Таным • 15 Маусым, 2021

«Тарих-и Рашиди» және АБЖАД есебі

2026 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Мырза Мұхаммед Хайдардың атын әлемге, жаһанға мәшһүр еткен өшпес, өл­мес классикалық асыл мұрасы – «Тарих-и Рашиди».

«Тарих-и Рашиди» және АБЖАД есебі

«Тарих-и Рашиди» екі ғасырға жуық дәуірді қамтитын кең тынысты, шалқар мәлімет жинақталған бірегей эпопея, бұл мұра әртүрлі ғылым салаларына қатыс­ты өте мол ақпарат, ілім-білімге қанық­тыра­тын телегей теңіз танымдық рухани қайнар бұлақ көзі іспеттес.

Біздің заманымызға келіп жеткен әдеби мұралардың ешбірінде кездеспейтін, тіпті ұшыраспайтын мәліметтер мен деректер тек қана «Тарих-и Рашидиде» ғана айтылатынын ерекше атап өткен жөн. Соның бірі – ертеден бері қолданылып келе жатқан АБЖАД есебіне қатысты. АБЖАД есебін Адаматадан бастап қол­данылған деп санайды, оның тарихи мән-ма­ңызынан, ішке бүгіп жатқан құпия сырынан беймағлұм қалған жайымыз бар.

АБЖАД туралы алғаш рет көрнекті фарабитанушы, маркшейдер, фантаст-жазушы, ғалым Ақжан Машановтан естіген едім. Ол кісі өзінің «Табу» деп аталатын 1982 жылы менің редакторлығыммен жарық көрген фантастикалық шығар­масында АБЖАД есебіне байланысты бұрын-соңды айтыла қоймаған ақпа­рат­ты оқыр­мандарға оқиға желісіне кірік­тіре отырып баяндап, АБЖАД есебін қол­данды. АБЖАД есебінен қырағы идео­логтер цен­зура, саяси, идеологиялық астар ізде­г­е­німен таба алмады. Шығыс, ислам мә­­дениетіне қатысты мәселе қозғал­ған жағдайда қос көрінгендей үрке қарай­тын кезде А.Машановтың «Табу» атты фантастикалық шығармасы бір жылға жуық идеологиялық сүзгіге салынды, бәрібір дайындығы жоқ сыншылар қан­шама идеологиялық астар іздегенімен саяси қате таба алмады. Оның ең басты себебі А.Машановтың фантастикалық шығармасында айтылып отырған АБЖАД есебіне ешкімнің де тісі батпады, себебі оның ғылыми мәнін түсіне алмады. Шығармада мистикалық көзқарас сезіледі деп күдік келтіруге тырысты. АБЖАД-ты А.Машанов өз туындысында шебер қол­дана білді. Осы кітап 1981 жылы Қазақ ССР Баспа комитеті Бас редакциясында әлденеше рет жабық рецензияға беріліп, «қатесін», «кемшілігін» табуға әрекет жасалды. Себебі А.Машановты мешітке барады, намаз оқиды, діншіл, мистик деп жоғарыда қарайтындар бар еді. Ақыры АБЖАД есебін фантастикалық танымдық сипатта қолданған А.Машановтың «Табу» атты кітабының Шығысқа қатысты кей­бір абзацтарына ғана сын айтылды. А.Ма­шановтың аталған шығармасында космос кемесі Тектұрмастан ұшатын, ал бұл жер әулиелі жер саналатын еді.

Фантаст-жазушының көлемді кітабы бір жыл кешігіп барып, 1982 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. АБЖАД есебіне байланысты А.Машанов «Әл-Фа­раби және Абай» атты 1994 жылы «Қа­зақстан» баспасынан шыққан кіта­бында да араб әліпбиінің сандық мағына беретінін, соны қолдана отырып қызықты, бізге беймәлім сыр­лардың құлпын ашады.

1999 жылы «Тарих-и Рашидиді» орыс тілінен аудару барысында М.Х.Дулатидің АБЖАД есебін қолданғанын көрдім. «Тарих-и Рашидиді» орыс тіліне аударған өзбекстандық аудармашылар мұны хро­но­грамма деп аударыпты. «Тарих-и Ра­ши­диде» АБЖАД деген сөз термин ре­тін­де айтылмағанымен, бірақ АБЖАД есебін Дулатидің қолданғаны ежелгі тарихи са­бақтастық арнасын аңғартып тұрғандай еді.

М.Х.Дулати Құран Кәрімді жатқа білген, араб, парсы, хинди тілдерін терең игерген ғұлама, хафиз, жазушы, ол АБЖАД есебін де өте жақсы меңгерген. Сонымен АБЖАД дегеніміз не нәрсе? Оны «Тарих-и Рашидиде» қалай және де қандай жағдайға байланысты қолданып отырған деген сауал туады? «Цифр әлемді билейді» деген қанатты сөз бар. Әлемдегі барлық нәрсе дәл есепке негізделіп, санға ке­ліп тіреледі. Дүниенің, он сегіз мың ға­лам­ның құ­рылы­мында жаратылыс заңдылығы жатыр.

Басқа тілдердегі алфабиттен араб әліп­биінің ең басты артықшылығы – АБЖАД есебінде. Сонымен араб әліпбиінің екі түрлі мағынасы бар екен, оның бірі – әліп­би әріптік мағына берсе, екіншісі – цифрлық мағына береді. Сонымен араб алфабитінің әр әрпінің цифрлық мағынасы бар. Айталық, Менделеевтің химиялық элементтер кестесіндегі элементтердің бәрінің де белгілі атомдық салмағы бар. Сол сияқты әрбір араб әрпінің де сандық және цифрлық мәні бар, бұл ертеден белгілі болатын. Араб әліпбиінде 28 әріп бар болса, демек оның әрқайсысының жеке-жеке сандық мәні бар деген сөз. Алифтің – А әрпінің сандық мәні – 1 бо­лады. Басқа араб әріптерінің сандық мән­деріне тоқталайық. Б әрпінің сандық мәні – 2 болады, ал Ж – 3, Д – 4, Һ – 5, У – 6, З – 7, Х – 8, Т – 9, И – 10; К – 20, Л – 30, М – 40, Н – 50, С – 60, Ғ – 70, Ф – 80, С – 90; Қ – 100, Р – 200, Ш – 300, Т – 400, С – 500, Х – 600, З – 700, Д – 800, З – 900, Ғ – 1000. Мұнда С-әрпі үшеу, үш түрлі ды­бысталады, цифрлары қайталанатын әріп­тер де дәл солай, бұл араб әріптерінің сандық мәні.

Жалпы, араб әліпбиіндегі әріптердің саны – 28. АБЖАД сандары осы араб әр­пінің 28 санында нақты белгіленген. Бі­рақ араб әріптері 29 деп айтылады, оның себебі бірінші «Аліф» әрпі мен соңғы «Ләм» әріптері қосылып – Аліф Ләм әрпі болып аталуына байланысты. Ал айдың алғашқы жаңасынан келесі жаңасына дейін – 29 тәулікке тең болып шығады. 29 санының айна бейнесі – 92. Жер бетіндегі соңғы табиғи элемент уран, оның реттік саны – 92, қалғаны жасанды элементтер, бұл нұр шашып тұрған табиғи элемент. Мұхаммед пайғамбардың (араб тілінде) сандық мәні де 92 екен. Бұл Мұхаммедтің соңғы пайғамбар екенінің дәлелі деп санайды ғалым С.Бекболатов өз тұжырымын қорытып. Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Әрине заңдылық болып табылады.

Ал 28 цифрына байланысты бір мысал келтіре кетейік. Айдың фазалары 28 санға тең екен, мұнда заңдылық бар, кездейсоқтық жоқ. Ғылымда белгілі Уран-235 әрбір секунд сайын 28 нуклонды ас­панға атқылап отыратыны мәлім. Бұл да кез­дейсоқтық емес. Күн мен түннің алмасып отыруы альфа бөлшектер нәтижесінде жүретін процесс. Альфа-бөлшек – екі протон (жарығы бар) мен екі нейтрон (жарығы жоқ). Айдың фазалары мұнымен тікелей байланысты екен. Ғалым С.Бекболатов әзірге мұны зерттеген ғалым жоқ деп санайды. Бұл нұр шашып тұрған Алланың элементі. Құранның әрбір аяты, әрпін – нұр деп есептейді. Шын мәнінде араб әліп­биіндегі 28 әріп, айдың 14 күнде то­лып, 14 күнде солуымен, яғни 28 санымен тікелей байланысты. Ал мәңгілік ка­лендарьдың – күнтізбенің 28,29,30,31 күн емес, нақты ғылыми негізде 28 күн болып белгіленуі (наурыз 29 күн) осы заңдылыққа негізделінеді. Араб әрпінің саны – 28, айдың көріну саны – 28, альфа-бөлшектің секунд сайын 28 нук­лонды бөліп отыруы, кездейсоқтық деу­ге келмейді, мұнда Жаратушының заң­­­дылығы жатыр деп тұжырымдайды Мәңгілік күнтізбе авторы.

АБЖАД санын қолдану арқылы Құран аяттарында мұның сыры бәймәлім деген нәрселердің құпиясын ашуға болады екен. Құран барлық ғылым салалары тоғысқан, талай заңдылықтардың сыры ашылатын киелі кітап. А.Машанов Шығыс елі мәдениет, ілім-білім, ғылым мен дінді қатар ұстаған дәуірде барынша өркен жайды, кейін дінді күшейтіп, ғылым әлсірей бастады дегені бар. Әл-Фараби, Ибн Сина, М.Х.Дулатилер ғылым мен дінді қатар ұстаған ғұламалар.

Қасиетті Құранның «Әл-Бақара» сүресінің 1-аяты: «Аліф Ләм Мим» (ұғы­мын бір Алла біледі) деп басталады. Ал Құранда «қол жету, мақсатына ұла­су» деген сөз 29 жерде айтылады. Бұл кез­дейсоқтық па, әлде заңдылық па?! С.Бек­болатов мұның заңдылық екенін түсіндім деп жазды.

13-ші «Әр-рағд» сүресінің 1-ші аятында «Аліф Ләм Мим Раа» (ұғымын бір Алла біледі), «(Уа Мұхаммед) бұл – Раббың тарапынан саған түсірген ақиқи кітаптың аяттары. Алайда адамдардың көбі оған сенбейді» делінген (Қасиетті Құран. Мағынасы мен түсініктемелері. Алматы, 2019 ж. Араб тілінен аударған – исламтанушы, Phd доктор Ершат Оңғаров. Қазақ тілінің әдеби мәнерімен өрнектеп, редакциялаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – прозаик, аудармашы Нұржан Мұратәлі, 348-б). 20-шы «Таһа» сүресінің 114-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) саған жіберілген уахиы аяқталып бітпей тұрып, Құранды оқуға асығыстық жасама. «О, Тәңірім, мендегі білімді толықтыра гөр!» – деп (Аллаға жалбарынып) делінген. (452-б). Алла ұғымын біледі, міне, АБЖАД есебі Құран сырларын анықтауға жол ашады. Жалпы, араб әрпінің сандық мәні қайдан шыққан деген сауалға жауап беру оңай емес. Себебі бұл мәселемен айналысып жүрген нағыз зерттеушілер жоқтың қасы. Ал мұның өзі Құранды ғылыми негізде зерттей алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Араб әрпі сандық мағынаға ие бірден-бір әліпби. Құран 114 сүреден, 6236 аяттан тұрады. Бастан аяқ цифр, сан, сонда бұл не нәрсе, онда қандай құпия сыр бар? Мұның сырын дінтанушылар да, теология ғылымымен айналысып жүрген зерттеушілер де аша алмай келеді, оның ең үлкен себебі оның заңдылығын тани алмауда, білмеуде жатыр, соның ішінде АБЖАД есебін біле бермеуге тікелей байланысты. Ал АБЖАД ілім болып табылады, ал оның кілті Құранда тұрғанына назар аудармайды. Ал қазіргі ғылым дамыған заманда АБЖАД есебі ядролық физика, генетика және т.б. ғылым салаларының жаңалықтары мен жетістіктерін қолданған жағдайда ғана көп құпияларды ашуға себеп болатынын айту қажет. АБЖАД есебі мыңдаған жылдың, ықылым заман қатпарына алып кетер тарихы бар ілім болғандықтан шолу сипатына ғана тоқталып отырмыз.

М.Х.Дулати «Тарих-и Рашидиде» 20-ға жуық АБЖАД есебін – хронограмманы келтіріпті. Жалпы, «Тарих-и Рашидиде» АБЖАД есебі бірнеше жағдайларға байланысты келтірілген. Алдымен, ірі тарихи маңызы бар оқиғаларды ұмытылмастай етіп белгілеуге қолданылған, екіншіден, белгілі бір датаны белгілеу мақсатында кел­­тіріледі, үшіншіден, белгілі бір мер­зімді, күнді, айды, уақытты есте қалдыру мақсатында келтіріледі. Соның ішінде кісінің туған жылын, айын, күніне дейін белгілеуде, белгілі кісінің қайтыс бол­ған жылын көрсетуде АБЖАД есебін қол­данып отырған.

АБЖАД есебін М.Х.Дулатидің тікелей өзі де ойлап құрастырып отырған, сондай-ақ сарай маңында қызмет ететін, жанында жүрген ғұламалар да белгілі оқиғаларға АБЖАД есебін құрастырған. АБЖАД-ты қолданушылар араб әліпбиінің цифрлық және сандық мәнін көбейту кестесіндей жатқа білген.

1-кітаптың 47-тарауында Шейх Жа­мал қордың тұтқынында бір жылдай отырған Жүніс ханды Абдолқұдыс бір топ кісілермен құтқарып, ханды тұтқыннан босатып алады. Содан Шейх Жамал хар­дың басын Жүніс ханға алып барады. Ал Жүніс хан М.Х.Дулатидің туған нағашысы, Моғолстан ханы болып та­былады. Осы оқиғаға байланысты мына өлең жолымен: «Хардың басын алып келді Абдолқұдыс» АБЖАД есебі құрас­тырылған. «Хар сөзінің бастапқы әрпі «х»-ның сандық мәнін Абдолқұдыс сөзінің сандық мәніне қосқанда – 877 болады [яғни Абдолқұдыс сөзінің мәні 277, ал «х» әрпін сандық мәні 600, екеуін қосқанда 877 (1472-1473) болады]. (66б бет) Осы оқиғадан кейін қалмақтар байырғы жұр­тына қайта көшкенін, Моғолстан бос қалып, Жүніс хан көшін бастап Моғолстан жеріне келеді. Осы тарихи оқиға АБЖАД есебі бойынша 1472-1473 ж. болған еді. Әріптерінің сандық мәнін қосқан кезде оқиғаның болған жылын белгілейтін сөз құрастырылуы керек.

118а бетте Бабырдың туған күнін АБЖАД есебі бойынша Ұлықбек ғұлама­ларының бірі Маулана Мунир Марғинани оның туған күнін «Шаш-и мұһаррам» («Алтыншы мұһаррам») сөзінен тапқан. Бабыр мұһаррам айының алтысы күні 888 (1483 жылдың 14 ақпаны күні дүниеге келген), есеп бойынша дәл осылай берілген.

Екінші кітаптың 1-тарауында М.Х.Ду­лати өзінің туылған күніне байланысты бы­лайша: «Мен пақырдың туған мерзімі, 905 (1499-1500) жылды сол кезеңнің данышпандары [бұл күнді] АБЖАД (хронограмма) есебімен «Шаһи шарқ» («Шығыс патшасы» (905) және «ную-и чашм-и шаһ» («патшаның көз нұры») деп белгілеген,» деп жазады. Бұл сөздердің әріптерінің сандық қосындысы 905 болып шығады, бұл біздің жыл есебіміз бойынша 1499-1500 жыл болып шығады (106а бет). (ескерту – 106а бұл қолжазбаның бетін көрсетеді, кітапта бүйірлік бет және колонцифр қолданылған).

АБЖАД есебінің «Тарих-и Рашидиде» қолданылуы тарихына байланысты оқыр­ман хабардар болуы үшін бірнеше дерек-мы­салға тоқталып келтіре кетуді жөн көрдік.

Моғолстан ханы Саид хан Қасым ханмен 1513 жылы Шу бойында кездеседі, онымен сұхбат құрып, жиырма күндей шаңырағында құрметті қонағы болады. Осы кездесуге сырқаттанып қалғандықтан Мұхаммед Хайдар бара алмай қалады. Саид хан Қасым ханмен болған осы кез­десуді өмір бойы ұмытпай айтып оты­рады екен. Мырза Хайдар Саид ханның Қасым хан туралы өз аузынан естіген әңгімесін қаз қалпында «Тарих-и Рашидидің» екінші кітабының 34-тарауында барынша ынта қоя баяндап суреттейді. «Саид ханның қазақтарға, Қасым ханның алдына баруы жайындағы әңгіме» деп аталады бұл кездесу. Саид ханның Қасым ханның алдына баруының себебі Ташкентке жорық жасауға одақтас ету, үгіттеу болатын.

Қасым ханның жасы бұл кезде жет­піске таяп қалған кезі екен, ал Саид хан болса отыздағы жігіт болатын. Жасының ұлғаюына байланысты Саид ханды алдынан шығып қарсы алуға жастары елу мен алпысты алқымдап қалған сұлтандарын, солардың ішінде Жаныш хан, Таныш хан, Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қараш сұлтан, яғни отыз-қырықтай Жошы әулетінен таралған сұлтандарға тізе бүгіп, құрметпен қарсы алуды бұйырады.

Қасым ханның Саид ханға кішіпейіл­ділігі, адамгершілігінің молдығы, жо­марттығы ерекше қатты әсер еткені сондай, бұл кездесуді ол үнемі еске алып отыратын болған. Бірде Қасым хан: Түз халқы жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді, деп жылқыларын аралатып көрсетеді. Бүкіл жылқыларының ішінде екеуін ерекше бөліп айтады, бірақ екеуін бірдей сізге тарту ете алмаймын дейді де, Қасым хан Саид ханға біреуін таңдауды ұсынады. Ол Оғлан торыны таңдап алды, Қасым хан оның қасына тағы да бір үйір жылқы қосып, кетерінде сыйға тартады. Жиырма күн бойы сыйлы қонақ етіп күтіп, шарап (қымыз) ішеді. Мезгіл күз болып қалғандықтан, жорыққа шығу қиын, қыс қамына ерте қамдану керектігін айтып, кешірім өтініп шығарып салады. Бұл тарихи кездесуді Дулати әңгіме тү­рінде шебер суреттеп, Қасым ханның тұл­ғалық бейнесін есте қаларлықтай етіп бейнелейді. Мұны Қасым хан туралы шағын новелла деуге болады. Саид ханның Қасым ханмен достық қарым-қатынасы ерекше сыйластық, ізеттілік жағдайда өтеді, әсіресе Қасым ханның қонақ күтуі, сыйлауы, асқан жомарттығы мен мәрттігін Мырза Хайдар барынша әспеттеп жеткізеді. Қасым хан Дешті Қыпшақты толық өзіне қаратты, Жошы ханнан кейін мұндай билікке ешкімде қол жеткізген емес еді деп, аса жоғары бағалады. Қасым ханның тарихи-әдеби бейнесі мен образын кесек етіп алғаш жасаған жазушы Мырза Хайдар болатын. Қазақ хандығының тарихын зерттеп, бақылап отырған қайраткер қаламгер ғана мұндай тұжырым жасай алмақ. Зерттеушілер Мұхаммед Хайдардың Қасым хан жөнінде терең ойлы пікіріне назар аудара бермейді, алайда Саид хан мен Қасым ханның кездесуінің тарихи маңызына алғаш тоқталып ашып баяндаған Ә.Марғұлан болатын. Кездесуден соң Саид хан Әндіжанға қайтып кетеді. Осы есте қаларлық тарихи оқиғаны хан сарайының данышпан ғұламасының бірі АБЖАД есебімен былай: «Аштии қазақ» («Қазақ­тармен татуласу») деген сөзбен бел­гілепті. Бұл сөздегі әріптердің сандық мә­нінің қосындысы 919 (1513-1514 ж.) болып шығады. Оқиға хиджра жыл санауымен 919 жылы болса, миллади жыл санауымен 1513-1514 жыл болып шығады. Дулати ұлы шығармасында АБЖАД есе­бімен көрсеткен датаның қазақ тарихы үшін маңызы ерекше болғандықтан, кеңірек тоқталдық.

«Тарих-и Рашидидің» 1-кітабының 44-тарауы «Дос Мұхаммед ханның хан­дық етуі жайында әңгіме» деп аталады. Мо­ғолстан ханы Есенбұға хан Керей хан мен Жәнібек сұлтанға Шу бойынан қоныс берді. Осы өңірде Қазақ хандығы алғаш рет тарих сахнасына көтерілді. Есенбұға хан 833 (1429-1430) – 866 (1461-1462) Жүніс хан­ның туған інісі, Уәйіс ханның кенже ұлы.

Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін, хан тағына оның он жеті жасар ұлы Дос Мұхаммед 866 (1461-1462) – 873 (1468-1469) жылдары отырып, жеті жыл патшалық етті. Алайда ол нәпсісін тия алмай, есуас­тық іс-әрекеттерге ұрынды, теріс, адам­гершілікке, мұсылмандыққа жат қы­лықтар жасады. Оның ең сорақы қылығы сол, әкесінің әйелдерінің біріне көңілі ауып, күштеп некеге отыруы болды. Неке түні қара ат мінген әкесі түсіне кіреді, ол: «Сен кері кетіп, кәпір болдың», деп садақпен шатына атып кеп жіберді. Атынан түсіп, қазанның түп күйесіне қолын сүйкеп, Дос Мұхаммедтің бетін аймандай етті. Сол түні оның бүйіріне шаншу қадалды, қалтырап, дірілдеп, ыстығы көтеріліп, суық тиіп қабынып, алтыншы күні қайтыс болды. Ақылға қонбас істер жасап, мастықтан арыла алмаған Дос Мұхаммедтің өлімін Қожа Шариф Қашқари «Хук мурд» («Шошқа өлді») деген сөзбен бейнеледі. Ол АБЖАД есебі бойынша 873 (1468-1469) жылды білдіреді.

Дос Мұхаммед туралы әңгіме шағын новелла. М.Х.Дулати оның теріс қы­лықтарын кейінгі жастар жиіркенішпен қарасын деп арнайы тоқталып баяндаған. АБЖАД есебімен берілген естен кетпес драмалық оқиғаның біріне осындай АБЖАД есебі құрастырылған.

Ал Мұхаммед Хайдар Кашмирге екінші рет қақтығыссыз кіріп, бейбіт жолмен тақты иеленеді, осы жеңісті оқиғаны кітап авторы «ережеп» (раджаб) айының жиырма екісі күні Кашмир асуынан асып, Кашмирде таққа отырдым деп баяндайды. Бұл айтулы оқиғаның күнін «дар бист-у дуввим-и раджаб» (жиырма екінші раджабта) сөзінен таптым деп баяндайды. Бұл сөздердегі әріптердің сандық мәні 947, бұл 1540 жылдың 22 қарашасы. Мерген шоқ жұлдызы мезгілі еді деп нақты етіп, айқындап көрсетеді. Дулатидің өзі тапқан бұл сөз, яғни 1540 жылдың 22 қарашасы ұлы қайраткердің өмірінің Кашмирлік кезеңінің басы болатын, алда осы өлкеде 11 жылдай әмір болып, қызмет етті.

М.Х.Дулатидің АБЖАД есебін шығармасында ретті жерлерінде қол­данып отыруы – біріншіден, Мырза Мұхам­мед Хайдардың интеллектуалды творчестволық тұлғасын, интел­лек­туалдық мәдениетін ерекшелесе, екіншіден, әмірдің, ел тұтқасын ұстаған, Кашмир уәлаятының билеушісі, пат­шасының тарихи оқиғаларға ұлт, мемлекет мүддесі тұрғысынан мұқият ыжда­ғаттылықпен қарайтынын да көрсе­теді әрі оны темірдей тәртіптің иесі екендігін де паш етеді. Үшіншіден, М.Х.Ду­латидің АБЖАД есебін оқиға өріміне үйлестіре қолданып отыруы – мыңдаған жылдық тарихымыздың жаңашылдық, жасампаздық сипатының сапалық сабақтастығын да аша түседі, болашақ ұрпаққа өнегелік көрсетеді. АБЖАД есебінің тамыры тереңде, жара­тылыстың тылсым заңдылығында жат­қанын, ал мұның өзі ілім болып табылатынына назар аудартады.

Дулати қолданған АБЖАД есебі бұл да біздің ата дәстүріміз деуге болады. Ғұламаның деректері тарихи сананың, жадтың беріктігін, өлмейтіндігін, ескір­мейтінінің айқын көрінісі. АБЖАД есебінің жан-жақты, кемелдікке жеткен ойшыл ғұлама М.Х.Дулатидің еңбегінде ғана сақталып бізге жетіп отыр. Ал мұның тағылымы мол, кісіні беймәлім сырға кенелтетіні таң-тамаша, қайран қалдырмай ма? Бұл расында да тап солай! АБЖАД арқылы тарихи сабақтастық арналары ашылып, көкжиегіміз кеңи түседі, біздің тарихи-танымымыз кеңейсе, ой өрісіміз де дами түспек. АБЖАД бұл ілім, талай құпияның сырын ашатын кілт десе де болады. АБЖАД негізінде көптеген дүние ашылмақ, Құран сырын да осы АБЖАД-ты қолдана отырып аша аласыз. Инновация жетістігіне қол жеткізуге мол мүмкіндік бере алатын ілім.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы, дулатитанушы