйіп, ұрпақ жалғап, туғандарың мен бауырларыңның ортасында әдемі өмір кешкенге не жетсін! Бұл тұрғыдан алған­да, кейіпкеріміз өзінің отбасылық бақы­тының кілтін тауып, жұбайы Ботакөзбен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде немере, жиен сүйіп, мәнді де сәнді ғұмыр кешіп жүрген ел ағасы.

Ардақты ағамыз мамыр айының мейрамдары қарсаңында ҰҚК Орталық аппаратының ғимаратына келіп, ізба­сарлары, қауіпсіздік органдары мен қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген жас буынға өз ақылын айтып, құттықтап шықты.

Ержан Бекбауұлымен болған сол біраз уақыттық кездесуімізден қалған мағыналы ойлары мен сүбелі пікірлерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

 

Рүстем ҚҰРМАНҒАЗИН,

ҰҚК Баспасөз қызметі