Қоғам • 16 Маусым, 2021

Қайран, алтын аралық...

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамның қалтарыс-бұлтарыс­та­рында, өмірдің кейбір сәттерінде абыз ақын Қадыр Мырза Әліге жиі жүгінеміз. Көп жазған, оқығаны телегей теңіз, ой қорытуы домна пешіндей қуатты қалам­гер көз алдымызға бағзыдағы абыздарды елестетеді.

Қайран,  алтын аралық...

Мұзафар Әлімбаевтың «мұзафаризм­дері» сияқты, Қадыр Мырза Әлінің де дәлдігі мен тапқырлығына дән риза болып жүргендер көп. Мысалы, «Оқулығы – жұқа, тарихы  – қалың халықпыз» дейді ол. Шынында, тарихын тасқа қашап жазып кетті десек те, бабаларымыздан қалған деректердің көпшілігін бүгінде Қытайдың, Ресейдің басқа да елдердің архивтерінен іздеп жүргеніміз белгілі.

Бірнеше ғасыр отар болған кезде тарихымызды өзіміздің ғалымдардың түгендеуіне толыққанды мүмкіндік болмағаны, бетке ұстар тарихшыларымыз қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі. Бұл туралы Қадыр Мырза Әлі:

«Сарғайдық қой артын күтіп әліптің,

Сырын неге жасырамыз алыптың?!

Жаман болса жаман болсын,

Жарқыным,

Өз тарихын өзіне бер халықтың», депті.

Ғалымдарымыз бен қаламгерле­ріміздің жұмыр басын қатерге тігіп, Мағауин айт­қандай «жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүгіріп жүріп» жазған еңбектерінің ар­қасында ғана біраз олқылықтың орны толды.

Өз тарихын өзі зерттеуге мүмкіндігі болмай, езуіне батқан ауыздықтан әбден зәрезап болып, қаталап қалғанның кесірі ме, әлде бұл басқа халықтарға да тән құбылыс па, кім білсін?! Әйтеуір еркіндік тигеннен кейін екі қазақтың бірі өзін тарихшы сезінеді.

Бір қызығы, бұрын тарихпен мақтана­тындар көп болатын. Жалаңбұт жүрген Еуропаға шалбар киюді үйреткен кім? Түр­кілер – біздің бабаларымыз. Жабайы жыл­қыны қолға үйреткен? Біз! Дөңгелекті, үзеңгіні ойлап тапқан – біз... Осылай тізбелей беруге болады.

Рас, әлемдік өркениет көшін ілгерілетуге бабаларымыздың қосқан үлесі қомақты. Дегенмен өткеніңмен орынды-орынсыз мақтана берудің де болашақ үшін берері  көп болмаса керек. Уақыт өте келе, осы құбылыс саябырлағандай көрінген. Алайда кейінгі кезде керісінше өткенді мансұқтаушылардың қарасы көбейді: «Еуропа бу машинасын ойлап тауып жатқанда қазақтар барымта-қарымтаның қамымен шапқылап жүрді». «АҚШ «Титаникті» суға түсіріп, мұхитты кесіп өтіп бара жатқанда қазақтар қармақпен балық аулауды да білмейтін». «Өзгелер зәулім-зәулім ғимараттарды салып жатқанда қазақтар мал соңында жүрді». Аталарың түк білмеген, түк тындырмаған сияқты. Өзге дамыған елдерге қарап, аузын ашып, алақанын жайып отырған екен деп қаласың. Әйтеуір ақынның:

«Шежіреміз қию-қию,

Шырғалаң.

Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.

Жерүстінде бір шаһарым ержетіп,

Жерастында шөгіп жатыр бір қалам!» дегені еске түсіп жұбанасың.

Тағы да: «Өз халқын өзі тобыр санайтын топас патшалар тарихта көптеп кез­деседі», дегені еске түседі. Патшалар емес, қарапайым азаматтар да халқын, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның өкілдерін тобыр, надан санайтын болғаны ғой. Санай бер­сін, кімнің аузына қақпақ боласың?! Бірақ әжептәуір оқыған-тоқыған азаматтар тарих туралы теріс пікірін әлеуметтік желі ар­қылы жалпақ жұртқа жайып жатқаны қынжылтады. Ақпараттың астарына үңілу­ге әдеттенбеген, сыни ойлауға санасы бейім­делмеген, деректің дұрыс-бұрысын ажыратып жатпай жұта салатын жастар шынымен өз халқын өзгелерден қор санаса, күйкі тірліктен басқа түк бітірмеген надан, тобыр деп ойлап қалады-ау.

 «Бабалардың шоқ басқан табанымен,

Бірдей екен жақсысы жаманымен...» дейді Қадыр Мырза Әлі. Бес шумақ өлеңде қазақты асыра мақтамай, қатты құлдыратпай, жақсылығы мен кемшілігін таразыға тартып берген. Алтын аралықты айқын аңғарғаны таңғалдырады һәм тәнті етеді. Таудың күнгей бетіндегі адам теріс­кейдегі көлеңкені көрмейтіні сияқ­ты, теріскей беттегі адамға күнгейдегі жарқы­раған әсем әлем көрінбейтіні хақ. Тек шырқау биіктегі адам ғана екі тарапты түгел шолатыны түсінікті. Яғни халқының жақсысы мен жаманын саралау үшін де адамның ой-санасы биік болуы керек-ау.

 

Арнұр АСҚАР,

журналист