Осы уақытта ұлттық сыртқы саясаттың маңызды бағыттарының бірі – қазақ халқымен тарихи, мәдени, рухани сабақтастығы бар болған араб әлемі де назардан тыс қалмады.
1993 жылы Қазақстан араб елдерінің көшбастаушы мемлекеті Египеттің астанасы Каирде тұңғыш елшілігін ашты. Одан әрі көп ұзамай Сауд Арабиясы Корольдігінде, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қатарда, Иордания Корольдігінде, Кувейт мемлекеті және Оман Сұлтандығында елшіліктеріміз бой көтерді. Биыл Мароккода елшілігімізді аштық.
Ендігі сөз әрқайсысымен дипломатиялық қызметте бірге жұмыс істеудің сәті түскен араб елдеріндегі елшіліктерді басқарған, қазіргі кезде басқарып келе жатқан елшілеріміз туралы болмақ.
Осы орайда бірінші кезекте Болатхан Тайжан мен Асқар Мусинов туралы айтқан жөн. Сонау Кеңес Одағының дипломатиялық мектебінен өткен, осы саланың қыр-сырын білетін, араб әлемін тереңінен таныған мамандар болғандықтан, осы елшілердің кәсіби өмірлік тәжірибесі мен сияқты жас дипломаттарға таптырмас қазына еді.
Өмірден өтсе де Болатхан ағамыздың ақыл-кеңестері, ұстаздық өсиеттері, Отанға деген оның сүйіспеншілігі әрдайым жадымызда. Қазақ тілінің жанашыры бола отырып, дипломатиялық құжаттарды мемлекеттік тілге көшірудегі еңбегі шексіз. Келіссөздерді қазақ тілінде өткізіп, қазақ тілінің үнін шетелдік әріптестеріне естірткен.
Бірінші шетелдік іссапарға шығар кезімде Болатхан ағамыз мені шақырып алып, араб тілін қаншалықты меңгергенімді арабша газет беріп тексерген. Енді ғана шығыстану факультетінің араб бөлімін бітірген мен оның емтиханынан «үшке» өттім деп те айта алмаймын. «Иә, Бабыр, араб тілін жаман емес, бірақ әлі де болса машықтану қажет. Жалпы, ойлайтын адамға ұқсайсың, оқасы жоқ, кемшілік бәрімізде бар. Үйренуге икемің бар екен үйретем», деп әңгімесін тәмамдаған. Екі айдан кейін Қазақстан Республикасының Египеттегі елшілігінің атташесіне айналдым. Дипломатиялық жолым осылайша басталды.
Сауд Арабиясында сол кездегі елші Асқар Мусинов ағамыздың қол астында істеп, мол консулдық және протоколдық тәжірибе жинақтадым. Бұл кісінің дипломатиялық мектебінен өту тиянақтылық пен шыдамдылыққа, берілген тапсырмаларды егжей-тегжейлі орындауға, әр заттың түпнұсқасына үңілуге үйретті. Ливияда әскери аудармашыдан бастаған, көптеген үлкен мемлекеттік, дипломатиялық лауазымдарда болған Асқар ағамыз қазіргі таңда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметінде жемісті қызмет атқаруда.
Сауд Арабиясындағы Нәзір Төреқұловтан кейінгі алғашқы қазақ елшісі Бағдат Әміреевтің дипломатиялық жетістіктерінің ішінде Қазақстанға тартқан араб инвестициялары мен астананың көркеюіне қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Мықты арабтанушы, араб әлемін жақсы білетін шебер дипломат ретінде араб қаржысының Қазақстанға құйылуына тікелей қатысқан. Сонымен бірге, Бағдат ағамыздың сараптамалық құжаттарды шеберлікпен дайындау ерекшелігі ұмытылмайды. Сыртқы істер министрлігіне қазақ-араб қатынастарына жалпы саяси-экономикалық, әлеуметтік тақырыптағы түрлі мәселелерге байланысты күрделі құжаттарды жеке өзі жазатын. Араб елдерінен басқа мемлекеттерде де елші қызметін атқарған Б.Әміреев қазір Түркі кеңесінің Бас хатшысы ретінде түркі әлемімен байланыстарды ілгерілетуде қажырлылықпен еңбек етіп жүр.
2012 жылы Сыртқы істер министрлігінде Иордания Корольдігіндегі алғашқы елші Болат Сәрсенбаевпен таныстым. Ол кісі маған Сирияға консул болуға ұсыныс жасады. Сирияда ішкі саяси жағдай өршіп бара жатқандығына қарамастан, келісімімді бердім. Қауіпсіздік шараларын ескере отырып, Дамаскідегі қазақ консулдығы уақытша Иордания астанасы Амманда орналасты. Қызметтік мақсаттарда Дамаскіге іссапарға шығып тұратынбыз. Бір ерекшелігі, Болат ағамыз Сирияға сапар жасаған кезде елші дәрежесінде болғандықтан, Сирия жағы оған қарулы күзет беретін. Менің қауіпсіздігімді ойлай отырып, әрдайым Сирияға менімен бірге жол жүретін. Израильде кеңесші болған ол Таяу Шығыстағы, әсіресе, палестина-израиль шиеленісі проблемасын жетік білетін.
Болат ағамыз Палестина мен Сирияда жағдай ушыққан кездері қазақстандық азаматтардың елге қайтарылуына үлкен үлес қосқан. Дамаскідегі әл-Фараби атындағы мәдени орталықтың салынуына және сақталуына көмегі тиді.
Адами тұрғыдан алғанда да Б.Сәрсенбаевты елшіліктегі дипломаттар ерекше құрмет тұтатын. Тіпті қазірдің өзінде талай жылдар өтсе-дағы бұрынғы ұжым елшісімен байланысын үзбей келеді. Зейнет жасына келгенімен, мол дипломатиялық тәжірибесін еліміз үшін маңызды болып табылатын Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев атындағы КеАҚ басқармасы төрағалығында қолдану үстінде.
Араб әлемінің есігін ашқан біздің елдің елшілерінің жүгі ауыр болды. Жаңадан елшілік ашу ол кезде оңай шаруа болмады. Экономикалық қиындықтарды бастан кешіріп жатқан Қазақстанда жағдай мәз емес еді. Бұл елшіліктерге де әсерін тигізді. Жарты жылдап дипломаттар айлық алмаған кез болды. Дипломатиялық арнайы оқу орындарын бітірмеген мен сияқты жас дипломаттар бәрін іс жүзінде танып білдік, үйрендік. Бірақ белгілі шығыстанушылар, Ұлттық университеттің Шығыстану факультетінің түлектері – араб тілінің майталмандары, сондай-ақ Кеңес Одағы кезінде Иракта, Сирияда, Ливияда әскери аудармашы мектебінен өткен ағаларымыз дипломатияның қыр-сырын тез меңгерді. Осы орайда олардың аттарын атап өтпеске болмас. Бұл қатарда Шығыстану факультетінің негізін қалаған ғалым, дипломат Әбдісаттар Дербісәлі ағамыздың орны бөлек. Сондай-ақ Ержан Қалекенов – Ливанда, Бақыт Арыстанов – Сирияда, Талғат Шалданбай – Джиддада консул болып, нәтижелі қызмет атқарып жүр. Қайрат Сақи дипломатиялық жұмысын зейнетке шығуына байланысты аяқтап, шығармашылықпен айналысуда. Айта кетерлік жайт, бұл кісінің қаламынан мәмлүктер тақырыбында бірқатар туынды шыққан. Қай араб елінде болсын Қайрат ағамыз кітап дүкендерінен, букинистерден, жергілікті архивтерден мәмлүктерге қатысты тарихи деректерді жинауды әдетке айналдырған.
Арабтанушы дипломаттар арасында ұлт жанашыры, нағыз патриот, жазушы, ғалым Сайлау Батыршаұлының шоқтығы биік. Кеңес Одағы заманында араб мемлекеттерінде елшілікте істеп, кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық өкілдіктерінде біраз істеген. Мені мақала жазуға дағдыландырған, алғаш шыққан мақалаларыма қолдау білдіріп, жол сілтеген ағаларымыздың бірі.
Осы күндері Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшіміз, одан бұрын Египеттегі Қазақстанның елшісі болған Берік Арынмен 1995 жылы Сыртқы істер министрлігінің Таяу шығыс басқармасында танысқан едік. Атташеден елші дәрежесіне дейін көтерілген, араб елдерінде көптеген жылдар бойы қызмет істеген, кәсіпқой дипломаттардың бірі. Осы орайда белсенділігімен танымал елші Б.Арынның жүзеге асырған кейбір бастамаларына тоқтала кетейін.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту туралы қаулысын іске асыру аясында, Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі Король Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығымен бірлесіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен өткізген «Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық конференцияны атап айтуға болады.
Ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармаларын Сауд Арабиясында кеңінен насихаттау аясында Қазақстан елшілігі мен саудтық Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығы бірлесе отырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен симпозиум өткізді.
Египетте істеген кезінде Б.Арын Каир қаласында Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, сондай-ақ «Көшпенділер» кітабының араб тіліндегі аудармасының тұсаукесерін өткізді. Араб елдері басшылары ішінен бірінші рет Египет Президенті Абділ Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға сапарын ұйымдастырды.
Елші Мадияр Меңілбекті бірнеше мәрте теледидардан Президентке араб делегацияларымен кездесулерде аударма жасап жүргенінде көрдім. Кейін министрлік қабырғаларында танысып, жақсы жолдасқа айналдық. Ол да мен сияқты, Алматыдағы екінші мектеп-интернатты бітірген болып шықты. Араб тілін, әдебиетін, көп арабтанушылар тереңінен білмейтін діни аспектілерді араб сұхбаттастарымен солардың тілінде талқыға сала алатын кәсіби маман дипломат. Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көтеріп келе жатқан азамат. Жуырда Қазақстанда жалпы сомасы $2,2 млрдқа жуық инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар уағдаластықтар мен келісімдерге қол жеткізді. Олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тау-кен металлургия кешені, туризм, қаржы және энергетика саласындағы жобаларды іске асыруды көздейді. Пандемия кезінде Біріккен Әмірліктерден қомақты медициналық гуманитарлық көмек те тартылды.
Байқап қарасақ, егемендік алғаннан бері араб елдері бағытындағы дипломатия саласындағы мамандар біршама өсіп, сапа жағынан да жоғары дәрежеге ие болды. Бұрындары Таяу Шығыстағы саяси ахуалға, негізінен, Ресей дипломатиясының тұрғысынан қараған болсақ, енді отандық шығыстанушы дипломаттардың арқасында дербес сыртқы саяси көзқарас қалыптасты.
Қазақ дипломатиясы саласының араб бағытында қызмет атқарып келе жатқан, түрлі өмірлік себептермен басқа бағыттарда қызмет істеп жүрген кейбір азаматтардың есімдері кәсіби мейрам күні атап өтуге лайықты.
Кувейттегі елші Азамат Бердібай, Египеттегі елші Қайрат Лама Шариф, Қатардағы елші Арман Исағалиев, Сауд Арабиясындағы бұрынғы елші – Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы Қазақстанның өкілі Бақыт Батыршаев, қатардағы бұрынғы елші Асқар Шоқыбаев, Дубайдағы бас консул Рауан Жумабек, Сыртқы істер министрлігіндегі ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Омандағы бұрынғы елші Ержан Мұқаш, Омандағы қазіргі елші Наджмеддин Мухаммедәлі, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы. Араб-ислам әлеміндегі алғашқы әйел елші – Мароккодағы елші Сәулегүл Сайлауқызы.
Өмір заңымен біреулер атқа мініп жатса, біреулер түсіп жатады демекші, дүниеден өткен ағамыз Бақтияр Тасымов туралы бірер сөз айтқан жөн. Қазақ арабтануының кемеңгері, Қазақстанның Египет пен Сауд Арабиясындағы елшісі. Бар өмірін араб тілін дәріптеуге, араб әлемін танытуға жұмсаған. Сараптамалық құжаттарды жазу жағынан бұл ағамыздың теңдесі жоқ. Студенттік кезде ол кісінің лекцияларын ұйып тыңдаушы едік. Көптеген жылдар араб елдерінде аудармашы болып істегендіктен болу керек, оған қоса жалпы білімінің тереңдігінен шығар, араб елдері тарихынан оқыған лекцияларын ертегідей тыңдайтынбыз.
Есімдері аталған тұлғалардың әрқайсысын жеке білгендіктен, олардың мықты дипломаттар екендігін ерекше атап өтуге болады, тіпті әрқайсысы туралы бір-бір кітап жазуға лайықты тұлғалар. Қазақстан осындай білімді де білікті кадрлардың арқасында араб әлемінде жүзіп келе жатқан кемесінің қандай да болсын толқындардан қорықпауына болады.
Әрине, дипломатия туралы айтқан кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттың, дипломатиялық корпустың қалыптасуына қосқан елеулі еңбегін айтпасқа болмайды. Мемлекет басшысының саяси жетістіктері туралы қыруар мақала жазылған, ал мен болсам, оның күнделікті өмірде қандай екендігін өз басымнан өткен бір ғана оқиғаға сүйеніп баяндап берсем деймін.
1996 жылдың күзі, Алматы қаласы, сыртта жаңбыр, шамасы кешкі он бірлерден асқан уақыт болатын, қателеспесем. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кабинетіне кіреберіс бөлмеде тым-тырыс. Түнгі кезекшілікте бүгін менің отыратын кезегім. Мен – ол кезде Азия және Африка басқармасының референтімін. Министрлікте істегеніме бір жылдың көлемі, мұндай кезекшіліктерге үйренгенмін. Осы түнде, таңғы тоғызға дейін кезекші министрлікті сыртқы әлеммен байланыстыратын дәнекерге айналады. Шетелдерден түсіп жатқан шұғыл хабарламаларды тіркейді, керек жағдайда басшылыққа хабарлайды. Тиісті байланыстарды орнатады. Факстар жіберіп, Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктеріне басшылықтың тапсырмаларын шұғыл жеткізеді. Төтенше жағдайларда басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болып, жалпы үйлестіру жұмысына көмектеседі.
Егемендіктің алғашқы жылдарында Сыртқы істер министрлігінің негізі қаланып жатқан кезде мендей жастарға, кеше ғана Қазақ ұлтық университетінің Шығыстану факультетін бітірген түлек үшін мұнда жұмыс істеудің сәті түсуі ең жоғары бақыттай сезілетін.
Сол кездегі Сыртқы істер министрлігі туралы ерекше сезім жадымда сақалған. Кеңес Одағы сыртқы саяси ведомствосында істеген ағаларымыз біз үшін ғұламадай көрінетін. Нағыз дипломаттарды көру, олармен бірге жұмыс істеп, әріптес саналуымыз ерекше сезім тудыратын. Олар бізге басты ұстаздарымыз болды деуге болады. Өйткені біздің білгеніміз шамалы еді. Дипломатия деген біз үшін алыс белестей көрінетін.
Қызметкерлер мен министр бір кіреберістен кіріп, әрдайым оны көріп тұратынбыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз қызметкерлерін күнде көретін. Министрлікте қазіргідей арнайы бөлек есік жоқтың қасы еді.
Осы бір түні бутербродпен шайымды дайындап, шай қайнағанша алып келген кітабымды алып оқып отырғанмын. Кенеттен баспалдақпен бір адамның тез көтеріліп келе жатқандығын естідім. «Тарс» етіп есік ашыла қалды. Сол кездегі Сыртқы істер министріміз Қасым-Жомарт Тоқаев кіріп келді. Атып тұрып, «кезекші Дәуренбеков» деп өзімді таныстырдым. Қолын созып амандасты да, назарын оқып отырған кітабыма аударып: «Кітап оқып отырсың ба? Бұның дұрыс. Не оқып жатырсың?», деп мұқабасын аударып қарады. Оқып жатқаным – Идрис Шахаттың «Суфизм» кітабы еді. Министр: «Қолдаймын, жарайсың. Бірақ мұндай кітаптарды ақылмен терең ойланып оқу керек», деп кабинетіне кіріп кетті. Бір шұғыл жұмыс болып қалған-ау. Біраз отырып, шықты. Кетерінде «кезекшілігің жақсы болсын» деп қоштасып, қолымды алды. Бірінші рет жақыннан көрген кезім еді. «Қарапайым адам екен» дедім ішімнен.
Осы оқиғадан кейін министрмен бірнеше мәрте ғана кездесуге мүмкіндік туды. Олардың өзі қызмет бабында болған қысқа ғана кездесулер. Олар қысқа болғанымен, әрдайым жылы да мәнді болатын.
Иорданияға жұмыс сапарымен келген уақытта да тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, хал-жағдайымды, жұмыс барысын сұрап, жеке шақырып алып, «Беласу» кітабын қолтаңбасымен сыйлаған. «Дипломат – шығыстанушы Дәуренбек Бабыр Жақауұлына ізгі ниетпен!» деген қолтаңбасы – мен үшін үлкен мәртебе. Әлі күнге дейін балаларыма көрсетіп отырамын. Күнделікті үстелімде тұратын кітап.
Сенатта қызмет істеген кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының кездесулерін дайындап, сұхбат жазбаларында отырып, жақынырақ жүрген кезде оның тек дипломатияда ғана емес, жалпы ақыл-ой өрісінің кең де терең екендігін аңғардым. Қағазсыз сөйлеп, тоқетерін айтып, сұхбаттасының ойының алдында жүретіндігі – ерекше бір жайт. Ал ең бастысы – адами қасиеті. Сонау министр болған кезінде дипломаттардың қамқоршысы болатын, кез келген мәселеге зейін қойып барып шешім қабылдайтын. Тіпті таңғаларлық жайт: министрліктегі дипломаттардың төмен дәрежедегілерінің де есімдерін білетін. Қиын жағдайға түскен дипломаттарға қол ұшын аямайтын.
Жылдар өткен сайын қазақ дипломатиясы күшейе түсуде, есейе түсуде. Жаңа, білімді, арнайы оқу орындарын бітірген, кейбірі шетелдерде оқыған жас буын аяқ басуда. Мұның барлығы – қуанарлық жайт. Бүгінгі мерейлі күні барша дипломат қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілек білдіремін.
Бабыр Дәуренбек