Үкімет • 18 Маусым, 2021

Фельдъегерьлік байланыс қызметкерлерінің мүддесі лайықты қорғалуға тиіс

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Владимир Волковтың төрағалық етуімен өткен жиында сенаторлар «Мемлекеттік фельдъегерьлік байланыс туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлады Палатаның баспасөз қызметі.

Фельдъегерьлік байланыс қызметкерлерінің мүддесі лайықты қорғалуға тиіс

Құжат мемлекеттік фельдъе­герьлік қызметтің құқықтық мәртебесін арттыруға және ел ішінде де, үкіметаралық өзара қарым-қатынастарда да тиімді фельдъегерьлік байланыс жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасының жекелеген ережелерінде кадр құрамы, қызмет өткеру тәртібі мен шарттары, еңбек қатынастары, зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері реттеледі. Сондай-ақ фельдъегерьлік байланыс қыз­мет­керлерінің жеке қауіпсіздігіне, құқықтық қорғалуына және жауапкершілігіне кепілдіктер белгіленетін болады. Сала қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер көзделіп отыр. «Осы саладағы қызметкерлердің жұмысының маңыздылығы мен қауіптілігін ескере келіп мемлекет тарапынан қызмет бабымен қоныс ауыстыруда жеке заттарын тасымалдау, ұшақта жүріп қызметтік міндетін атқа­ра­тындардың жалақысына қосы­латын төлемақы, зейнетке шығатын кездегі берілетін үстеме төлемақы, олардың және отбасы мүшелерінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залалды өтеу сынды арнаулы әлеуметтік кепілдіктер ұсынылады», деді Нұрлан Бекназаров.

Отырыста сенаторлар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерьлік байланыс және ішкі істер орган­дарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

«Мемлекет басшысының Жолдауындағы учаскелік полиция инспекторының мәртебесін заңды түрде арттыруға қатысты айтылғандарды іске асыру аясында оларға тиімді жұмыс істеуге қажетті өкілеттіктерді бере отырып «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңға тиісті түзетулер әзірленді. Оларға бекітілген учас­кеде құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталған кезде осындай себептер мен жағдайларды жою жөнінде жеке және заңды тұлғаларға шаралар қабылдау қажеттілігі туралы өз бетінше ұсыныстар енгізу құқығын беру арқылы учаскелік инспекторлардың мәртебесі арта түседі», деді В.Волков.

Заң жобасына сәйкес, учас­келік полиция инспекторлары бөлімшелерінің құра­мына учаскелік полиция инспек­тор­ларының көмекшілері енгізілетін болады. Ал азаматтық қорғау органдары Ішкі істер органдарының жүйесінен шығарылады, соған байланысты азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау ІІО құзыретінен шыға­рылады.

Одан басқа, «Азаматтық қор­ғау туралы» заңға мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына өртке байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша анықтау жүр­гізуге өкілеттік беруді көздейтін түзету енгізілетін болады. Заң жо­балары Палатаның қарауына жіберілді.