Қазақстан • 29 Маусым, 2021

Жасанды жаңбыр жаудырады

1517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі адам баласын алаңдатып отырған мәселенің бірі – қуаңшылық. Ал бұл жағдайға тікелей қатысы бар құзырлы мекемелер мен ізденушілер қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, Алматыдағы инновациялық компания Экология министрлігіне құрғақшылықпен күресуге көмектесе алатын рай білдірді.

Жасанды жаңбыр жаудырады

Бұл инновациялық ғылы­ми-өндірістік компания агро­өнеркәсіп кешені мен қоршаған орта қажеттіліктері үшін ұш­қышсыз ұшу кешенін жасады. Кешен екі ұшқызсыз ұшу аппараты мен жердегі метеостансадан тұрады.

Бірінші дрон борттағы метео­стансамен және қозғалыс пен оператор әрекетін түзету үшін бақылау жүйелерімен жабдық­талған. Екіншісі белсенді затты бұлтқа тікелей шашады. Жердегі ме­теостанса желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайды. Nimbus екі қозғалтқышты ұш­қы­­шының техникалық сипат­тамаларына келсек, теңіз дең­гейінен 5500 метр биіктікте 2 сағат ұша алады. Түзу ұшу қашықтығы – 140 шақырым, жыл­дамдығы – 72 ш/сағ. Бұл жағ­дайда арнайы композицияны шашырататын экологиялық қауіпсіз пиротехникалық картридждер реактив ретінде жұмыс істейді.

«Біз жүк көтергіштігі 10 ки­лоға дейін көтеретін дрон жа­садық, ол бұлтты себуге, яғни жа­санды жаңбыр тудыруға қол­­­данылады. Біз мұндай жо­ба­лар­ды Қостанай облысында сынақтан өткізіп жатырмыз және Маңғыстау облысында жос­­парланған. Құрғақшылыққа байланысты өсімдіктер ғана зардап шекпейді, жануарларда да жейтін ештеңе жоқ, жағ­дай аянышты екендігін өзде­ріңіз де білесіздер», дейді «KazTechInnovations» ЖШС жоба менеджері Ернұр Төлеген.

Жасанды жаңбырдың көме­гімен құрғақ уақытта өрістерді суарып, өртті сөндіруге болады. Бұл әдіс қыста аз қар жауып, өріс­­терді қармен жабу үшін де қолданылады. Бүгінгі күні компания өмірдің түрлі салаларында инновациялық жобаларды жүзегеасыруда – сотталғандарға арналған электронды білезіктер, электрмобильді платформалар, қоршаған ортаны бақылау стан­салары, метеорологиялық стансалар, дәріхана сенсорлары, ең­­бек қауіпсіздігі датчиктері, Growgreenme өсімдіктерін отыр­ғызу мониторингі, Robostore авто­маттары ойлап табылды. Мұ­­найдың төгілуіне қарсы тұру үшін сфералық дрейфті қалтқы тү­­рінде әзірленді.

Осы уақытта жасаушылар көп спектрлі бейнесі бар картаға түсіруге, деректерді қорғауға және әскерилерге, экологтерге, фер­­мерлерге арналған шифрлау­мен ұшқышсыз ұшу аппараттарына көп көңіл бөлуде.

«Экология бойынша мәсе­лелер басталған кезде бізді Зат­­тар интернеті қызықтырды. Мы­салы, қазір Софт бөлігін әзір­­лейтін қазақстандық компа­ния­мен бірігіп жатырмыз. Бұл ластануды бақылаудың автоматты жүйесі болады, онда де­ректерді беру дереу Экология ми­нистрлігінің серверлеріне жі­беріледі. Сонымен қатар біз пар­никтік газдар мониторингі бойынша америкалық және бель­гиялық компаниялармен байланысқа шықтық, ар­­найы датчиктер әзірлеуді жос­­­­парлап отырмыз», дейді «KazTechInnovations» ЖШС бас ди­рек­­торы Таир Балбаев.

KTI зауыты «Алатау» ин­но­вациялық технологиялар пар­кінде орналасқан. Бұл зауыт – толық циклды өндіріс: оның өзіндік конструкторлық бюросы, металл өңдеу, қоспа техно­логиялары, композициялық материалдар өндірісі, пластмасса және силиконды қалыптау, гальваникалық жабындар мен электронды бұйымдарды орнату цехтары бар. 2021 жылы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде 1 383 жаңа жұмыс орнын құрайтын, 44,5 млрд теңге сомасына 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

 

АЛМАТЫ