Саясат • 02 Шілде, 2021

Сыртқы саясаттың саңлағы

417 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ел мен елді жақындастырып, өзара жылы шырайлы қарым-қатынастардың орнығуында дипломатиялық қызметтің атқарар рөлі зор. Дана халқымыз оны «Елдестірмек – елшіден» деген бір ауыз сөзбен түйіндеп берген. Қандай кезде де шиыршық атқан оқиғалардың бел ортасында жүретін елшілік қызметкерлері тарихқа ықпалын тигізе алады деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Бұл олардың іс-қимылына берілген биік баға екені белгілі. Міне, осындай дипломатиялық қызметтің жілік майын шағып ішкен халқымыздың мақтан тұтар ұлдарының бірі – бүгінде сексеннің сеңгіріне шаршамай-шалдықпай көтеріліп отырған тұғырлы тұлға Карл Сәрсенов.

Сыртқы саясаттың саңлағы

Кеңестік кезеңде Қазақстан – КСРО-ның құрамындағы одақтас республиканың бірі болғандықтан, дербес сыртқы істер қызметін жүргізуге өкілеттілік ала алмады. Қазақ КСР-інің Сыртқы істер министрлігі деп аталатын министрлік құр әшейін аты бар да заты жоқ құрылым болғаны жасырын емес. Әрине, бұл жайт қазақ топырағында дипломатиялық қызметке төселген оның астары мен қатпары мол терең иірімдерін меңгерген тұлғалар болмады дегенді білдірмейді. Әйтсе де, олар сол кезде қалыптасқан социалистік жүйе талаптарына сәйкес КСРО Сыртқы істер министрлігінің құрамында қызмет етті.  Карл Сәрсенов те өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде Мәскеудегі Жоғары дипломатиялық мектепті бітірген елшілік қызметінің маманы ретінде алғашқыда біраз уақыт бойы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Қиыр Шығыс бөлімінде екінші хатшы міндетін атқарады. Одан кейін КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберіледі. Бұл жылдарда КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп тұрған еді. Оның үстіне, сол кезде Қытайда орын алған қарама-қайшылығы мол ішкі саяси оқиғалар да жағдайды күрделендіре түскен. Мұндай сын кезеңде алға қойылған міндеттерді абыроймен атқару оңайға түспейтіні айтпаса да түсінікті еді. Сексенінші жылдардың басында КСРО-ның ҚХР-дағы елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Карл Сәрсеновтің иығына түскен салмақ ауыр еді. Ол осылай шыңдалып, қызметтік дағдылары мен машығын тереңдете түсті.

Елдер арасындағы қарым-қатынас­тарға  ұдайы өзгеріп отыру сипаты тән. Бұл үрдісті КСРО мен Қытайға қатысты айтуға да болады. Осылайша, екі жақтың  қырғиқабақ көзқарасы біртіндеп түзеле бастады. Мұндай өрелі өзгеріс, ең алдымен, Қытайдың Дэн Сяопин бас­таған жаңа басшылығының пайымды прагматизмі мен сындарлы сыртқы саясатының арқасында орнықты деп санайды Карл Есімұлы.

 Солай бола тұрса да жергілікті тұрғын­дардың «Кеңестік тіміскілеу­шілерге» деген күдігі жойылмай тұрған жағдайда жұмысты кеңірек ауқымда әрі белсендірек жүргізуге тура келді. Әр  қадамы есептеулі, әр айтқан сөзі тыңдаулы жағдайда елшілік өкілдері, соның ішінде бірінші хатшы Карл Сәрсенов те бейнебір қылпылдап тұр­ған ұстараның жүзінде жүргендей күй кеш­кен еді. Олардың Кеңес-қытай қаты­настарын жақсарту үшін барлық бағыт бойынша жан-жақты жұмыс жүргізе білуі, әсіресе КСРО-ның Қытайдағы елші­лігінің ғылыми-техникалық блок­қа қатысты жұмысының сүбелі бөлігі қандасымыздың еншісіне тиді. Бұған қоса, ол сол кезеңдегі Қытайдың ракета­лық-ядролық мүмкін­дігі мен әлеуеті жөнінде тігісін білдірмей, мол мағлұмат жинақтауға тиісті еді. Бұл бағытта Карл Есімұлы бірінші кезекте жергілікті жердің жай-күйін зерделеуге тырысты. Дәл осы жылдарда Қытайдағы айрықша қорғалатын стратегиялық маңызы ең жоғары аймақ – Шыңжан Ұйғыр авто­номиялық республикасы болған. Сол уақытта онда бір миллионнан астам қазақ тұрғаны тиісті деректерден мәлім. Ашығын айтқанда, мұндай жабық аймақ­тың қыр-сырын ашып, бүге-шіге­сіне дейін біліп алу КСРО-ның дипломатиялық қызметкерлері үшін аспандағы айды әперумен пара-пар қиын іс еді. Солай бола тұрса да 1983 жылы мұндай қиын аймаққа бірінші рет бас сұғып, КСРО-ға қажетті мәліметтер жинақтаған тұңғыш шетелдік дипломат Карл Сәрсенов еді.

 Сексенінші жылдардың екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың бас кезінде ол КСРО-ның Ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік коми­теті төрағасының орынбасары қыз­метіне шақырылады. Бұл дәуірде атал­ған комитет Одақтағы элиталық ведомстволардың бірі болатын. Аталған лауазымды атқарған кезінде өзіне жүктелген басты міндеттермен қатар, Қытай мәселесі де оның қызметінің бас­ты бағытының бірі болып қала берді.

Бұл қызметінде оған сыртқы эконо­микалық және саяси қызметтерді жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік беріледі. Өзгесін айтпағанда, КОКП орталық комитетінің өзінен, КСРО Жоспарлау комитетінен Карл Сәрсеновтің ақыл-кеңесіне жүгінуді қажет деп тапқандар аз емес-ті. Сөйтіп, танымал бола бастаған тұлға қайда бет бұрса да консультант қызметін атқарып жүргендей күй кешті. Сондай-ақ әр жылдары Қытай­дың астанасы Пекинде өткен келіссөздерге КСРО-ның Тализин, Маслюков, Пельше, Ловеров секілді жоғары дәрежедегі жетекшілерін өзі бастап барды. Бұл уақытта Қытайдың экономикалық даму моделі   жоспарлы экономика және нарықтық реттеу деген қағидаға негізделді. Өкінішке қарай, мұндай реформалық бағытты КОКП жетекшілері қабылдай алмады.

Соған қарамастан, экономиканы және ғылым мен техниканы жаңғырту­дағы Қытай тәжірибесі елдің орта буын жетек­шілері арасында әжептәуір қы­зығу­шылық туғызды. Әсіресе ер­кін экономикалық аймақтар мен ғылыми-техникалық парктер құру жөніндегі КХР-дың оң тәжірибесін одақтық комитет басшысының орынбасары Карл Сәрсенов ешкімнен қай­мық­пай қолдай білді. Айталық, оның тікелей ұйымдастыруымен Мемлекеттік жос­парлау комитеті мен КСРО Министр­лер Кеңесінің мамандары КХР-дың оңтүстік бөлігінде ЕЭА құру тәжірибесінен үйреніп сабақ алғаны соның айғағы. Олардың ішінде одақтас республикалардың өкілдері де бар еді.

Ғылым мен техника саласындағы халықаралық блоктың қызметін жаңа сатыға көтеріп, тиісті ұйымдастыру жұмыс­тарын кәсіби әрі биік сапалық деңгейде жүргізе білгені үшін К.Сәрсенов КСРО Министрлер Кеңесі Төраға­сының алғысына ие болған. «Осы аралықта алып империя алқынып демін әзер алып жатты. Көп кешікпей, Кеңес Одағы тарап, біз қызмет істеген комитет Ресейдің Ғылым министрлігі болып қайта құрылды, – дейді бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері. – Мен Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, яғни 1992 жылы еңбек демалысым кезінде отбасыммен бірге Мәскеуден Алматыға келдім. Маған өз елімнің тәуелсіздік талаптарына қалай икемделіп жатқанына куә болу үлкен әсер етті. Соның ішінде дербес мемлекет жағдайында республиканың сыртқы істер қызметі қалай құрылып жатқаны үлкен қызығушылық туғызды. Сол кезде егемен елдің сыртқы істер ведомствосының негізгі бөлігі КСРО Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлерінен құралғанына көз жеткіздім. Министр болып бұған дейін­гі әріптесім Төлеутай Сүлейменов таға­йын­далыпты. Ол мені егемен елдің мүддесі үшін бірге қызметтес болуға шақырды. Бұл ұсынысқа қарсы емес екенімді жеткіздім».

Осылайша, 1992 жылдың аяғында К.Сәрсенов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарауына қызметке келіп, көп кешікпей еліміздің АҚШ-тағы елшілігінің кеңесшісі қызметіне орналасады. Осы орайда АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болғанын айтуға тиіспіз. Әлем­дік қоғамдастыққа өз ықпалын тигі­зіп келе жатқан қуатты держава республи­камыздың сыртқы саясаты саласындағы басым бағыттарының бірі болып саналады. Мұндай мүмкіндігі мол мемлекетпен Қазақстан секілді егемендігінің таң­сәрі тұсында тұрған жас елдің тепе-тең стратегиялық әріптес ретінде қарым-қатынас орнатуы үшін көп күш-жігер жұмсалуы тиіс еді. Солай болды да.

Ашығын айтқанда, республиканың жоғары басшылығы тарапынан АҚШ әкімшілігінің ішкі және сыртқы сая­саттағы өзекті мәселелері жөніндегі айқын да сенімді ақпаратқа деген сұраныс пен талап өткір күйінде тұрды. Осыған орай, өте қысқа уақыттың ішінде АҚШ-тың саяси және іскерлік топтары бойынша қажетті арналар құрудың сәті түсті. 1993 жылдың басында жаңадан тағайындалған кеңесші Вашингтонға келген кезде мұндағы республика елші­лігінің жай-күйі жаңа ғана аяғын тәй-тәй басқан сәбиге ұқсайтын. Әйтсе де, бұл жағдай өз ісінің кәсіби шеберінің жіге­рін жасытып, тосылта алмады. Ол елші­лік қызметкерлерін дипломатиялық қызмет­тің қыр-сырына қанықтыруға бел шеше кірісіп кетті. Тәжірибелі маман бұл істі кәдім­гі қарапайым хаттаманы және хабар алмасуларды қалай жүргізе білу керек­тігінен бастады. Әрі Қазақстан – Амери­ка қарым-қатынастарында бірінші кезек­те ұлттық мүддеге басымдық бере білу жағы ұғындырылды.       

Арада бір жыл өткен соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа тұңғыш рет ресми сапармен келді. Оның барысында екі мемлекеттің жаңа сапалық деңгейде қарым-қатынас орнатуына негіз қалайтын мемлекетаралық қабырғалы құжаттарға қол қойылды. Әрі олардың беріктігі мен баяндылығына кепілдік берілді. Осы сапарда, шетелдік БАҚ өкілдерінің бағалауынша, Қазақстан әлемдік қоғамдастық мүшелері арасын­дағы өз орнын мызғымастай етіп белгілей білді. Елбасының АҚШ-қа жасаған алғашқы ресми сапарының сәтті де нәтижелі болуында сол елдегі Қазақ­станның елшілігінің кеңесшісі Карл Сәрсеновтің де лайықты үлесі мен айрықша қолтаңбасы бар екені анық.

– Америка бағыттары және АҚШ ел­шілігі шеңберінде егемен еліміздің Қай­рам Омаров, Ерлан Ыдырысов, Ержан Қазыханов және Алмас Хамзаев секілді қарым-қабілеті мен біліктілігі жоғары жас дипломаттары өсіп шықты. Ал Қа­зақстанның Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев сонау сексенінші жылдары Бейжіңде өзін қайталанбас дипломат ретінде көрсете білді. Олардың әрқайсысына әріптестік және ағалық тұрғыдан ризашылығым шексіз, – дейді дипломатиялық қызметтің майталманы.

1996 жылдың күзінде Карл Сәрсе­нов елордаға шақырылып, оған Үндіс­тандағы Қазақстан өкілдігінің қызметін ширату және белсенділігін көтеру міндеті жүктелді. Оған бұл жауапты ди­пломатиялық қызмет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға тұңғыш ресми сапары алдында тапсырылды. Карл Есімұлы бұл сенімнің де үдесінен шыға білгені – тағы бір мерей. Сондықтан да шығар, бүгінгі күні де Қазақстан-Үндіс­тан қарым-қатынастары барлық бағыттар бойынша байыпты түрде жүр­гізіліп келеді.

 Зайыбы Сания Исламқызымен бірге Лейлә және Индира есімді қызғалдақтай қос қызды тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыпты Сәрсеновтер – бүгінде бақытты ата мен әже. Олар қазір Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында тұрады. Дегенмен Карл аға телефон арқылы тілдесу кезінде тарихи Отанынан қай кезде де байланысын үзбегенін жеткізді. Қазақстандағы өрелі өзгерістер оның жан сарайын жы­лы нұрға бөлейтінін байқадық. Оны өз елі­­нің болашаққа айқын бағдар белгі­леп, өсіп-өркендеп келе жатқаны сүйсін­діреді.

Нарын құмында дүниеге келген нар ұл туып-өскен жері – Ордаға келіп қайтуды бұдан екі жыл бұрын ойлас­тырған екен. Әйтсе де, өткен жылы басталған әлемдік індеттің тыйылмай отырғаны бұл ойының іске асуына кедергі келтірген сыңайлы. «Тағдыр билеп әр тұста, Өтеді өмір тартыста»,  деп ақын жырлағандай, Карл Сәрсеновтың тағдыры мен өмір жолы да екінің біріне ұқсай бермейді. Осы бағытта қойған сауа­лымыздың түп-төркінін бірден аңғара қойған ақсақал бұған былайша жауап қайтарды. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи Отанымның бір қажетіне жарай алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Өз еліңе бір пайдалы іс қылғаныңды сезінудің өзі бақыт емес пе?! Тағдыр маған осындай мүмкіндік туғызды», деп ағынан жарылды жаны жайсаң жан.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

журналист