Руханият • 16 Маусым, 2021

«Қара бауыр қасқалдақ»

1682 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда дүниеден озған, қазақтың классик ақыны Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні – тағдырлы тарихи туынды. Бірі білсе, бірі білмес бұл ән – Желтоқсан оқиғасындағы қасіретке арналған. Алғашқыда әнді домбырамен, баянмен орындаған.

«Қара бауыр қасқалдақ»

Кейіннен Асқар Момынов деген жігіт жетекшілік ететін Шардара ауданында құрылған «Наз» тобы шырқайды. Атал­ған топта қырғыздың Елік де­­ген әнші қызы да болыпты. «Қас­­қалдақты» ол сахнада құл­­пыртып, тіптен тамаша орын­даған, дейді білетіндер.

Көп ұзамай топтың әншісі Болат Құсайынов «Қара ба­уыр қасқалдақты» «Тамашада» орындайды. Әннің халыққа ке­ңі­нен танымал болғаны осы кез.

Композитор Лесбек Аманов­тың айтуынша, әннің мәтінін «Жұлдыз» журналында жария­ланған ақын өлеңдері арасынан байқап қалады да, ішінен бірнеше рет қайталап оқып, осы ән дүниеге келеді.

«Ойын астарлап жеткiзген өлеңде Колбиндi қаңғып келген шүрегейге теңеп отыр­ға­нын бiрден түсiндiм» дей­ді Л.Аманов. Алайда ақын Есен­ғали Раушанов оны жоқ­­­қа шығарады. «Бұл өлең мені аз әурелеген жоқ. Өз басым оның әніне көңiлiм тола бер­мейді. Неге? Қазақта қай өлең әнге сұранып тұр? Әуе­лі осы мәселені пысықтап алу керек қой. Өнердің ішкі әлемі­нің кабысуы деген болады. Кей­біреулер бұл өлеңнің сөзін өзі­нің ыңғайына қарай бұрып, шумақтар қосып айтады. Өнерде одан өткен сорақылық, қиянат жоқ. Мен де кезінде кітапқа енбей калған өлеңдер баршылық. Үлкен күшпен жарық көрген кiтабымда «Қасқалдақ» бұр­маланып шықты. «Қаңғып келген шүрегей, көлге пана болмайды» деген жолдардағы «қаңғып» сөзі «адасып» деп түзелген. Бұл дегенің өлеңді түсіну түгілі, қарапайым техни­калық құрылымын білмеу, болмаса түсінуге тырыспау деген сөз емес пе? Біреулер бұл әнді Қонаевқа арналған десе, біреулер Колбинді айтады. Бұл бекер. Колбинге шү­регей кел­мейді. Қайдан білейін, бә­л-­­
кім, Қонаевты қасқалдақтан гөрі ірірек құсқа теңеген дұ­рыс шығар... Жалпы менің шы­ғармашылығымда жеке адам­дарға, компартияға, саясатқа арналған қызыл өлеңдер болған емес... Мұнымен мақтанайын деп отырғаным жоқ, дұрысы сол. Сондықтан «Қасқалдақ» ешкімге арналмаған. Ол сол төгілген қанға оқылған дүние... Бір қуанатыным, бұл өлеңнің кітаптан бұрын «Жұлдызға» шыққан нұсқасы бар еді. Ән авторы соны пайдаланыпты», дейді ақын.

Не десек те, шайыр жүрегін жарып шыққан саф өлең саз­гердің сырлы пернелеріне қона кетіп, қаншама буын қайыр­масына қосылып келе жатқан ғұмырлы ән дүниеге келді. Ақи­қатын уақыт таразылай жатар, дегенмен ән тарихына әр кезде үңіліп тұрған дұрыс дер едік.

 

Алтынай АЛТЫНБЕК,

Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті