Өнер • 15 Маусым, 2021

Сәукеле және баскиімнің биік болу мәні

1639 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қай кезеңде болмасын бас киім формасы климаттық жағдайға және материалдың сапасына байланысты түрлі пішінде, сол қоғам талаптарына лайықты деңгейде тігілді. Қазақ ұлттық бас киімдерінің көркемдікке ұмтылысы мен олардың бас киім үлгілерінің ежелден қалыптасқан түрлерін байқаймыз. Қазақтардың ежелден эстетикалық әсемдікке деген құштарлығын ерекше философиялық ойлау жүйесінен көреміз. 

Сәукеле және баскиімнің биік болу мәні

Солардың ішінде осы уақытқа дейін назар аударылмай келе жатқан жәйт қазақ бас киімдерінің биік болу ерекшелігі. Қазақ бас киімнің түп негізі ежелгі сақ заманынан, Шыңғыс хан дәуіріндегі Бодок аталып жүрген әйел бас киімі де, одан бергі қазақ сәукелелерінің биік болуы ешкімді бей-жай қалдырмауы керек.

Мәселенің бәрі Есіктен табыл­ған алтын киімді сақ жауынгерінің бас киімінен шығады. «Алтын адам­ға» тікелей ғылыми зерттеу жүр­гізген К.Ақышев пен мәскеулік антро­пологтардың зерттеуі бойынша ол – ер адам. Белгілі антрополог-ға­лым О.Смағұловтың зерттеуінде де жерленген жауынгердің жас шамасы 18-19 жастағы ер адам.

Алайда еліміз тәуелсіздік алып сақ жауынгері ұлтымыздың бас рә­мі­зіне айналғаннан бастап, ол әйел адам­ның киімі деген пікірталас өр­біп, толастамай тұр. Алғаш филолог ғалым М.Барманқұлов, ол – әйел адам деген қарапайым журналистік болжам жасады. «Алтын адам» әйел деген гипотезаны жақтаушылардың долбары бойынша сүйектер жақсы сақталмаған, ал бас киімі ұзын сәукеле сияқты. Бұл пікірді қолдаушылар­дың қатарында Бек Ыбраев секілді бел­гілі мәдениеттанушылар да болды.

«Шошақ бөрікті киімді барлық сақ тайпасы және Еуропаның көп бөлігіндегі скиф тайпалары да киген», деп К.Ақышевтің топшылауы бойынша ұзын бас киімді ер адамдар да киген. Бехистун жартасындағы сақ Скунханың бас киімінің (70 сантиметр) биіктігімен Есік қорғанындағы бас киіммен сәйкес (65 сантиметр). Сондықтан бас киімнің Персополь сатысындағы рельефтік суреттегідей биік болуы заңды.

«Бехустин жазбалары» Қазақстан тарихы үшін аса маңызды ежелгі парсы деректерінің бірі де, бірегейі болып табылады. Еңбекте бізге қажетті тұсы тұтқынға түскен, соңында келе жатқан сақ патшасының басындағы шошақ бөрік және шошақ бас киім киген сақ жауынгерлері. Сонымен қатар барлық қазбадан табылған сақ қорғандарындағы ерлердің киі­мі­нің бәрінің қасынан қарулары, қан­жарлары табылған.

Ал 1959 жылы Дондағы Елизавета қорғанынан скиф жауынгері қаруы­мен бірге табылғанда, қасынан пат­шайымның да қабірі табылған. Пат­шайымның бас киімі шошақ, әшекейі гүл бейнелі. Бас киімнің төбесінен беліне дейін жамылғы мата түскен. Бұл кәдімгі сәукелені еске түсіреді. Бірақ семсері, қару-жарағы жоқ.

Ал 1999 жылы Атырау аймағын­дағы Аралтөбе қорғанындағы сақ жауынгерінің қасынан қару та­былған болатын. Сондай-ақ Шығыс Қазақ­стан облысы аймағында 2003 жылы табылған Шілікті қорға­нын­дағы патша қабірінен де қару-жа­рақ шыққан. Ал 2012 жылы Батыс Қа­зақстанның Тақсай қорғанынан ерте сақ кезеңіне жататын әйел адам табылды. Бұл қорғаннан да әр­түрлі әшекейлер мен бұйымдар қа­зылып алынған. Осының өзі-ақ ерлер қорғанында қару болатыны, Есік қор­ғанының жауынгері ер кісі екенін дәлелдейді.

Ал қазақ бас киімдерінің ең әде­місі де бағалысы да – сәукеле. Сәу­келе тек бір адамға ғана арналып тігі­леді. Ежелгі түркі әлемінің атақты зерт­­теушісі Амантай Айзахметов «Рож­­дение тюркского мира» кіта­бын­да, осы зерттеуімізге орай, түр­­кі әлемінің бастауын сонау Крит Микен мәдениетіне тартатын пікір­лер кел­тіреді. Сол кітапта Джорж Томсон «Ис­следования по истории древне­греческого общества» (до­исто­рический Эгейский мир) ат­ты зерттеу кітаптан «Ке­леи» деген өте кең таралған түр­ге жататын ауыл­дың атауы айты­лады. Фес­тимдер, Алакоменам, Элев­те­риям, Потниям, Алесиям сияқ­ты ауылда­рмен қа­тар, бұл ауыл­дың атауы жергілікті әйел­­дерге табы­ну­ды білдіреді жә­не «Келеи» сөз­бе-сөз «айқай­ла­ған әйелдер» деген­ді білдіреді (kaleo, kelomai). «Айы­на бір рет бұл ауыл­­­дың әйелдері қиы­лыстарға шы­ғып, айға қарап айқай­лайды», деген та­­маша дерек келтірген.

Гомерге дейінгі уақыттағы Крит Ми­кен аралдарымен Грекияның түр­кілік кезең екенін дәлелдейтін тіл­дік тұрғыдан байқауға болатын мы­сал­дардың бірі. Қазақша «кел омай». Қазақ грамматикасында суффикс «ай» мейіріммен, еркелетіп айту мағынасында қолданылады. Апай, ағай деген сияқты. «Кел Ұм» қазіргі күнде келін болып өзгерген. «Ұмай ана» деп жүргеніміз де – осы сөз.

Ал Сәукеле сөзін Бек Ыбраев, Дас­тан Елдес, Серік Ерғали т.б мә­де­­ниеттанушылар «Сау келуші» де­ген сөзден шыққан деп пікір айтады. Яғни жас келін о дүниеден бұ дүние­ге қайта келуші ретінде сипатталады. Бірақ жас келіннің өліп-тірілту рәсіміне ғылыми дерек жоқ және негізсіз.

Сәукеле сөзін түсіндірсек оның ғылыми ауқымы өте кең. Ең түсінікті сөз сәуегей – алдағыны, болашақты көруші. Сәуе – болашақ деген сөз. Сәу әуе – болашақ жарық жолы, Сәуле деген – нұр. Сәулем – деген бойжеткен қыз, болашақтан нұр шашушы. Түбір сөз Сәу – ғарыштан нұр шығарушы. Сәукеле сонда болашақтан, ғарыштан келуші Ұм. Мейіріммен айтқанда «Ұмай». Яғни болашақтан келетін «кел Ұм», «келін». Өйткені адам ұрпағын болашаққа жеткізуші келін ғой. Жас келін – ұрпақты болашаққа өсіріп, өрбітіп жеткізуші. Адам ұрпа­ғымен мың жасайды дейміз. Әйелге бұндай құрметті әлем діндерінен де, дәстүрлерден де таба алмайсыз. Қан­дай терең философия.

Ал Сәукеле дизайынында – нұр бейнесіндегі салпыншақтар төгіліп тұратынын байқауға болады. Қыз ұза­туда ұзатушы жақ сәукелеге ерекше мән берген және ол өте қымбат бағаға жасалған. Оның түп негізінде болашаққа деген ерекше құрмет жатыр. Сәукеле әшекейлері төбеден нұр төгілгендей әсерге бөлейді. Тұрмысқа шығатын қызға арнайы тігіліп, ерекше асыл тастармен безендірілетін өте бағалы бас киім. Жас келін ұр­пақты болашаққа жеткізуші. Өзі сол болашақ жарық әлемнен келуші. Беташар айтып келінді бұл дүниеге енгізеді.

Енді осы Сәукеле мен Сақтардың, оның ұрпақтары – қазақтардың бас киімі неге биік деген сұрақ туады.

Осы күнге дейін қазақтарда сақ­талған шошақ бас киімнің түп негізі көне сақ дүниетанымы екенін және не үшін биік болатынына зерттеуші­лер назар аудармай келеді. Қазақтар­да шеңбер – ең қасиетті өлшем. Ол – кемел тұтастық, жинақылық. Отау киіз үйдің өзі де шеңберден тұрады. Қозғалыстың негізі арба дөңгелегі де шеңбер.

В.Радловтың жазбаларында отау киіз үйдің ішінде шеңбер, сон­дай-ақ ішінде пентаграмалы адам бей­несін шаңыраққа іліп қойғаны, тәңір­дің бейнесі бейнеленгені туралы жазыл­ған. Ол бейнеде бас киімсіз ба­сы шеңберге жеткен (2-ші сурет). Сол арқылы тұтастыққа ие бол­­ған. Бас киімнің биіктігі қол со­зым шең­бер­ге тұруы неғұрлым Тә­ңір­­ге жа­қын­дықты көрсетеді. Мә­­дениет­тану­шы Ұ.Нұрғалым өз мақа­ласын­­да шаңы­рақтың шеңбер ағашын «арыс» деп айтатынын жазған. «Арыс» қа­зақ­тар үшін ең дәрежелі ұғым. Сурет­ті рәміз бойынша талдасақ төбесі көк­ке ­жеткен адам. Кемел адам мағына­сын береді.

Пропорция заңдылығы бойынша қол-аяғы жетіп тұрған жерге басының жетпеуін шошақ бас киім арқылы көрсеткен (2-ші сурет). Бас киімнің биік болуы – дәреже.

Ал адамдар бас киімімен ғана шең­берге жетіп өзінің қалаулы адам еке­нін көрсеткен. Бұдан басқа шеңбер ішіндегі пентаграмма Шіліктіден та­был­ған б.з.б. VII ғасырлардағы сақ пат­шасының қабірінен де табылған (3-ші сурет).

Бұл алғашқы наградтаудың түп негізі. Патша құдай қалаулысы ре­тінде жұлдыз алған. Жалпы түркі мә­дениетінде оң мен сол, алды және арты сияқты жұп сандар жазықтық кеңістікті көрсетеді. Екі, төрт, алты, сегіз сияқты бұрыштармен кеңістікті белгілеу орын алған. Ал тылсым ға­рыш әлемі бөлінбейтін әлем болған­дықтан бес, жеті сияқты тақ сандармен белгіленеді.

Арғытектен үзілмей келе жатқан шошақ бас киім кейін қазақтарда үлкен мәртебе болды.

Яғни бас киімнің биік болуы тә­ңірге жақындықты, кемел тұтас­тық­ты, мәртебені, таңдаулы адам деген рәміз белгіні білдіреді.

Бұл жерде сақтардың бас киімін жасаушылар пропорция заңдылы­ғын жақсы білген. Қолды төбеге ти­гіз­генде тұтас шеңбер болатынын Қайта өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчи де дәлелдеген. Бірақ олар бас киімге арнап философиялық мән үстемеген.

Қазақ сәукелесі этномәдени, рухани, дүниетанымдық алғышарттардың тұтас жүйесі бар ұлттық өнер код­тарымыздың бірі. Сәукеле – ұлттық брендтеріміздің үлкен бөлшегі. Өйт­­кені оның қалыптасуы ежелгі дүние­ден бастап қазақ ұлтының пайда бо­луы дәуірін түгел қамтиды. Бас киім ықылым заманнан бері қоғамда ма­ңызды рөл атқарған. Қазақ бас киімі­нің ерекшелігі адам мен әлемнің бай­ланысы туралы космогониялық дү­ние­таныммен де тығыз байланысты.

 

Жанарбек БЕРІСТЕН,

профессор,

философия ғылымдарының кандидаты