Қоғам • 28 Маусым, 2021

Қоғамның қозғаушы күші

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі журналистер мерекесі күнінде мен осы салада еңбек етіп жүрген журналистердің жас буынын төл мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Өйткені олардың алдында аса маңызды, жауапты міндеттер тұр. Ол – қоғамның қалғып кетуіне жол бермеу, өздерінің күн сайынғы мазасыз, тынымсыз еңбектерімен еліміздің алға қарай қадам басып, үздіксіз дамуына қызмет ету, қоғамдағы жақсылық атаулыны жарқырата көрсетіп, келеңсіздік атаулымен аянбай күресу, адамдардың жүрегіне үміт отын жағу, жастарымызды жақсы қасиеттерге баулу. Сондықтан біз журналистерді жарқын болашағымыздың жасампаздары деуімізге әбден болады.

Қоғамның қозғаушы күші

Мен де өзімнің жап-жас кезім­нен журналистік мамандықты таң­дағаныма, өмірімнің ұзақ жылдарын осы салаға арнағаныма еш уақытта өкінбеймін. Қоғам қайраткері, жазушы ретінде қалыптасуыма, рухани өсуіме осы саланың шапағаты тиді. Қазақ баспасөзінің қара нарлары, көк бөрілері Шерхан Мұртаза, Сапар Байжанов сынды ағалармен бірге қызмет атқарып, мектебінен өттім, олардың маған үлкен сенім, жауапкершілік артып, әрдайым қолдап отырғандары арқасында осы салада біраз биіктерге көтерілдім. Шерағаң «Лениншіл жас» газетінің редакторы болған кездерде ол кісінің орынбасары болдым. Сапекең «Социалистік Қазақстан» газетін басқарып тұр­ғанда редакция алқасының мүшесі және әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқардым. Осы газеттегі өнер адамдары туралы жарияланған очерктеріме Қазақстан Журналистер Одағының бірінші сыйлығы берілді. Одан кейінгі жылдарда республикалық «Жалын» баспасын, «Қазақкітап» кітап саудасы басқармасын, мемлекетаралық «Заман-Қазақстан» газетін, қос палаталы Парламент Сенатының Парламент актілерін аудару, редакциялау және басып шығару бөлімін басқарып, жасым келген соң зейнетке шықтым.
Бүгінгі таңда «Егемен Қазақстан» газеті бастаған республикамыздың көптеген газеттері мен журналдары еліміздің игілігі үшін қажымай-талмай, қажырлылықпен еңбек етіп келеді. Мен журналистика саласындағы інілерім мен қарындастарымның, қазір­гі жастарымыздың жазған эко­но­микалық, әлеуметтік, рухани ма­ңызды мәселелерді көтерген тұ­шымды мақалаларын оқыған сайын қуа­намын. Оларға іштей келешекте де шығар­машылық табыстар тілеп отырамын. Бүгінгі таңда интернет желісінде жұмыс істейтін журналистердің жаңа буы­ны өсіп-жетіліп, көбейіп келеді. Ақпараттың таралуы бұрынғыдан әлдеқайда жылдамдай түсті. Мұның бәрі – жақсылық, заманымыздың жаңа лебі деп білемін.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын бел­гілі журналист, ақын, жазушы інім Бақытжан Қанапиянов Алматыдан астанаға келген сапарында маған әдейі жолығып, өзінің өткен жылы мемлекеттік сыйлық алған, орыс тілінде жарияланған «Достояние души» атты жыр жинағы мен екі томдық шығармалар кітабын сыйлап кетті. Бақытжан менің баяғыдан білетін інілерімнің бірі еді. Әрі ол Қазақстандағы баспа орындарында көп жыл қызмет атқарғанын айт­пағанда, біраз жыл Мәскеуде шығатын «Литературная газетаның» Қазақстандағы тілшісі болған. Маған сыйлаған кітаптарында оның ішкі жан сырлары, журналистік қырлары да айнадағыдай көрінеді екен. Және бір ерекшелігі Бақытжан да Олжас Сүлейменов ағасы сияқты орыстілді ақын ғой. Оның кітаптарын оқығанда 70-жылдардың аяғында жазылған бір өлеңі ерекше назар аударды. Былай депті ол:
Бала кезден шықты тілім басқаша,
Қостілділік ішке кірді астаса.
Екіжүзді болып кетсем, дұрыс-ау,
Ондай жүзді тіліп-тіліп тастаса.

Игеріп ем құлаққа жат бір тілді,
Бабаларым бөлді жиі ұйқымды.
Аруақтар мысқылдайды түсімде,
Бөтен елдің тұтқынындай сиқым­ды.

Сол кездерде бабаларға сыйынып,
«Кешір мені», – деп өтінем иіліп.
«Тартпай туған ұрпағымсың тегіңе»,
Дейтін сынды олар маған күйініп.
Шағын ғана өлеңде ата-бабасы­ның жерінде туып өссе де ана тілі­нен мақұрым қалған тұтас бір ұрпақ­тың ішкі зары, қиналыстары шыншылдықпен көрініс тапқан. 70-ші жылдардың аяғында жазылған осы өлең 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғаларынан кейін дүниеге жаңа келгендей болып, авторды «ұлтшыл» атандырып, айқай-шу, дүрбелең туғызып жібергені айтылады кітапта. Б.Қанапияновтың шығармаларымен танысқан адам оның поэзияда болсын, журналистік қызметінде болсын тек шынайы шындықты жазатынына көз жеткізеді. Ал бұл – журналистер үшін ең қажетті қасиет.

Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты