Сovid-19-дың алдын алуға арналған жаңа вакциналық препарат – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде әзірленген QazCoVac-P суббірлік вакцинасы. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты аталған вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I және II фазасын жүргізуге Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алды.
Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен БҚПҒЗИ-дің екінші вакцинасы. Әзірлеушілер молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолдану арқылы SARS-CoV-2 коронавирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын шығаратын бактериялардың штамдарын ала алды.
«Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңі жүргізілді және сапа бақылауынан өтті. Олардың құрамында вирус жоқ. Зертханалық жануарларға салынған вакцина екінші дозаны бұлшықет ішіне енгізгеннен кейінгі 14-ші тәулікте иммунитетті дамытуға ықпал етеді. Инактивтелген вакциналардың құрамындағы сияқты суббірлікті вакциналардың құрамында да патогеннің тірі компоненттері жоқ және өте қауіпсіз», дейді институт өкілдері.
Институт мәліметі бойынша, вакцинаның құрамындағы адъювант иммундық реакция тудыруға әсер етеді және вакциналанушының ағзасына теріс ықпалын тигізбейді. Себебі бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың басқа құрамдас бөлшектері жоқ. Суббірлікті вакцинадан кейінгі жанама әсерлер сирек кездеседі. Вакцинаның бұл түрінің мысалы ретінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококқа, гемофильді инфекцияларға қарсы және басқа да вакциналарды атауға болады.
Клиникалық зерттеулердің сәтті өтуі суббірлікті вакцина арқылы вакциналанғандардың контингентін кеңейтуге және елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын тездетуге мүмкіндік береді.