Биыл еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өткелі отыр.Отан үшін қан-қасап майданда от кешкен аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың жанқиярлық ерліктері мен тылда еңбек еткендердің қажыр-қайраты ұрпақтан-ұрпаққа жететін өшпес үлгі, өлмес өнеге. Осы күндері елімізде қоғамдық-әлеуметтік, мәдени шаралар өткізіліп, ерлікке тағзым етілуде. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында ұйымдастырылған “Ұлы Отан соғысы: зерттеу әдіснамасы мен оқыту тәжірибесінің өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жас ұрпақтың жадында соғыстың қаншалықты қасірет әкелгенін жаңғырту, оған тарихи баға беру және жан-жақты терең зерттелуін нақтылай түсудегі айшықты шара болды.Оған еліміздің тарихшы ғалымдарымен бірге Ресейден, Өзбекстаннан да қонақтар келді. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышев уақыт өткен сайын Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдары тарих сахнасында айшықтала түсетініне тоқталды. Сұрапыл соғысқа дүние жүзінің 60 мемлекеті қатысқанынан хабардар етті. Майданға аттанған 122 423 ақтөбеліктің 36 700-і ғана туған жерге оралған. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 9-ы “Даңқ” орденінің толық иегері болған.
Пленарлық мәжілісте философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов “Тұтастық пен ұлттық намыс – Жеңістің кепілі”, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры З.Бочарева “Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ресей эмиграциясы”, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы КСРО-ның ұлттық саясатының тарихнамасы” деген тақырыптарда тартымды баяндама жасады. Конференцияда бұдан басқа да баяндамашылар шығып сөйлеп, Ұлы Отан соғысының көп салалы тарихы туралы әңгімеледі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар содан кейін секциялық мәжілісте Ұлы Отан соғысы тарихының зерттелуі жайында өзара пікір алысып, толғақты ойларын ортаға салды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.