Жақында бұл тізім толығып, тағы екі кешенге көбейді. Көксу ауданының Балпық би ауылында және Райымбек ауданының Нарынқол ауылында жаңа нысандар салынып бітіп, іске қосылды. Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында 17 мың адам тұрады. Ал жаңа спорт кешенін ең қажетті кезеңде салынып, пайдалануға берілді деуге әбден болады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасына орай ауданымызда сәулетті спорт кешені ашылды. Енді ауылдағы 17 мың тұрғын мұнда денсаулығын шыңдап, кәсіби спорттың 12 түрімен айналыса алады. Заманауи спорт кешенінің құрылысына 673 млн теңге жұмсалды. Ғимараттың жалпы алаңы 3 мың шаршы метр. Күрес, бокс, командалық ойындар залдары, скалодром, тренажер залы жабдықталған, сол сияқты 180 орындық көрермен трибунасы бар. Баскетбол, волейбол, гандбол, минифутбол, бадминтон, бокс, теннис, күрес сияқты спорттың 12 түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге жабдықталған медициналық кабинет, душы бар киім шешетін, ілетін орын, 16 орындық буфет те бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.
Ал Райымбек ауданында ашылған заманауи спорт кешенінің құрылысына және материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген екен.
– Нарынқол ауылында салынған бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені – елді мекендегі ең іргелі спорттық нысан. Кешенде спорттық ойын түрлеріне, күрес, бокс, үстел теннисіне арналған залдар және тренажерлық зал бар. Сонымен қатар киім шешетін бөлме, буфет, кең асхана, медициналық және массаж кабинеттері, демалыс бөлмесі, әкімшілік кабинеттері, мәжіліс залы да қарастырылған. Көрермен трибунасы 180 орынға арналған. Аулада волейбол, ашық футбол алаңдары бар, мұнда жазғы күндері спортшылар таза ауада жаттығады. Балаларды тәжірибелі спортшылар жаттықтырады. Ғимараттың жалпы алаңы – 4,8 мың шаршы метр, маңайына бейнебақылау орнатылған, – дейді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов
2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Райымбек және Кеген аудандары қайта құрылды. Осыған байланысты аудан орталығында әкімшілік ғимараттарды салу, жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Қысқа уақыт ішінде үлкен жұмыс жасалды. Іске қосылған спорт кешені де сол қатарда. Су жаңа ғимарат ішінде бокс, күрес, футбол, жаттығу залдары мен стадион бар. Сондай-ақ медициналық және массаж кабинеті, әкімшілік үй-жайлары, киімжайы бар буфет және вестибюль орналасқан.
– Бұл спорт кешенінде тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерден бастап, зейнеткерлерге дейінгі барлық ауыл тұрғыны да жаттығумен айналыса алады. Осы аймақтан көптеген спортшы шықты. Мысалы, еркін күрестен Руслан Жұмабеков, Ардақ Назаров, Бейбіт Назаров, Жасұлан Қыдырбаев та – Райымбек ауданының тумалары. Осындай заманауи спорт кешенінен әлемдік жарыстарда Олимпиада шыңдарын бағындыратын спортшылар шығады деп үміттенеміз, – деп қорытындылады Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.
Айтпақшы, алдағы уақытта Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында да жаңа спорт кешені ашылмақ. Яғни жыл соңына дейін Жетісудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны он беске жетпек.