Қоғам • 18 Маусым, 2021

Қолдау болса, қолөнер дамиды

572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысының қолөнер шеберлері ұлттық дәстүрді жаңғыртып отыр. Мысалға, құрақ көрпе тігу өнері Текелі қаласында дамып келеді. Мұндағы Балалар шығармашылық орталығында жергілікті оқушылар ұлттық ою-өрнекті көрпе-жастық тігуді үйреніп жүр. Қолөнерді жаңғыртумен құрақ көрпе тігу шеберханасы студиясының иесі, талдықорғандық Айман Жолтай да айналысуда. Жалпы, Жетісу өңірінде мұндай мысалдар өте көп.

Қолдау болса,  қолөнер дамиды

Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылының тұрғыны, жас шебер Абзал Әкімбек ұлттық музыкалық аспаптарының 50-ден астам түрін дайындайды екен. Оның қолынан шыққан домбыра, қобыз аспаптарына қызығушылар көп. Ал Абзалдың өзі бабалар мұрасын сақтай отырып, табысты да молайтуға болады деген ойда. Өйткені 23 жастағы жас шебер күнделікті тынымсыз еңбек етіп, шеберхана жұмысын жүргізіп отыр. Өзі ынталы ізбасарларын қолөнерге баулып, ұстаздық қырынан да танылып үлгеріпті.

–  Ұлттық музыка аспаптарының тарихын білуге, жасалуын мең­геруге деген қызығушылығым ба­ла күнімнен оянды. Шамамен 7-сыныпта осы қызығушылығым дом­быра жасап үйренуіме себеп болды. Мен мектепті бітіргенше бос уақытымның бәрін шеберханада өткізетінмін. Кейін колледж­де оқып, оны бітіргеннен кейін шеберханада бір жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Мұнан соң жеке ісімді ашуға бел будым. Бір жыл бойы өз бетіммен жұмыс істегеннен кейін жеке бизнес ашып, дамыту керектігін түсіндім. Сөйтіп мемлекеттің қолдауын алу үшін Кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалына көмекке жүгіндім. Көп ұзамай, «Жас кәсіпкер» бағдар­ламасы бойынша 2,5 млн теңге сомасында грант ұтып алдым. Оған заманауи станоктар, басқа да қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Бұл менің бастамама үлкен қолдау болды. Содан бері ерінбей еңбектеніп, ұлттық қолөнерді жалғастыру үшін жас балаларды аспаптар жасауға үйретіп келемін. Алдағы уақытта отандық және халықаралық көрмелерге қатысуды ойлап жүрмін, – дейді қолөнер шебері Абзал Әкімбек.

Ал Қапшағай қаласында тұ­ра­­тын көпбалалы ана Жанат Медетқызы болса ұлттық сипат­тағы құрақ көрпелер тігудің көне технология­сын қайта жаң­ғыр­тып отыр. Бұл істе 15 жылдық тәжі­рибесі бар шебер қапшағайлық жас қыз-келін­шек­терді осы өнерге бау­лып жатыр. Ал орындалған тапсырыстар Қазақ­станның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

– Біздің бұйымдарымызды

қап­шағайлықтар ғана емес, Аты­рау, Ақтау, Уфа қалаларының тұр­ғын­дары да сатып алады, тіпті Түркия, жақында Чехия ел­деріне де жібе­рілді. Біз үшін сапа – бірінші орын­дағы маңызды мәселе. Хал­қымыздың дәстүрлерін сақтауға өз үлесімізді қосып, бай мәдени мұрамызды әлемге танытқымыз келеді. Бұл істі жалғыз тігін машинасымен төсек жабдықтарын тігуден бастаған едім. Қазір іргесі кеңейіп, бизнестің ауқымы үлкейіп келеді. Мұндағы мақсатым – өзім секілді көпбалалы аналарға көмек көрсету. Біздің кішкентай цехымыз бірте-бірте аяғынан тұрды. Алғашында 50 адам жұмыс істеген, барлық қажетті техниканы сатып алғаннан кейін 20 адам жұмысқа орналасты. Қазір цехты кеңейтіп жатырмыз. Тоқымадан киімдер тіксек дейміз. 100 адамға дейін жұмысқа тартсақ деген жос­парымыз бар, – дейді цех иесі Жанат Медетқызы.

Шағын цехтағы шеберлер кү­ніне 40-50 қалыңдықтың жасауын тіге алады екен. Олардың қолынан шыққан жастықтар, көрпелер, жапқыштар өзінің түрлі ою-өрнек­терімен көз тартады. Жалпы, құрақ құрау – көркемдік талғамды талап ететін шығармашылық жұмыс. Құрақ түстерін таңдау, формаларын табу, оларды бір-бірімен үйлестіру – оңай іс емес. Дегенмен цех шеберлері жұмыстың күр­делілігіне қарамастан цехта жалпы жиырмадан астам бұйым түрін дайындайды.

Айтпақшы, көпбалалы ана індет ушығып тұрған кезде де көмек беруден тыс қалған жоқ. Оның цехында 13 мың данадан астам медициналық қорғаныс бет­пердесі тігіліп, тұрғын­дарға тегін тара­тылған-ды.