Театр • 18 Маусым, 2021

Бас жүлде – «Клеопатрада»

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы көрермендерін өнерімен тәнті етіп келеді. Бұдан бұрын аталған өнер ұжымы жанынан жастар театры ашылған еді. Ал биыл қуыршақ театрының алғашқы премьерасы сәтті өтті.

Бас жүлде – «Клеопатрада»

Жастардың өнер ордасын облыстық драма театрының әртістері Гүлнұр Қайырлиева мен Әміржан Нұрланұлы құрған еді. Олар труппа мүшелерін студенттер мен жоғары сынып оқушыларының арасынан таңдады. Жас буынның тарапынан өнерге бет бұруға ниет білдірушілер аз болмады.

– Кастинг кезінде актерлік өнерге бейім жастардың көп екенін байқадық. Ал­ғаш­қы спектакльді Жайық жа­ға­лауында, қалалық саябақтарда қойдық. Бүгінгі жастардың кө­ңілінен шығатын, аудитория­сына лайық тақырыптарды репертуарға енгізуге тырыстық, – дейді театр жетекшісі Ә.Нұр­ланұлы.

Жақында жастардың өнер ұжымы Керчь қаласында тұ­рақты өтетін «Боспорские аго­­ны» халықаралық театр фес­­тиваліне аттанған еді. Бұл фес­тивальге атыраулық жас­­тар ағылшын жазушысы Бер­­нард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пье­са­сы­ның же­лісімен «Клео­патра» дра­ма­сының премьера­сын ұсынды. Бас режиссері – Мұ­қанғали Томанов.

– Бұл – карантин кезін­дегі алғашқы гастроль. Спек­такль премьерасы өзге елдің сахнасында алғаш рет ұсы­нылды, – дейді театр дирек­торының орынбасары Нұргүл Құмарқызы.

Оның айтуынша, Керчте «Боспорские агоны» фестивалі 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл фестивальде ежелгі өнерді қазіргі еуропалық мәде­ниеттің негізі ретінде танымал ету көзделген. Атыраулық актерлер аталған фестиваль­ге 2017 жылы «Медея» спек­так­лі­мен қатысқан еді. Сол кезде теат­р ұжымы «Ежелгі тақы­рыпты заманауи оқу» аталымына ие болды.

Ал биыл ХХІІІ рет өткен халықаралық фестивальде 11 театр бақ сынады. Солардың арасынан атыраулық жастар теа­тры екі жүлдені иеленді. Фес­тивальдің бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымы мұнайлы өңірдің жас өрен­дері ұсынған «Клеопатра» қойылымына берілді. Сондай-ақ Клеопатраны сомдаған аты­раулық жас актер Ғайни Кука­това «Ең үздік әйел рөлі» аталымын иеленді.

Өнерге деген қызығушылық жастар театрының әртістерін осындай табысқа кенелтті.