Руханият • 16 Маусым, 2021

Шырайлым, шашыңды жая көрмеші!

2320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Астапыралла! Мына шайтан ербиіп қайдан келді? Кет-ай, кет! – Тоты жеңгем Нұргүлді көргенде бетін шымшып, түсі бұзылып кетті.

Шырайлым, шашыңды жая көрмеші!

Біз Нұргүлге жалт қарадық. Қалада оқитын, бүгінгі заман талабымен киінген қыз жұ­­тынып тұр еді. Тар джинсы шалбар, көйлек деу­ге келің­кі­ре­мейтін майкаға ұқсас киім бой­жеткеннің тал­шы­бықтай бұ­ралған дене­сін айшықтап тұр­ды. «Зама­ны­­на қарай – қа­дамы. Тоты неге тү­тікті?» деп ой­лап үлгер­генім­ше жеңешем қы­зына жеки сөйлеп:

– Байы өлген қатын сияқ­та­нып шашыңды жайып жібер­генің не? Жамандық шақыр­май, шашыңды жина! Сосын әкең келгенше мына үстіңдегі тырсиған киімдеріңді құрт. Ұзын етек көйлек ки, – деп Нұр­гүлді қолынан тартқылап, үйге енгізіп жіберді.

Менің есіме ертеде елді жау шауып, ел иесіз қалғанда, күйеуі мезгілсіз қазаға ұшырағанда әйелдердің шашын жайып жі­беріп жоқтайтыны түсті.

Ойды ой түртіп оятады. Дін­­дар Қарабура әулиенің то­лық­сыған, күн келбетті, ай ди­­дар­лы қызы Бегімшеге көп жігіт ын­тық болыпты. Көркіне көз тоймайтын аруды Селжүк мемлекетінің билеушісі Мәлік шахтың ұлы Санжар сұлтан ұнатқан.

Санжар сұлтан күндердің күнінде үйреншікті әдетімен Қаратаудың қойнауына аң аулай шығады. Бір жерлерге келгенде үйінде қанжарын ұмытып кеткені есіне түседі. Сұлтан бір нөкерін кері қайтарып, қан­жарды алып келуді тапсырады. «Барған ізіңмен кері қайтасың» деуді де ұмытпапты. Ханым қанжарды жабықтан ұстата бер­генде нөкердің көзі оның аршыған жұмыртқадай аппақ білегіне түседі. Сол бойы есінен танып қалады. Қанжарды беріп іле кері қайтқан Бегім нөкердің талып қалғанынан хабарсыз еді. Әлден соң есін жиған әлгі жасақ атына міне сала кері қарай шаба жөнеледі. Ол оралғанда сұлтан сұрланып тұр еді.

– Тақсыр, қасық қанымды қия көріңіз. Кешіккен себебім, қанжарды жабықтан алайын деп қолымды ұсына бергенімде, ханым білегімнен ұстап жібер­мей қойды. Одан босанып шық­қанша бірталай уақыт өтіп кетті, – деді жалтармақ болып жалған сөйлеп.

Аңнан оралған соң Санжар сұлтан сөзге келместен, оқиға-
­ның ақ-қарасын ажыратпастан Бегім сұлудың оң қолы мен қос бұрымының оң жақтағысын кесіп, өзін зынданға тастайды. Сұлтан сонда сорақыланып, оң қолыңмен істедің деп оң қолын кескен көрінеді. Осы тұста Қа­ра­бура әулие түс керіп, қызын құс­қа айналдырып жібереді. Ке­йін ол киелі Бегім ана аталады.

Бегім сұлудың оң жақ бұ­рымы кесілді. Себеп, шашты кесу сол кездегі жазаның ең ауыр түрі саналған. Халық дана­лығында шаш әйелдерге Хауа Анамыз бен Бибі Фа­тима анамызға берілген Алла таға­ламыздың ғажайып сыйы. Осы ғажайып сыйды қадірлеп ұстай білу – әр нәзік жыныстының ­басты борышы.

Алла тағала сыйлаған әсем әрі жұпар иісті шашты кесу де қиянат. Алла аманатына адал­дық танытпау. Аса бір қиын шақта болмаса әйел баласы ша­шын қырқып, кесе бермеген. Құран Кәрімнен жеткен рауаят­тың бірінде Зулкифил Башр ибн Айюб нәби қатты ауырғанда әйелі екі бұрымын кесіп сататыны бар. Дәл осын­дай оқиға О.Генридің әңгіме­сінде қайталанады. Онда әңгіме желісі сәл басқашалау. Әйел шашын сатып, сүйіктісіне сый­лық алады. Бұл кезде күйеуі қолында бар ең қимас затын сатып, әйелінің шашына қадайтын қымбат түйреуіш алады. Бұл жер­де жазушының тапқырлығы мен шеберлігіне шек келтіргіміз жоқ. Әңгіме әйел баласының тұ­ла бойындағы ең қымбат та жа­расымды мүшесі – шаш ту­ралы. Тереңнен толғанып ­көрі­ңіз, олар ең қымбаттысын аса зәру кезде ғана қырқа алды. Бірі – күйеуін ауыр науқастан аман алып қалу үшін, екіншісі – Құдай қосқан қосағын қуанту үшін.

Жадыраңқы жаз керуендетіп көшіп барады. Алда күздің жаймашуақ күндері. Шашын жайып жіберген немесе қиып тастап жүнін жұлған тауықтай жалаңаштанып қалған қара­көздер қарасы азаймай тұр. Олар­дың қайсысына барып ұлт­тық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып туралы ақыл айтарсың.

Қолаң шаш, тірсекке тү­сер қос­өрім бұрым – қазақ қыздары­ның құты. Осы құттан арылып қал­маңдаршы, қарлығаш қарын­дастар!

Шырайлым, шашыңды жая көрмеші!

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі