«Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, бас басылым, төре газет, төбе газет, ел газеті» дейміз, қалай айтсақ та, төлбасы болған «Egemen Qazaqstan» – баспасөздегі алғашқы институтымыз. Сонау Алаш арыстары дүниеге әкелген «Қазақ» газетінің заңды мұрагері болған бұл басылым шын мәніндегі жаңа әдебиетімізді өркендетуді, туған тілімізді байытуды, мәдениетімізді мәуелендіруді сала-саласымен жүргізіп келе жатқан бас басылым екенінде дау жоқ. Асылы, ол ана тілімізді дамыту, көркем ойымызды өрістету жолындағы мектеп болды. Бұрынырақта бір жиында «газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» деп айтқаным бар еді. Шынында да газет сөзі – тасқа басылған тарих. Жылдарды жылға жалғастыратын шежіре. Ал жүз жасаған «Егемен» – тірі тарихымыз, ғасырлық шежіреміз. Басылымның көтермеген тақырыбы, қозғамаған мәселесі, бармаған саласы жоқ деуге болады.
Көбірек оқимын. Көз нашар, екі көзім де әйнек болғанымен, күнделікті келетін поштаның бірін қалдырмай, тұтас қарап шығамын. Республикалық газеттің бәрі келеді үйге. Қалай оны оқымаймын? Тың дүние оқыған сайын бұрын білетінім түкке тұрмайтындай көрінеді. Әдетте қаламгер қауымы жазушы және журналист деген бір-біріне тілектес, бір-бірімен ниеттес екі топтан тұрады. Жазушы қиял сауып, ойдан оқиға құрап, кейіпкер жасайды. Екіншісі өмірде болған оқиғаны баяндап, оған қатысты адамдарды қарекет-қимылымен көрсетіп, деректендіріп, ақиқатын жазады.
Заман өзгерді, қоғам жаңғырды, соған сәйкес журналистке деген көзқарас та өзгерді. Қазіргі журналист хабар-ошар ғана жазып жұртшылықты жаңалықтармен ғана таныстырып отыратын тілші емес. Биік мінберлерден ой толғап, елді ертеңге жетелейтін қайраткерге, шындық үшін жан ұрып, жар салатын күрескерге айналды. Өмірде олар араласпайтын сала, олар қатыспайтын шара жоқ. Бізде осындай журналистер өсіп келе жатыр. Сондықтан оларға хабар-ошар тасушы деп қарамай, қайраткер деп қарау керек.
Алғашқы адымынан қазаққа қазақ атын қайтарып берген бұл газет төл тарихынан айырылып қала жаздаған халқымыздың тарихын тірілтіп күрескерлік, еңбеккерлік рухымызды асқақтата түсуге тиіс. Ал бұған жас қаламгерлер белсене атсалысатынына сенімім кәміл!
Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы
Өмірімнің ең бір шуақты да қуатты жылдарын журналистикаға арнаған адаммын. Осынау қасиетті мамандықтың киесін кетірмеу, тұнығын лайламау азаматтық ұстанымыма айналды. Қалам қарымымыз, жастық жалынымыз баспасөз айдынында өтті. Қоғам айнасын айшықтап, күнделікті өмір тынысын газет арқылы халыққа жеткізіп отырдық. Қолына қалам ұстаған іні қарындастарымды, балаларымды кәсіби мерекесімен құттықтағым келеді.
70 шақырымды еңсерген велошабандоз
Оқиға • Кеше
Алматыда Қазақстан мен Ресей волонтерлік ұйымдарының слеті өтті
Волонтер • Кеше
Алматыда креативті индустрия өкілдерімен кездесу өтті
Алматы • Кеше
Абай облысындағы мектепте қазандық жарылды
Төтенше жағдай • Кеше
Ақтауда көлік апатынан үш адам зардап шекті
Аймақтар • Кеше