Білім • 15 Маусым, 2021

Мектептерді ашатын кез келді

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

МАНИЛА/БАНГКОК. Коронавирус пандемиясының жалғасып жатқанына екінші жыл болғандықтан, мектептерді қауіпсіз түрде қайта ашу кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Мектепке бару балалардың білімі мен өмірлік ұстанымын қалыптастыруда өте өзекті. Оқу орындарын ұзақ мерзімге жабу балалар үшін де, қоғам үшін де қиынға соғып, оның салдарымен күресуі қымбатқа түседі.

 

Мектептерді ашатын кез келді

Пандемия басталғаннан бергі деректер Covid-19 балалар үшін үлкен қауіп төндірмейтінін, мектептер дерттің таралуына қолайлы орта емес екенін көрсетті. Осы орайда балалар, мұғалімдер және олардың отбасыларына төнген қауіпті азайту жөнінде көп мәлімет жинадық. Осыны қолдана отырып, балалардың болашағын қорғау үшін қауіпсіз түрде мектептерді қайта ашуға тырысуымыз керек.

Мектептің ұзақ уақытқа жабылуы балалардың дағдыларды игеру мен болашақтағы мүмкіндіктерге ғана емес, олардың физикалық және психикалық денсаулығына да әсер етеді. Интернет арқылы білім беру кейбір баланың оқуын үзіп алмауына мүмкіндік жасағанымен, ол сыныпта отырып оқуды алмастыра алмайды. Сонымен қатар онлайн оқыту баршаға бірдей қолжетімді емес. Өйткені осал топтағы балалар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулілер, иммиграциядан зардап шеккендер, азшылық топтағылар үшін цифрлы білімнің кемшіліктері кедергі келтіріп отыр.

Пандемия басталғалы мектеп жасындағы балалар арасында мазасыздық, депрессия және өзін өзі зақымдаудың күшейгені анықталды. Сыныпқа бармаған балаларда жалғыздық сезімі күшейіп, бір нәрсеге ден қоюы қиындап, оқудан шаршау деңгейі жоғарылағаны байқалады. Бұл проблемалар мектептер жабық болған сайын ұлғая түседі.

Мектептердің жабылуы сонымен қатар физикалық белсенділіктің төмендеуіне, дұрыс тамақтанбауға, ұйқының бұзылуына әкелді. Кей балаға үйде көп уақыт өткізу отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болуы ықтималдылығын жоғарылатады. Сол секілді экранға телміру де интернеттің зиянын күшейтеді. Мектептер жабылғандықтан, зорлық-зомбылық пен психикалық денсаулық мәселелерін анықтау мен хабарлаудың маңызды орны да жабылды.

Азиядағы дамушы елдердің жартысына жуығында пандемия кезінде мектептер 200 күннен астам уақыт есіктеріне құлып салды. Сондықтан өңірдегі мемлекеттер мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектептегі балалардың оқу және математикалық дағдыларының әдеттегі деңгейден төмендеуіне, сондай-ақ осал топтағы балалар мен олардың құрдастары арасындағы айырмашылықтың алшақтауына дайындалуы керек.

Азия даму банкі мектептердің ұзақ уақытқа жабылуына байланысты келген шығын салдарынан зардап шеккен оқушылардың болашақтағы еңбек өнімділігі мен өмір бойғы табысы айтарлықтай төмендейтінін ескертеді. Осы шығындардың жалпы құны 1,25 триллион долларға бағаланып отыр. Бұл аймақтың 2020 жылғы ішкі жалпы өнім көлемінің 5,4 пайызына тең. Пандемияға дейін де 2030 Тұрақты даму мақсатына кірген білім беру саласындағы міндетті орындау қиын болатын. Енді ЮНИСЕФ пен ЮНЕСКО-ның есептеуінше, осы мақсаттарға жету үшін өңірдегі елдердің білім беру саласына бөлетін бюджеті ең кемі 7 пайызға өсуі керек.

Мектептердің жабылуынан келетін шығындардың анық екеніне қарамастан, көптеген ел әлі де оқуды жалғастырудан қорқып, білім ордаларын қайта ашудан бас тартып отыр. Бірақ дәл қазір Covid-19 және балалар туралы білетінімізді қайта қарап, мектептерді қауіпсіз түрде ашуға жұмылдыруға назар аударуымыз керек.

Дүние жүзінде балалар арасында коронавирус жұқтыру деңгейі өте төмен. Бастауыш мектеп жасындағы және одан кіші жастағы балалар ауруды жұқтыру қаупі төмен топтардың қатарына жатады. Олар Covid-19 жұқтырғанда да ересектерге қарағанда, дертті жеңіл өткізеді (сондықтан олардың ауруханаға жатқызылған немесе өлімі туралы деректер болмашы ғана). Ал Кореяда балаларға жасалған зерттеу Covid-19 жұқтырған балалардан вирустың таралу ықтималдылығы аз екенін көрсетті.

Қысқаша айтқанда, бастауыш мектептер, мектепке дейінгі мекемелер және балаларды ерте дамыту орталықтары қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтаса, науқастың таралуы екіталай. Сондай-ақ вирустың тарау деңгейі қоршаған ортаға сәйкес келетіні анықталды.

Осы орайда ерекше ескеретін жағдайдың бірі – орта мектеп (жоғары сыныптар). Мұнда бастауыш сыныптарға қарағанда, эпидемияның таралу ауқымы кең. Жасөспірімдер вирусты ересектер секілді тарататындықтан, орта мектептердің ішінара жабылуын қалдыру қажет. Бірақ бұған соңғы шара ретінде, ел ішінде вирустың таралуы күшейгенде ғана жүгінген жөн. Мектептер уақытша жабылғанда, басқа қоғамдық деңгейдегі денсаулық сақтау мен әлеуметтік шаралармен бірге жасалуы керек.

Жалпы алғанда, мектептердің, әсіресе мектепке дейінгі және бастауыш мектептердің қайта ашылу қажеттігін бүкіл дерек көрсетіп тұр. Бұл балаларды ерте дамыту орталықтарына да қатысты. Қауіп нөлдік деңгейде деген ұғым жоқ. Бірақ тиімді басқару стратегиясы арқылы қауіпті азайтуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемия кезінде жұмыс істейтін мектептер туралы нұсқауында коронавирустың жұғуы мен таралуын азайтуға арналған бірнеше шара бар. Оларға жеке гигиена ережелері, масканы дұрыс қолдану, әлеуметтік арақашықтық, жеткілікті желдету, үстел үстін үнемі тазарту және зарарсыздандыру кіреді. Сыныпта да, мектептен тыс жұмыстарда да осыған сай әрекет ету үшін ата-аналармен және балалармен нақты және дәйекті байланыс жасау да аса маңызды.

Саясаткерлер сонымен қатар қоғамда вирустың таралу деңгейі, инфекциялардың көбеюіне жол бермеу секілді факторларға қоса, жергілікті жағдайды ескеріп, мектепте оқытуды қалпына келтіруді қарастырғаны жөн. Кейбір жерде денсаулық сақтау және білім беру қызметтері қажетті қауіпсіздік шараларын іске асыру үшін қосымша қаражатқа мұқтаж.

Аталған шаралардың бәріне қырағылықпен қарап, қауіпсіздікті сақтау өте маңызды. Бұл тек мектептер үшін ғана емес, сонымен қатар коронавируспен күресте, оның ішінде вирустар мен мутациялардың өршіп, таралуына жол бермеуге бағытталған кең ауқымды күш-жігеріміз үшін де өзекті.

Жақсы жаңалық, мектептердің қайта ашылуы вакцинаның болуына байланысты емес. Біз дәл қазір тұрақты «жаңа қалыпқа» ұмтылуымыз керек. Балалардың мектепке бару қаупі салыстырмалы түрде төмен болса, оларды өз сыныптарына кіргізбеудің салдары ауыр әрі ауқымды. Мектеп есігін қайта ашатын кез келді.

 

Такеши КАСАЙ,

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Батыс Тынық мұхиты бойынша аймақтық директоры,

Карин ХУЛЬШОФ,

ЮНИСЕФ-тің Шығыс Азия және Тынық мұхиты бойынша аймақтық директоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org