Бағдарламалар • 18 Маусым, 2021

Ауыл балаларының үмітін үкілейді

590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы аясында ауыл мектептерінде оқып жүрген балаларды дамыту мен ынталандыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының директоры Әнуар Жанғозин жан-жақты мағлұмат берді.

Ауыл балаларының үмітін үкілейді

«Ел үміті» бастамасы 2019 жылдан бері қолға алынды. Мұның аясындағы алғашқы жоба – «Мың бала» ұлттық олимпиадасы. Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы академиясы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып келеді.

Бұл олимпиада ауыл мектеп­терінде оқып жүрген талантты, қа­білетті балаларды іріктеп, жеңімпаз болғандардың әрі қарай білім алуын тереңдетіп оқытатын арнаулы мектептерде жалғастыруына мүмкіндік береді. Айталық, екі жыл ішінде олимпиада 400 мыңнан аса оқушыны қамтыған екен. Олардың барлығы – ауыл мектептерінде оқи­тын 5-6-сынып оқушысы. Бүгінгі таңда өткен жылғы жоба жеңім­паздарының 300-ге жуығы дарынды балаларға арналған маман­дандырылған мектептерде оқып жатыр. Бұл оқушылардың қазір үлгерімі де жақсы екен.

Ә.Жанғозиннің айтуынша, олим­пиа­даның негізгі үш ұста­нымы бар: қолжетім­ділік, ашықтық және инклюзивтілік. Кез келген ауыл баласына қолжетімді болу үшін олимпиадаға тіркеу және тес­­тілеу онлайн өтті. Барлығы қалыс қалмай құлағдар болу үшін Елбасы академиясының ютуб парақ­шасында вебинарлар­ды тікелей эфирде өткізіп, олимпиадаға тіркеу мен қатысу жөнін­дегі барлық нұсқаулықтар берілді. Нәтижесінде, 124 мыңнан аса қаралым жинады. Осылайша, цифрлы дағдылар да қалыптасты. Қызығушылық танытқан балалар интернетке қосылған кез келген құрылғы арқылы санаулы минуттар ішінде тіркеле алды. Осылайша, биылғы олимпиадаға 4 мыңнан аса ауыл мектептерінде оқитын 5-6-сыныптардың 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. Бірінші кезең­де оқушылар үйде отырып-ақ тест тапсырды. Ал интернет жыл­дамдығы төмен болғандарға мектепке барып тапсыруға мүмкін­дік берілді. Деректерге сүйенсек, қаты­сушылардың 29%-ы планшет пен компьютер арқылы, 71%-ы ұя­лы телефон арқылы тест тапсыр­ған.

– Олимпиаданың маңызды ұста­нымының бірі – ашықтық. Осы орайда олимпиадаға ауыл бала­лары ғана қатысатынына көз жеткізгіміз келді. Сол себептен алғаш рет Ұлт­тық білім беру деректер қорымен қатысу­шылардың ақ­параттарын сәйкестен­дірдік. Оқу­шылардың соңғы екі жылда ауыл мектебінде оқитыны тексерілді. Ұлттық білім беру деректер қорынан тексеру арқылы қатысушылардың облыс, аудан бо­йынша нәтижелеріне талдау жасауға мүмкіндік берілді. Нәтижесі айқын болу үшін тест сұ­рақтарының жа­уаптары ғалам­тордан таба алмайтындай етіп әзірленді. Ал екінші кезең 5-19 мамыр аралығында оқу­­шылар барлық санитарлық-эпидемиялық талапты сақтай отырып, 54 U Study аймақтық тес­ті­леу орталықтары базасында тестілеуден өтті. Олимпиада әділ өтуі үшін ҰБТ өтетін орталықта өткізуге шешім қабылдадық. Екінші кезеңге өңірлер бөлінісінде ең көп ұпай жинаған 4 мыңға жуық оқу­шы қатысты, – деді Елбасы ака­де­миясының директоры.

Биыл олимпиада алғаш рет онлайн форматта өтті. 1 000 жеңім­паздың 500-і – 5-сынып, 500-і – 6-сынып оқушылары. 6-сынып жеңім­­паздары еліміздің дарынды ба­лаларға арналған жетекші мек­теп­терінде: республикалық физика-мате­­матика мектебінде, «Білім-Ин­новация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерге оқу­­ға мүмкіндік алады. Ал 5-сынып бойынша жеңімпаздардың Birge Oqý он­лайн мектебінде оқығаннан басқа, ке­лесі жылы олим­пиаданың екінші ке­зе­­ңіне автоматты түрде қатыса ала­ды.

Birge Oqy онлайн мектебі – бұл да Елбасы академиясының ауыл мектептері оқушыларына сапалы білім беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан келесі ауқымды жобасы. Жақында ғана бұл онлайн мектеп алғашқы оқу жылын аяқтады. Онда «Мың бала» олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары білім алып жатыр. Онлайн мектепте оқушылар синхронды форматта ғана емес, асин­хронды бағытта да оқи алады. Алғашында пікірталас алаңы форматында бастама алған жоба, бүгін онлайн мектепке дейін кеңейтілді. Пилоттық кезеңде онлайн мектепке «Мың бала» олимпиадасының финалистері болған 3 мыңнан аса ауыл оқушысы қабылданған. Ал қазір 48 топта 1 500-ге жуық оқушы білімін жетілдірді.