Аудандағы алып өндіріс
Әдетте инвесторлар қаржы салар кезде «отыз күн ойланып, қырық күн толғанып» барып шешім қабылдайтыны анық. Демек, жер жағдайы қолайлы, инфрақұрылымы қалыптасқан, логистика тұрғысынан да мүмкіндікке ие аймақтың айы оңынан туатыны хақ. Осы тұрғыдан алғанда Алматы облысының жолы болып тұр. Нәтижесінде, қазір өңірде 592 жоба осы жеке компаниялардың қаржысына жүзеге асып жатыр екен. Анығында, 2021-2030 жылдар ішінде жүзеге асатын инвестиция жобаларының жалпы құны 5,5 млрд теңгеге жетпек. Жалпы, біз аймаққа құйылған инвестициялардың игілігі жайында бұған дейін де жазған едік, бұл жолы жақын уақытта жүзеге асатын тағы да бірнеше жоба жайында айтқанды жөн көріп отырмыз. Мұның біріншісі шетелдік инвесторлардың қаржысына ашылатын өндіріс болса, екіншісі Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамымен бірлесіп қолға алынып, құрылыс материалдарын шығаратын 5 бірдей жаңа зауыт туралы болмақ.
Жақында Ұйғыр ауданында іргесі қаланатын жаңа зауыт картоп крахмалын шығарады. Жобаны «Катада TRANS GROUP» серіктестігі Оңтүстік Корея инвесторы – «ISA. Co. LTD» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырмақ. Қазір қажетті құжаттарға қол қойылып, қаржы мәселесі келісіп, пішілуде. Өңір экономикасына тартылатын инвестиция көлемі 26 млрд теңге шамасында болмақ. Ал іске қосылатын зауыттың жылдық өнім шығару қуаты 45 мың тоннаға дейін жетеді дейді.
– Оңтүстіккореялық заманауи құралдарды пайдаланатын жаңа өнеркәсіп орны Ұйғыр ауданы аумағында орналасады. Бұл жобаны отандық «Катада TRANS GROUP» ЖШС компаниясы Оңтүстік Корея инвесторы – «ISA. Co. LTD» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Зауытты шикізатпен толық қамту үшін жыл сайын 120 га жерге картоп егу керек. Жылына шамамен 200 мың тонна картоп өңдеу жоспарланған. Картоп крахмалынан бөлек зауытта жылына 5700 тонна көлемде картоп шырыны, 2100 тонна картоп протеині, 5 мың тонна мал азығы шығарылады. Кәсіпорын іске қосылғанда 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвесторлар 10 жыл бойы жергілікті халықтың арасынан 7 маманды тұрақты түрде оқытып отырады, – дейді тақырыпқа орай пікір білдірген облыс әкімі Амандық Баталов.
Ал «Катада TRANS GROUP» ЖШС директорының орынбасары Серғазы Шалқарбековтің айтуынша, зауыт 18 ай ішінде салынып, бітуі тиіс. Яғни келер жылдың күзінде өндіріс желісі пайдалануға беріледі деген үміт бар. Жобалаушылар зауыт өнімінің елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен сұранысқа ие болатынын болжап отыр. Өйткені картоп крахмалы азық-түлік, медикаменттер, косметикалық құралдар, қағаз, құрылыс материалдарын өндіруге кеңінен қолданылады. Яғни модификацияланған картоп крахмалы заманауи өндіріс үшін өте пайдалы әрі нарықта сұранысқа ие шикізат көзіне айналатыны анық.
Екінші жағынан, бұл өндірістің Ұйғыр ауданында іске қосылуы аймақтың экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз. Өйткені іргелі кәсіпорынның тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін шикізат қоры ғана емес, қажетті инфрақұрылымның да жаңарып, жаңғыруы қажетті. Ал зауыт іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір бюджетіне түсетін салық көлемі де артады. Бұдан бөлек қызметкерлер үшін тұрғын үй салынып, жаңа мектеп, аурухана сияқты қажетті әлеуметтік нысандар ашылады. Жалпы, 65 мыңға жуық тұрғыны бар Ұйғыр ауданы аумағында бүгінде ауыл шаруашылығы мен егін шаруашылығы кеңінен қанат жайып отыр. Табиғи ыстық су көздерінің дамуы туризмнің дамуына да жол ашқан. Ал мұндай көлемдегі зауыт салынып, іске қосылса өңірдің өндірістік келбеті оң бағытқа өзгерері анық.
Берері мол 5 зауыт
Отандық құрылыс, оның ішінде жылжымайтын мүлік нарығы бағытындағы жұмыстардың басы-қасында жүрген Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы енді ішкі тұтыну нарығын дамытуға ден қоймақ. Яғни үкіметтік компания құрылысқа қажетті материалдарды өңірлерде шығаруды қолға алып, шағын зауыттар салуды көздеп отыр. Оның алғашқы қадамы Алматы облысынан басталуда. Мәселен, алдағы 2 жылда Жетісу жерінде 5 бірдей зауыт іске қосылмақ. Samruk-Kazyna Construction компаниясы мен Алматы облысының әкімдігі келісімге келіп, зауыттардың іргетасы биылдан қалмай қаланатын болды.
Аймақта салынатын жаңа өндіріс ішкі нарықты арзан да сапалы құрылыс материалдарымен қамтуы тиіс. Зауыттың екеуі Талдықорған қаласында салынса, қалғандары Алматы қаласының маңындағы аудандардан ашылады деп жобаланып отыр. Бұл бастама облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына да оң ықпал етпек. Құрылысқа 25 млрд теңге инвестиция тартылса, өндірістер іске қосылғаннан кейін 600 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар.
– Минералды жылытқыштар, газбетонды блоктар, қасбет плиталары, керамикалық кірпіштер, есік блоктары және ламинатталған еден плиталары – осының бәрі жуық жылдарда Жетісу өңірінде өндірілетін болады. Бұл өз кезегінде сұранысқа ие құрылыс материалдары бағасының төмендеуіне, отандық нарықты бәсекеге қабілетті жергілікті өнімдермен толықтыруға, сонымен қатар импорт алмасу мәселесінің оң шешілуіне ықпал етпек, – дейді Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Болатқан Сандықбаев.
Жалпы, Алматы облысында құрылыс жұмыстарының көлемі артып келе жатыр. Яғни өңірде тұрғын үйлерді көптеп салу қолға алынған. Бұл өз кезегінде сапалы құрылыс материалдарына сұранысты арттыратыны сөзсіз. Демек, аумақтан 5 бірдей құрылыс материалдарын өндіретін зауыттың салынуы туралы сөз дер кезінде айтылып, сәтімен жүзеге асатын жоба болғалы тұр. Ал облыста зауыт салуға барлық мүмкіндік бар. Қазір аймақта бірнеше индустриалды аймақ ашылған. Онда қажетті инфрақұрылымның бәрі бар.
– Болашақ зауыттардың өндірістік қуаттылығы туралы айтатын болсақ, мәселен, жылына 7 мың тонна минералдық жылытқыш, 60 мың текше метр газды блоктар, 2 млн шаршы метр ламинатталған еден плиталары, 1,5 млн шаршы метр қасбетке арналған фиброцемент плиталары шығарылады деп жоспарланған. Бұл – өнімнің бір бөлігі ғана. Ал Талдықорғанда газбетон блоктары және керамикалық кірпіштер шығарылмақ. Бұл зауыттарды мерзімінде іске қосу үшін біз «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы арқылы толық қолдайтын боламыз. Өйткені мұндай жаңа импорт алмасу өндірісі өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосады әрі Алматы облысында құрылыс материалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтуға оң ықпал етеді, – дейді аймақ басшысы Амандық Баталов.
Жаңа форматтағы 101 мектеп
Айтпақшы, осы тақырып аясына мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестіктің дамуы туралы қосқан абзал болатын шығар. Өйткені экономиканың дамуы мен әлеумет әлеуетінің оңалуына бұл бағыттағы жұмыстың да ерекше үлесі бар. Әсіресе, мектеп пен балабақша салу бойынша екіжақты әріптестіктің нәтижесі жемісті екен. Енді осы іске BI-Group холдингі де күш жұмсамақ. Мәселен, BI-Group компаниясы алдағы бес жыл ішінде жаңа форматтағы 101 мектеп салуды жоспарлап отыр екен. Оның ішінде 5 мектепті Алматы облысының аумағында ашу ойда бар. Екі мектептің құрылысы Талғар ауданының Талдыбұлақ және Байбұлақ ауылдарында басталуға дайын. Бұл ғимараттар мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде салынады. Яғни мектептердің жобалық құнының 30 пайызын әкімдік қаржыландырса, 20 пайызына жеке инвестиция жұмсауы тиіс. Ал діттеген мақсатқа қол жеткенде іске қосылатын мектеп саны артады. Бұл көптеген шаруаны оңтайлы шешпек. Шынын айтқанда, апатты мектептер мен үш ауысымда білім беретін оқу орындарының мәселесі Алматы облысында да өткір тұр.
– Біз BI-Group компаниясымен бірлесіп, облыстағы 3 ауысымды мектептерді жоюдың бағдарламасын әзірлейміз. 2025 жылға дейін қай елді мекендерде қанша мектеп саламыз, бұл соның бәрін егжей-тегжейлі нақтылайтын құжат болады. Аймақта қазір 49 үш ауысымды мектеп бар. Әсіресе, бұл мәселе Алматы маңындағы аудандарда өзекті болып отыр. Біз мектеп салатын жер учаскелерін дайындаймыз, инженерлік инфрақұрылым тартып береміз, атқарушы орган тарапынан берілуі тиісті қаржыны бөлеміз, ал құрылыс жаңа мектеп салып береді, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, BI-Group холдингі мен облыс әкімдігі арасындағы әріптестік байланыстың тамыры тереңде жатыр. Компания аймақта оншақты жыл бойы құрылыс жұмысын жүргізіп келеді. Соның ішінде Талдықорған қаласының сәулеттік дамуына зор үлес қосып отыр. Мәселен, Талдықорғандағы заманауи инфекциялық аурухана мен Бикен Римова атындағы драма театрының жаңа ғимаратын толықтай осы компания талапқа сай етіп салып шыққан. Бүгінде BI-Group Үшарал әуежайының ұшып-қону жолағын жөндеуге де атсалысуда. Холдинг былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының іске асуына белсене қатысты.
– Біраз жылдан бері Алматы облысында көптеген жобаларды іске асырдық. Сенімді серіктес ретінде іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға бейілміз. Қазір мектеп құрылысына қатысты бірнеше ұсыныс бар. Осы жобалар облыс тарапынан мақұлдаса, биыл құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз. Бұл жаңа форматтағы 2 мектеп жобасы. Бұл мектептер пәндік білім берумен қатар қаржылық, цифрлы сауаттылыққа баулу, балалардың оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында оқушыларды бос кеңістікті игеріп, заманауи интерьерлік шешімдерді тартымды пайдалану жағына үйрететін ерекше жоба болмақ, – дейді BI-Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев.
Алматы облысы