Елорда • 05 Шілде, 2021

Көркі көз тартатын өңірлер тартуы

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде бірегей брендке айналған елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіз Қазақстанның беткеұстары, бедел-бедері. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр жеріміздің болмысын бойына сіңірген бас қалада барлық аймағымыздың белгісі байқалады. Расында, елорда – тұс-тұстан жиналған жақсы энергияның тоғысы. Бұл қаланың халқынан да, қалпынан да анық аңғарылады. Яғни астананың салт-санасын, сән-сәулетін қалыптастыруда барлық өңірдің үлесі бар. Біз осының сәулетіне қатыстысын сөз етпекпіз.

Көркі көз тартатын өңірлер тартуы

«Қазақ еліне мың алғыс!» ескерткіші

2018 жылдың 2 шілдесінде елордада екі бірдей нысанның тұсауы кесілді. Бұл – «Қазақ еліне мың алғыс!» ескерткіші мен «Ұлытау» аллеясы. Аталған нысандарды Қарағанды облысы тарту етті.

Аталған ескерткіш зобалаң жылдары түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейір-шарапатының символы іс­петтес. Онда репрессия кезінде босқын балаларды, яғни корей және кавказдық балаларды, сондай-ақ еуропалық қызды қамқорлығына алған қазақ әйелі бейнеленген. Бұл монумент төрт мүсіндік композициядан тұрады. Ескерткіштің жалпы биіктігі 13,35 метрді құрайды, оның ішінде ескерткіш – 7 м, пестанция – 6,35 м.

Ал «Ұлытау» аллеясының ұзындығы – 250 метр, ені – 55 метр. Бұл Түркістан көшесі мен Мәңгілік ел даңғылындағы «Триумфальдық арканың» бойында орналасқан.

 Бейбітшілік қабырғасы

Астананың мерейтойына тарту етілген тағы бір монумент «Бейбітшілік қабырғасы» деп аталады. Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұ­сынан, «Қазақ Елі» монументінің іргесінен бой көтерген нысанды Ақтөбе облысы салып бер­ген. Жаңа кешен 29 тамыз – Халықаралық ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ашылды. Өйт­кені осы жобаның негізіне Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» анти­ядролық манифесінің идеясы енгізілген.

Біртұтас болып біріктірілген қабырға қал­пындағы монумент жер бетіндегі халықтарды қорғап тұратын жапырақ тәрізді шатырды бейнелейді. Әрі дәстүрлі түркі құрылтайы­ның белгісімен ұлттарды ұйыстырып, бір ша­ңы­­рақтың астына жинайды. Металл мен та­биғи тастардан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, үшіншісі бейбітшілік пен этносаралық келісімді сақтауға апаратын жолды бейнелейді. Монументтің жалпы ұзындығы – 111 метр, ені – 18,4 метр, биіктігі – 17,5 метр.

 Достық үйі

Түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астын­да тату-тәтті күн кешіп отырғанының бір айғағы – астанада салынған Достық үйі. 20 жылдық мерейтой қарсаңында Маңғыстау облысы тарту еткен бұл нысан меймандос халқымыздың кеңпейіл көңілін көрсетеді.

Достық үйі бұған дейін еліміздің барлық өңірінде, облыс орталықтарында болса да, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында болмаған екен. Сондықтан маңғыстаулықтар Момышұлы даңғылындағы Үйлену сарайын қайта жөн­деу­ден өткізіп, оның базасында Достық үйін құ­руды ұсынды. Ғимараттың бірінші қабатында би залы, асхана, студия болса, екінші қабатта акт залы, кітапхана, киім залы, музей, кон­ференц-зал бар.

 «Атырау» көпірі

Бүгінде елордадағы ең танымал орынның бірі «Атырау» көпірі екеніне талас жоқ. Өйт­кені Есіл бойын жағалап серуендеген жұрттың бұл көпірге соқпай кетуі мүмкін емес. Шілде айында ашылған жаңа жаяу жүргіншілер көпірі маңы – бүгінде нөпір халық. Алып ақ балыққа ұқсайтын айрықша көпірді аты айтып тұрғандай, Атырау облысы сыйлады.

Үлкен металл күлтелер ерекше бір үйлесім­ділікпен орналастырылған. Күннің сәулесімен алуан түрлі кейіпке енеді. Құрылыстың тағы бір ерекшелігі – балықтың мүсіні. Бекіре – Атырау облысының символы. Көпірдің жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр.

 Ашық аспан астындағы

ғарыш музейі

Қызылорда облысы елордаға сыйлық ре­тін­де ашық аспан аясындағы ғарыш музейін – ракета-ғарыш техникасы экспозициясын тарту етті.

Жалпы аумағы 1,4 га жерді алып жатқан кешенге шынайы өлшемде жасалған «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран-тасығыштары орна­тылған. Сондай-ақ «Боран» орбитааралық кемесінің макеті қойылып, экопозиция ма­ңын­дағы аймақ абаттандырылған. Кешен аума­ғында зымырандардың техникалық сипат­тамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы барлық мәлімет көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер қойылған.

«Жетісу» саябағы

Бұрынғы Арай саябағы түгелдей басқа кейіпке еніп, атауы Jetisy болып өзгерді. Бұл саябақты қайтадан құрып, жаңаша жан бітірген Алматы облысы еді.

Саябақтың кіреберісінде Жетісудың жеті өзені мен таулары, оның дәл ортасында даңқты Хан-Тәңірі шыңы бейнеленген арка орналасқан.

Қайта жөндеуден өткен саябақта жаяу се­руендеуді ұнататындар үшін ландшафт-серуендеу орны және тыныш демалыс аймағы жасақталған. Оның кіреберісінде Жетісуды бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар бас­ты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілем­де­рінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орынжай­лары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы бала­ларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған ағашы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

 

Ең үлкен субұрқақ

Астанадағы ең үлкен субұрқақ Ботаникалық бақта орналасқан. Ал бұл – Шығыс Қазақстан облысының тартуы.

Жарықты-музыкалы субұрқақ заманауи технологиялар қолданыла отырып салынған. Формасы шеңбер тәрізді алып субұрқақтың сыртқы диаметрі – 73 метр. Кешеннің дәл ортасында биіктігі 6,5 метр болатын тайқазан орналасқан. Су осы қазанның ішінен қайнап шығып жатқандай көрініс береді. Субұрқақтың тағы бір ерекшелігі – аспанға шапшып жатқан судың қайдан шығып, қайда сіңіп жатқанын аңғару қиын. Бір қарағанда тайқазаннан атқы­лаған су жерге сіңіп жатқандай көрінеді. Бірақ ол алаңдағы сүзгіден өтіп, жасырын қоймаға жетеді.

 

«Ақжайық» саябағы

Жұрттың көбі елордадағы ең керемет ны­санның бәрі Есілдің сол жағалауында салынып жатыр деп ойлайтын шығар. Бірақ оң жағалаудың ажарын ашатындай оң өзгерістерде баршылық. Соның бірі – астананың мерейтойы қарсаңында Батыс Қазақстан облысы ашып берген «Ақжайық» саябағы.

Сарыарқа ауданында салтанат құрған жаңа саябақтың символы – қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ескерткіші. Орал жұртшылығы орнатқан бұл мүсіннің маңайында субұрқақ, 100 орындық амфи­театр, «Сиқырлы лабиринт» инсталляциясы тақырыптық алаңдар, сондай-ақ баскетбол ойнауға және жүгіруге арналған алаңдар бар. Саябақ 1,5 гектар жерді алып жатыр. Бұ­рын бұл жерде тұрған сұрықсыз ескі үйлер бұзылып, жаңа инфрақұрылым тартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.