Эпидемиялық бақылау матрицасына сәйкес облыс «жасыл аймақта» орналасқан. Десе де Балқаш, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қарасай, Қаратал, Сарқан, Көксу, Талғар аудандары мен Текелі қаласында аурудың өсу қарқыны жоғары болып тұр.
«Эпидемиологиялық тексеру барысында инфекцияның ықтимал орындары анықталды. Мәселен, бір отбасы мүшелері арасында жұқтыру көрсеткіші – 23,1%, базарларда – 11,5%, сауда нысандарында – 15,2%, қоғамдық көлікте – 11,5% және отбасылық іс-шараларда – 11,5%, сырттан келген жағдайлар тіркелмеген», дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.
Облыста Талғар және Қаратал аудандарында «Дельта» штамын жұқтырудың 2 жағдайы анықталған. Аты жаман індетке шалдығушылар – екпе алмаған тұрғындар екен.
Аймаққа жалпы саны 408 475 доза вакцина келіп түскен. Оның ішінде 39 500-ы – Hayat-Vax, 332 975-і – Спутник V, 8 мыңы – QazVac және 28 мыңы – CoronaVac. Екінші компонент бойынша 253 350 доза вакцина бар. Оның ішінде 39 500-і – Hayat-Vax, 177 850-і – Спутник V, 8 мыңы – QazVac және 28 мыңы – CoronaVac. Вакциналардың бірінші компонентін барлығы 346 922 адам, ал екіншісін 208 094 салдырды.
Спикер ДДҰ деректері бойынша Қазақстанда қолданылатын вакциналар коронавирус инфекциясының үнді, британдық, Оңтүстік Африка және бразилиялық штамдарына қатысты тиімді екенін атап өтті.
Аshyq жобасын енгізу басталғаннан бері мониторингтік топтармен бағдарламаны пайдалана отырып, қызметін жүзеге асыратын 589 объект қамтылды. QR-кодты сканерлеу кезінде облыс бойынша «қызыл» және «сары» статусы бар 110 келуші анықталды, оның ішінде «қызыл» статус 41 келушіде, «сары» статус 69 келушіде болған. Айта кетейік, үй карантинін бұзғаны үшін «қызыл» статусы бар тұлғалар ӘҚБтК-нің 802-бабы бойынша жауапқа тартылады.