16 Маусым, 2021

Вакциналау қарқын алды

1464 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Індет қаупі сейілмеген қазіргі кезде эпидемиялық ахуалдан өзекті мәселе жоқ деуге болады. Бүгінде коронавирусқа тойтарыс берудің жалғыз жолы вакциналау екенін халықтың басым бөлігі ұғына бастады. Бұл ретте елімізде қолжетімді вакциналарға қатысты көпшіліктің көкейінде әлі де сұрақ көп болып тұр. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері вакциналау және басқа да маңызды мәселелер төңірегінде жан-жақты мағлұмат берді.

Вакциналау қарқын алды

Брифингте Денсаулық сақ­тау ми­нистрі Алексей Цой, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят, ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ко­митетінің төрағасы Айжан Есма­ғамбетова алдымен елдегі сани­­тарлық-эпидемиялық ахуалға тоқ­талып, халықты КВИ-ға қарсы вакциналау туралы айтып берді.

Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан 10 күн бойы «жасыл аймақта» тұр. Нұр-Сұлтан қаласы ғана «қызыл аймақта» орналасқан, «сары аймақта» үш өңір бар: Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары. Қалған 13 өңір – «жасыл аймақта».

Жалпы «жасыл аймақта» тұрған елімізде мамыр айының басынан бастап аурудың төмендеу үрдісі байқалады. Маусымның 15 күнінде мамыр айының сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауру деңгейі 1,7 есе төмендеді. 16 маусымдағы жағдай бойынша республикада инфекциялық төсектік орындардың қамтылуы 23%-ды, реанимациялық төсектік орындардың қамтылуы 21%-ды құ­райды. Соңғы айда ста­ционарлық емделудегі науқастар са­ны 2,1 есеге, амбулаториялық емделуде 1,7 есеге азайды.

Сырқаттану деңгейін төмен­детуге ық­пал еткен ең негізгі шара­ның бірі вакциналау екені анық. 2021 жылдың ақпан айынан бастап өңірлерге 6,2 млн-нан аса вакцина жеткізілді. Оның ішінде 3 млн доза – бірінші компонент және 1,6 млн доза Спутник V вакцинасының екінші компоненті,  100 мың доза – QazVac, 1 млн доза – Hayat Vax, 500 мың доза – CoronaVac вакцинасы.

Бүгінгі таңда вакцинаның 4,0 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компоненті 2 587 884 адамға салынды, бұл тиісті халықтың 26%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 480 309 адам қамтылды. Егу пункттерінде шамамен 1 млн 216 мың бірінші компонент және 1 млн 182 мың екінші компонент бар.

Бұл ретте коронавируспен
ауы­рып­ жазылған адамдар вакцина сал­дырудың қажеті жоқ деп ойлап, бо­саңсуына болмайды. Өйткені коронавирустан айыққан жұрт та қайтадан індеттің тырнағына ілініп жатыр. Бұған Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесі нақты дәлел бола алады.

– Егер адам бір рет ауырса, қай­тадан ауырмайды деген түсінік мүл­дем қате. Мұны түсінуіміз қажет. Қазақстанда қазіргі уақытта шама­мен 800 адам коронавируспен қайтадан ауырып қалған. Олар вакцина алмаған болатын. Жалпы бұл тек Қазақстанда ғана емес, өзге де елдерге тән үрдіс. Еуропада және өзге де елдерде мың­даған адам қай­­тадан ауырып жатыр. Өзіңді және жаныңдағы адамдарды қорғау үшін вакцина алған дұрыс. Әсіресе, бірінші кезекте 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар азаматтар екпе алғаны жөн. Біз барлық азаматқа екпені белсенді түрде алуға кеңес береміз. Инфрақұрылымдық тұр­ғыдан алғанда, Қазақстанның әрбір өңірінде, тіпті сауда орталықтарында екпе пункттері ашылған. Өздеріңіз де дүрбелең жоқ екенін көріп отырсыздар. Еліміздің азаматтары тегін вакцинаның тиесілі дозасын емін-еркін салдыра алады, – деді А.Цой.

Сонымен қатар отандық QazVac вакцинасының клиникалық зерт­теуінің жан-жақты параметрлері таяу уақытта жарияланбақ.

– Медицина қауымдастығы бүгінде қолдануға енгізілген отан­дық QazVaс вакцинасын әзірлеудегі Қазақстанның жоғары жетістігін ма­құл­дайды. Ол клиникалық сы­нақ­­тың кезеңдерінен өтті. Қазір клиникалық практикада тұр. Бұл вакцинаны биологиялық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін біздің жетекші салалық мамандар да қуат­тайды. Денсаулық сақтау жүйе­­сіндегі барлық маман бұл әлеует­ті жоғары бағалайды. Білім және ғылым министрлігі, Био­логия­­лық қауіпсіздік мәселері институты бір­қатар рейтингтік журналға бірнеше мақала жіберді. Нұсқаулықта негізгі ақпараттар, қолдану нұсқаулығы, тиімділігі, көрсеткіштер мен қарсы көрсет­кіштері бойынша позициясы қам­тылған. Халыққа жеткізілген. Аза­маттарға вакциналау барысында айтылады. Таяу уақытта клиникалық зерттеудің жан-жақты параметрлері жарияланады. Бұл ретте ешқандай құпия жоқ. Бұл – таза процедуралық процесс, – деді министр.

Өзіміздің вакцинаны А.Цойдың өзі де салдырған, қазір вакцинадан кейінгі хал-жағдайы қалыпты екен. Айта кетейік, сәуір және мамыр айларында еліміздің барлық өңіріне QazVac вакцинасының 100 мың дозасы жеткізілген. Бүгінде QazVac вак­цинасының бірінші дозасымен шамамен 41 мың адам, екінші дозасымен 22 мың адам екпе алды. Бұл жайында ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Ай­жан Есмағамбетова кеңірек айтып берді.

– QazVac вакцинасы сәуір айының соңында жеткізіле бастады. Сәуірдің соңында 50 мың, мамырда тағы да 50 мың вакцина дозасы жеткізілді. Ал мау­сым айының соңына дейін 100 мың вакцина дозасын жеткізу жоспарланып отыр. Барлық өңірде вакцина бар. Тек Алматыда ғана бүгін бітеді. Бұл орайда 50 мың доза QazVac вакцинасы өңірлер шегінде 2 мыңнан 6 мың дозаға дейін бөлінеді. Сондықтан өңірлер бұл вакцинаны сауда орталықтарындағы немесе денсаулық сақтау ұйымындағы екпе пункттерінде салдыруды өздері шешеді, – деді А.Есмағамбетова.

Сондай-ақ жақында Қазақстанға Қытайда өндірілген CoronaVac вакцинасы жеткізілді. Осылайша елімізде қолжетімді вакциналардың саны төртеу болды. Қазір бізде CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы бар екен. Бүгінде бұл бар­лық өңірде қолжетімді. Осы аптада CoronaVac вакцинасын егу басталды. Қазірдің өзінде бүкіл елімізде CoronaVac-пен шамамен 15 мың адам екпе алды. CoronaVac – QazVac, Hayat Vaх сынды инактивтелген вакцинаға инактивтелген вирус қолданылады. Жалпы вакцинаны сақтау температурасы – 2-8 градус. Вакцина екі дозалы. Дозаларды егу аралығы 14-тен 28 күнге дейін. Яғни CoronaVac вакцинасын салдырса, онда екінші дозаны 2-4 апта аралығында алуға болады.

Бүгінде әлемде коронавирустың мутацияға ұшырап, жаңа штамдары анықталып жатқаны көпшілікті алаңдатады. Дегенмен Қазақстанда коронавирустың үнді штамы кездес­кен жоқ.

– Қазіргі сәтте сараптамаларды соңғы секвестрлеу барысында Қазақ­станнан үнді штамы анықталған жоқ. Біз мұндай зерттеулерді тұрақты түр­де жүргіземіз. Толықтай алғанда ден­саулық сақтау жүйесі түрлі сцена­рийге дайындалған. Өзге ел­дер­дегі қазіргі ахуалға мониторинг жасаймыз. Қазақстанға кірген кез келген шетел азаматының ПТР тестінің нәти­же­сінсіз кіруіне тыйым сала­тын­ды­ғы­мызды білесіздер. ПТР тес­тілеу ко­ро­навирустың барлық түрін, оның ішінде үнді штамын да анықтай ала­ды. Сондықтан біз қазіргі уақытта ше­карадағы ахуалға мониторинг жүр­гіземіз. Бұған қоса көршілеріміздегі жағдайға да мониторинг жасаймыз. Бұл дер уақытында әрекет ету үшін жаса­лады. Жалпы денсаулық сақтау жүйесі түрлі сын-тегеурінге дайын, – деді А.Цой.

Сонымен қатар Қазақстанның вакциналау паспорты қай елдерге жарамды болатыны да белгілі болды. Министрдің айтуынша, қазір 3 ел вакциналау паспортын екіжақты форматта мойындау туралы ниет білдірді. Яғни Моңғолия, Мажарстан және Таиланд пас­порттарды өзара мойындау туралы өтінішпен жүгінді. Бұған қоса Түркия, Кипр сынды елдер барлық елдің вакциналау паспортын мойындайды. Сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министр­лігі де шет мемлекеттермен вакциналау паспортын өзара мойындау мәселесін пысықтап жатыр екен. Бірақ бұған қатты арқа сүйеудің қажеті жоқ. Өйткені іс жүзінде кез келген елге қолыңда ПТР-тест нәтижесі болса ғана, бара аласың.

Ауыр зардаптарды алдын алу үшін ведомство басшысы ха­лықтан тағы да ойлануды және дұ­рыс шешім қабылдауды, өз ден­сау­лығына қамқор болуды және вак­циналауды сұрады. Өйткені вак­ц­иналау – вирустың таралуын азайтудың және туыстарымен, әріптестерімен, достарымен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралудың жалғыз жолы. Сонымен қатар ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін маска тағу, қашықтықты сақтау, анти­септиктерді қолдану сияқты алдын алу шараларын сақтауды жал­ғастыру қажет.