Қоғам • 23 Маусым, 2021

Ауыл тұрғындарына көмектесті

164 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр ақпан айында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездескен-ді. Кездесуде 300-ден астам отбасы 1970-1980 жылдары салынған үйлерде инженерлік инфрақұрылымның тозуына байланысты орталық жылудың жоқтығына шағымданып еді.

Ауыл тұрғындарына көмектесті

«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында бүгінде еліміздің шалғай аудандарының түйткілді мәселелерін шешу бойынша партия жүйелі шаралар әзірлеуде. Облыс әкімінің айтуынша, жақын арада бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазандықтың құрылысына қаражат бөлінген. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу Nur Otan партиясының бақылауына алынды», деп атап өткен еді сол кезде Бауыржан Байбек.

Партиялық бақылау қоры­тын­дысы бойынша бүгінде Шәуілдір ауы­лын­да жылу жүйелерін қайта жаңар­ту жұмыс­тары мен қуаты 10450 кВт қа­зандық құрылысы аяқ­талды. Енді 25 көппәтерлі тұрғын үй, 45 бюд­жет­тік және 25 кәсіпкерлік нысан орталық­тандырылған жылу жүйесіне қосылды.

Сондай-ақ мұнда жалпы ұзын­дығы 650 м болатын 2 көшеге орта жөн­­деу, ұзындығы 870 м бола­тын 1 көшеге ағымдағы жөндеу жұ­мыс­­тары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін партияның баспасөз қызметі тұр­ғындардың Nur Otan-ға өтінішінен кейін Шымкенттегі тұтас бір шағын ауданның өмірі қалай өзгергені туралы хабарлаған болатын. Азат ша­ғын ауданында төрт жылдан астам уақыттан бері электр, газ және сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келген еді.

«Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың мәселелерін шешу, проблемалар туралы ашық айту және оларды жергілікті жерлерде шешуге қол жеткізу бойынша Nur Otan партиясының жұмысын жандандыруды тапсырды. Көбінесе аймақтардың тез өсуіне байланысты оларға лайықты инфрақұрылым жасалып үлгермейді. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әртүрлі аудандар тұрғындары арасындағы теңсіздікті жою туралы тапсырмасы бар», деген Бауыржан Байбек тұрғындарға мә­селені партиялық бақылауда ұстауға уәде берген болатын.

Нәтижесінде, бүгінде шағын ауданда барлық электр желілері жүргізілді. Ұзындығы 8,7 км орталық су құбыры желілерінің және 10 км газ құбырының құрылысы аяқталды. Ішкі жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Маусым айының соңына дейін абоненттерді орталық су құбырына қосуды және ауыз су беруді қамтамасыз ету, 1 тамызға дейін автоматты газ тарату стансасының құрылысын аяқтап, газ беру, ал 1 қыркүйекке дейін ішкі жолдардың асфальт жабынының екінші қабатын салу жоспарлануда.