Экономика • 18 Маусым, 2021

Қант өндірісінің қауқары қандай?

886 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүние жүзіндегі азық-түлік нарығын зерттеушілер қант және қант өнімдерін тұтыну соңғы 10 жыл бойына үздіксіз өсіп, бидай ұны мен нан, тоқаштан кейінгі орынға көтерілгенін айтуда. Яғни бүгінгі адамзат баласының тіршілігін нан мен қантсыз елестету мүмкін емес. Соған сәйкес қант өндірісі әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі бойынша да маңызды сипат алып отыр.

Қант өндірісінің қауқары қандай?

Осы қант өнімдерінің ішінде табиғи жолмен дайындалған ақ қантқа деген сұраныс тіптен жоғары екен. Демек, тұтынушылар қызылшадан өндірілген өнімді іздеп жүріп сатып алатыны анық. Енді осы мәселенің Қазақстанға қатысты жағына тоқталсақ. Біз бұған дейін де отандық қант өндірісінің жай-күйі туралы қалам тербегенбіз. Оның ішінде еліміздегі қант қызылшасын өсіру мен таза қант өндірісінің тарихы көз алдымызда жазылып жатқанын айтуға құқылымыз. Салыстыру үшін қарайық, 1980 жылдардың орта шенінде бірнеше облыстағы егіс алқаптарынан жина­латын қант қызылшасының көлемі 2 млн тоннаға дейiн жетсе, тоқсаныншы жылдардың соңына қарай бұл көрсеткiш 100 мың тоннаға дейін кеміп кет­кен кездер де болған. Өнім азай­ғасын, өндіріс те тұралады. Өндіріс­тің талан-таражға түсуі де ауыл шаруашылығын күйреткені анық. Мәселен, сол тұста оңтүстік аймақ­тарда бұрынғы Кеңес Одағы аума­ғын өніммен қамтып тұрған 8 қант зауыты болса, 1997 жылы тек 2 зауыт қана, онда да жартылай жүктемемен жұмыс істеп тұрған екен.

Ал елдегі қант өндірісінің бү­гінгі жағдайына шүкіршілік етуге болады. Жалпы, елімізде қант қызылшасы өндірісін 3,5 млн тоннаға жеткізу жоспары бар. Соның 1,5 млн  тоннасы Жамбыл облысына тиесілі болса, 2 млн тоннасы – Алматы облысының үлесінде. Әсіресе тәтті түбір өсіруден даңққа бө­лен­ген жетісулық шаруалар қызыл­ша егістігін соңғы 10 жыл көлемінде еселеп арттырды. Нә­ти­жесінде, қант өндірісі де жан­данып, аймақтағы екі қант зауыты тұрақты жұмыс ырғағына көшкен. Дерекке жүгінсек, облыста 2014 жылы қант қызылшасы 1,2 мың га жерге себілсе, 2015 жылы оның егістік көлемі 4,020 га ша­ма­сында болған. Ал 2020 жылы Жетісудағы қант қызылшасы егілген алқаптың аумағы 16 мың гектарға жеткен. Осы алқаптан 550 мың тоннаға жуық өнім алын­ды. Бұл аймақтағы екі қант зауы­тының толық жұмыс істеуіне жол ашып, 50 мың тонна шамасында таза қант шығаруға мүм­кіндік бер­гені анық.

Енді бұл көрсеткіш еселеп өсетін сияқты. Өйткені жақында Үкімет отырысында Алматы об­лысындағы қант қызылшасы өн­дірісін 2 млн тоннаға дейін жеткізудің мүмкіндіктері талқыға түскен болатын. Ал бұл жауапты міндетті орындауға өңірдің әлеуеті жетеді деген пайым бар.

– Аймақта қазір қант қызыл­шасының алқабы 16,3 мың гектар. Былтыр Ақсу және Көксу қант зауыттарында барлығы 550 мың тонна қант қызылшасы өңдел­ген. Енді осы көрсеткішті 2 млн тоннаға жеткізу межесі қойылып отыр. Оны біз қуана қолдаймыз және оған қажетті барлық мүмкіндікті жасаймыз. Ақсу қант зауытының өндірістік қуаты 550 мың тонна болса, Көксу зауыты 250 мың тонна шикізат өңдей алады. Алдағы уақытта іске қосылатын Алакөл және Қара­бұлақ қант зауыттарының әр­қайсысы 500 мың тонналық қуаттылыққа ие болады деп есептейміз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал өндіріске қажетті шикізат қорының дайын болуы үшін аймақтағы тәтті түбір егістігінің де көлемі артатын болды. Осы мақсатта айналымға тағы да 36,8 мың гектар суармалы жер қосылып, қызылша егу серпін алмақ.  Қазір облысқа үкіметтің жұмыс тобы келіп, өңірдің 2 млн тонна қант қызылшасын өсіріп-өңдеуге қажетті жер, су, материалдық база және басқа да ресурстардың мүмкіндіктерін зерделеуге кіріскен екен.

– Қызылағаш плотинасы Үкі­меттің қолдауымен қалпына кел­тіріліп, қазірдің өзінде 30 млн текше метр су жиналды. Осы су қоймасының нәтижесінде 7 мың гектар суармалы жер іске қосы­лады. Ауқымы одан әрі кеңеюі де мүмкін. Су қоймаларын салу туралы жобаларымыз бар. Бүгінде құны 8,9 млрд теңге болатын Қызыл­ағаш суару массивін салу бойынша жоба дайын, ал қалған 5 жобаның құжаттарын әзірлеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен басталатын болады. Соның ішінде бір ғана Покатилов су қоймасының іске қосылуы 24 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Жер­гілікті шаруашылықтар бұл баст­аманы қуана қабылдап жатыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашы­луына үлкен септігін тигізеді. Біз осы жылдың екінші жартысында сервистік-дайындау орта­лықтарын құрып, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге қосымша қар­жы бөлеміз, – дейді бұл жайында аймақ басшысы.

Осы жерде Алакөл ауданын­дағы және Қарабұлақ кентіндегі қант зауыттары қайта қалпына келтірілетінін айта кетейік. Яғни

2 млн тонна таза қант өндіру межесі белгіленгенен кейін аудандағы өндірісті жандандыру қажеттілігі күн тәртібіне шығып отыр. Ал зауыттарды қажетті шикізатпен қамту үшін өңірде қызылша алқа­бының аумағы 35 мың гек­тарға ұлғаймақ.

– Қазір облыста  қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр, енді Үш­арал және Қарабұлақ қант зауыт­тарын қалпына келтіру жос­парлануда. Осылайша, біз қы­зылша алқабының аумағын 35 мың гектарға ұлғайту арқылы қант қызылшасы көлемін екі млн тон­наға дейін жеткізу мінде­тін орын­­дай аламыз, – дейді А.Бата­лов.

Сондай-ақ назардағы мәсе­леге Үкімет те толық назар аударады. Яғни отандық қант өнді­рісі­нің қауқарын арттыру ісі өңірдегі бір-екі зауыттың іске қо­сылуымен шешілмейтіні анық. Демек, бұл іске кешенді түрде кірісу үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. 

– Импорт алмасуды қамтама­сыз етуде алдымызға үлкен мін­деттер қойылып отыр. Соның бірі – қант қызылшасы өндірісін өркендету. Өңірлерден қажетті есептеулерді, тиісті құжаттарды дер кезінде дайындауды сұрай­мыз. Олардың уақтылы дайындалуына қарай қажетті қаржылай қолдау көрсетіледі. Жобаның іске асырылуы жөнінде Жол картасы дайындалады. Бұл құжатта оның барлық сатылары кезең-кезеңімен қамтылуы тиіс. Бұл – көптеген саланы қамтитын ірі бастама. Сондықтан Жол картасы құжаты да ауқымды болады, – деген болатын  арнайы жиында Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр.