Экология • 17 Маусым, 2021

Есентай өзені суала бастады

730 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматының төріндегі Есентай өзені осыдан 3-4 жыл бұрын қайта жаңғыртылып, жан-жағы абаттанып, таудан құлаған суы сылдырай ағып, өзен табаны тақтайдай тегіс бетондалып, Хамит Ерғали жағалауының үстіңгі жағы жайнап шыға келіп еді. Қос жағалауы асфальт­талып, ашық алаңқайларына түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, түрлі-түсті гүлдер өсіріліп, жайқалған жасыл жағалау сонда орнатылған арнайы шлангілерімен суарылып, әдемі кейіпке түскен болатын.

Есентай өзені суала бастады

Қала тұрғындары қысы-жазы жағалауда қыдырып, таза ауада серуендеп жүреді. Әсіресе жаз күндері кешкі салқында самаладай жарқыраған шам жарығы астында демалушылар қатары көбейді. Осында тіпті алыс маңайда тұратындар да қыдырыстап арнайы келетін болған.

Соңғы жылдары осында табаны тазартылып, жаба­йы ағаштар сүріліп, арнайы жасалған шағын көл­ге жыл он екі ай жабайы үйрек­тер қонақтап, көктемде шү­пір­­леген балапандарын ер­тіп жүзіп жүретін. Қарап тұр­саң кешкісін қас қарая бә­рі бір демде қанаттарын қомдап ұшады да кетеді. Был­тырғы жазда солардың саны шамамен 60-70-ке таяп қалған болатын. Осы көлде тіпті шағалалар да, тіпті жы­пырлаған ұсақ майшабақ ба­лықтар да пайда болған еді. Таудан самал соғып, ауа тазарып, жасыл желек жайқалып тұрды. Осы Есентай өзені, оның әдемі келбеті  туралы «Еге­мен Қазақстан» газеті де жаз­ған болатын.

Алайда Есентай өзені соңғы кезде суала бастаған­дай. Әл-Фараби даңғылының үстіңгі жағында жоғарыда айтылған үйректер қонып, жүзіп жүрген шағын көл би­ыл құрғап қалды. Шал­шық суға үйректер де қон­бай­тын болды. Өзеннің қос жағалауындағы әрбір 50 метр сайын арнайы құ­дық­ша жасалып, ішіне ма­ңайды суаратын шлангілер салынған еді, солар да істен шыққан бүгінде. Жағалай қойылған орындықтар да күнге күйіп, ақжемге айна­лып, тоза бастаған. Суы тар­тылған соң көл табаны сор бат­паққа айналып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Көлдің орнын арамшөп, қоға басып, тіпті шаңы шығуға айналды. Кезінде жабайы ағаштар техникамен қопарып, қомақты қаржы жұмсалып, көп жұмыс атқарылып, көрікті мекенге айналып еді.

Ал қазір аз ғана уақыт ішінде сол еңбектің бәрі зая кеткендей. Бұрнағы жыл­дары тазартылған көл табаны қайтадан тоғайға айнала бастады. Әлде соңғы екі жылда маңайды абаттандыруға қаржы бөлінбеді ме? Немесе бәрін пандемия індетіне жаба береміз бе? Тым болмаса, тау­дан келіп жатқан ағын судың көл толатын алдындағы тос­­паны бір сәт жауып қо­йып, көлді толтыруға бола­ды ғой. Болмаса осыны қа­да­­ғалап, бұрынғы жақсы істі жалғастыратын Медеу ауда­нының басшылығының на­за­рынан тыс қалды ма? Ал қала әкімдігі не дейді? Ең бастысы, қыруар қаржы жұм­салған жұмыс аяқсыз қал­мауы үшін биыл аз ғана қаражат жұмсап, көл табанын тазартып қоюға болмас па еді. Қала тұрғындарының ендігі өтініші, бастаған жақсы шара аяқсыз қалмаса екен.

 

Cаясат БЕЙІСБАЙ,

Журналист

 

АЛМАТЫ