Тарих • 18 Маусым, 2021

Дана Шыңғыс пен бала Шыңғыс

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың атын дүние жүзіне танытқан жыр алыбы Жам­былдың Алматы облысы Жамбыл ауданындағы әдеби- мемориалдық музейіне кезінде әлемнің әр түкпірінен ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, өнер өкілдері, оның өмірі мен өлеңіне тәнті басқалар да ағылып келіп жататын.Әрине, қазір де бұл қасиетті орынға ат басын бұратындар аз емес, алайда олар негізінен алғанда өз еліміздің азамат­тары.

Дана Шыңғыс пен бала Шыңғыс

Сонау 1973 жылы аталған му­зейде бір туған қырғыз хал­қы­­ның ұлы жа­зу­шысы, шырайлы шығар­мала­ры­мен алты құр­лыққа айрықша та­нылған, ой-санаңа, жан-жү­ре­гіңе ке­ремет әсер ететін роман, хикая­т, әңгімелері топтастырылған кітап­тары сан алуан тілге аударылып басылған тамаша қаламгер Шың­ғыс Айтматов та болған екен.

Сонда осы музейді он үш жыл бойы байыпты басқарған, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкі­­лінің бірі, балдырғандарға ар­нал­ған ертегі жазудың шынайы ше­бері, биылғы мамыр айында туға­нына 85 жыл болған марқұм Мұхаметжан Етекбаев әйелімен бірге ретін тауып Шықаңның ал­дынан кішкентай баласын (оның атын ырымдап Шыңғыстай шың­ға шықсын деп Шыңғыс қойған) алып шыққан ғой...

– Ол бір, бір жарым жас­тағы кезім, – дейді Шыңғыс Етек­баев. – Мына суретте Шың­ғыс Тө­ре­­құлұлының мені қолына ұс­тап тұрғаны бейнелен­ген. Жа­нындағылар анам Хази­ма Айдар­бекова мен әкем Мұха­мет­жан. Ал оң жақ шеттегі – ұлы Жам­был­дың баласы Әлімқұл Жам­былов.

Бүгінде Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында тұратын кіші Шыңғыс анасы Хазимамен (қазақтың атақты ақылды байы, үлкен меценат Медеу Пұсыр­манов­тың шөбересі болып келеді) бірге қарашаңырақ – туған үйдің түтінін түзу ұшырып, әке жаққан отбасы отын өшірмей отыр!..

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист