Аймақтар • 11 Шілде, 2021

Маңғыстаудың мұңы

1453 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Маңғыстауда мәселе шаш-етектен. Жаз басталысымен су жетпей шелегін даңғырлата дағдарған тұрғындар мәселесіне іле мал шығыны қосылып, коронавирустың үдеуі де мазаны қашырып тұр. Маңғыстауда қазір «ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» дегендей қиын жағдай орнады.

Маңғыстаудың мұңы

Негізі қуаңшылық белгілері басталғанына бір-екі жыл болды, өткен жылы өңірде 200-ден астам жылқы өліп, елді әуреге салғаны есте. Биыл бұл зобалаң үдеп соқты – Маңғыстаудың ойы мен қырында мал, әсіресе жылқы малы алдымен болдырып, жерде жейтін дым болмаған соң амалсыз топырақ жеп арам өлуде. Арам өл­мегенде ше, суы аққан кө­терем мал­дың көкбақа еті кімге керек – сатқанда кім алады, сойса желі­нер ме?!

Жердің сыңайын аңғарған тұрғын­дардың биыл көктем туа дабыл қағуының кемі жоқ. Өкінішке қарай жергілікті әкімдік тарапынан да, республикалық деңгейде де қиын жағдайға орай тиімді және шұғыл шешім қабылдап, халықтың нәпақасы болған малды аман алып қалуға ойдағыдай шаралар жасақталған жоқ. Есесіне, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан «өңірде ахуал тұрақтанды, мал өлімі тоқтады, Маңғыстауға өзге өңірлерден жем-шөп толассыз тасымалданып, халыққа арзан бағамен таратылуда» деген жалған ақпараттар қарша борауда. Шіркін-ай дейсің, өз өтіріктеріне өздері малданып отыра бермей көктемнен бері маңызды қадам жасағанда бұған дейін шығын болған қаншама малды алып қалған болар еді деп ойлайсың...

 

 

Жағдайға орай орын алған өтірік ақпараттар өз кезегінде Маң­ғыстауда билік пен халық арасын алыстатып, сенімділікті жоғалтып, жаппай сынға, өкпе-ренішке ұласты. Оның үстіне «жекенің малы» деп жақауратып, әлдебір «заңдылық, тәртіп-ережелерді» алға тартып, іс басындағыларға ара түсуші үшінші тараптың іс-әрекеті ха­лықтың зығырданын қайнатып-ақ барады. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, халық өз хал-қадерінше қазір тырбанып-ақ жатыр, бірақ жем-шөп бағасының күннен-күнге еселеп қымбаттауы онсыз да жұқа қалтаны қағып болды.

Жергілікті ауыл шаруашылығы бас­қар­масының ақпаратына құлақ түрсең, «алаңдауға негіз жоқ – өңірдің өзінен бірнеше шөп бригадасы құрылып, халыққа қолжетімді бағада, яғни бір түк шөпті 700-900 теңгеден сатуда. Сондай-ақ арпаның килограмы 110-115 теңгеден, кебек жемнің 1 килосының бағасы 85 теңгеден, бір түк шөптің бағасы 1100 теңгеден аспауы керек» дегенді айтады. Бұл жауап желіде тұрғындардың ашуына тиіп, біраз сынға ілікті. Оның да жөні бар, өйткені шындығында баға мүлдем басқа – аталған басқарма шөп бағасының бір түгі 1000 теңгеден арзан деген Бейнеу ауданында аталған көлемдегі шөп бағасы 1200-1700 теңгеден асып кеткен. Өзі жеткілікті, бағасы қолжетімді деген кебек жемді бұдан 3-4 күн бұрын Бейнеуде бір ғана жерде 17-18 килолық қаптағысы 2 мың теңгеден жоғары бағада сатылған. Неге әкімдіктің есебі мен нақты жағдай екі түрлі? Себебі – «кісідегінің кілті аспанда» дегендей, жем-шөпті сатушылар – жеке кәсіпкерлер, олардың саудасына әкімдіктің ешқандай ортақтығы жоқ, «қайдан құлақ шығарса да еркі». Ал сылбыр қимылдап, шаруаны дер кезінде шиырып кете алмаған, әлі де тиянақты ұйымдастыра алмай отырған жергілікті биліктің жеке кәсіпкер әкелген малдың азық-түлігін қалқалап, «жұмыс жүргізілуде» деуден басқа шарасы қалмаған еді... Қолында күші бар, құрығы ұзын мал иелері жылқыларын жүк көліктеріне тиеп, алыс өңірлерге қоныс аударды, жапа шегуші – бала-шағасының күнелтісі болған қорадағы жандығының жағдайын жанынан бетер тілеген қарапайым тұрғындар. Сондай-ақ «Қостанай облысы әкімдігінен жауапхаттар жолданып, облысымызға 3 600 тонна шөп келетін болды. Шамамен рулоны 250-350 кг, бағасы 3500-6000 теңге аралығында болады. Ақтөбе облысынан келетін шөп рулоны – 16 мың теңге, түк 1066 теңге болады», деген басқарманың болжам-бағасы көзден бұлбұл ұшып барады – баға да, сөз де өздерін ұстап тұра алмады.

Күніне бірнеше жылқысы өліп, жан­ұшырған халық Үкіметтен Маң­ғыс­тауда төтенше жағдай жариялауды сұ­рады. Мәселеге орай Ауыл шаруа­шылығы және Экология, геология және табиғи ресурстар министр­ліктерінен арнайы комиссия да келді. Бірақ өңірдегі ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына малданды ма, еш нәтиже болған жоқ. Аталған басқарманың мәлімдеуінше, жергілікті әкімдіктің «Каспий» ӘКК арқылы бөлеміз деген 190 млн теңгесі жергілікті кәсіпкерлерге халыққа арзан шөп шабуға беру үшін белгіленген, бірақ әлі бөлінбеген.

«Қазіргі таңда қаражат «Каспий» ӘКК-де тұр», дейді облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл.

«Бөлінеді» деген ақша неге дер кезінде бөлініп, мақсатты іске жұмсал­майды? Немесе басқарма жауабында «жобамен аудан әкімдіктерінің сұра­нысына сәйкес 2200 тонна шөпті әкелуге 117,12 млн теңге қаражат көзі­не қажеттілік туындайды» делінген, осы 190 млн теңгені әлі шабылмаған шөпке «түйіп» қоймай, өзге өңірлерден келіп жатқан шөпті қолжетімді бағада тасымалдауға жұмсаса қалай болар еді? Кетеуі кеткен малды құтқарып қалу үшін жайбарақаттық емес, шұғыл шара, нақты іс-әрекет керек! Ал жеке кәсіпкерлер өзге өңірлерден әкелген жем-шөпті кім сатып алуда – халықтың көпшілігі қорада жем-шөбінің орнын тырнап, үйде ақшасының орнын сипап қалды, демек ақшасы көп алыпсатарлар екі ортада қалтасын қампайтудың қамында қапылып жүрген жоқ па, оны қадағалап жатқан ешкім жоқ.

– Көктем шыға аз-мұз бас көтерген өскіндер таусылды. Мал күйсіреп барады. Жем-шөп бағасы у жалап тұр. Өзге өңірлерге кететін күш жоқ, қысқа дейін-ақ малдан жаппай қол көтеріп қаламыз ба деп қорқамыз. Әкімдіктен үміт үзілді, енді тек өтірік айтып, жалған есеп беріп келемеждемесе екен, – дейді ауыл тұрғындары.

Құзырлы орындар малға көмек беріп, өлген малдың есебін жүргізу үшін оның нақты санын білуі қажет екен. Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл шаруаға енді кіріспек. Ал халық сұраған төтенше жағдай жариялаудан бас тартылған.

«Ауыл шаруашылығы министр­лігінің бірдейлендіру базасында тір­келген аналық мал басының ішінара шығындарын өтеу үшін жеке шаруа қожалықтарының және жеке азамат­тардың төрт түлік малына, Үкімет резервінен 1 млрд 913 млн теңге қаржы жақын уақытта бөлінеді. Соған байланысты аудандық, қалалық, ауылдық комиссиялар құрылып, мал басын түгендеу, нақтылау жұмыстары бас­талуда. Өңірдегі қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауға қатысты Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жауапхатына сәйкес (29.06.2021 ж., №21-06/04/2534) бас тартылған» деп хабарлады басқарма. Бас тарту себебі белгісіз. Ал халық айтса: «жаңбыр жаумаса, төтенше жағдай жариялап, малды республикалық деңгейде бас­ты назарда ұстап, халықтық көмек ұйымдастырмаса болмайды».

Статистикалық есеп бойынша Маң­ғыс­­тау облысында 29 585 бас мүйізді ірі қара, 613 522 ұсақ мал, 123 671 бас жылқы, 85 713 бас түйе бар. Басқарманың есебінше, мал басының өсуіне орай климаттық құрғақшылыққа байланысты, облыс бойынша төрт түлік малды қыста азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін (негізі зоотехникалық норма бойынша 100 күндік қор жасақталу керек, біздің облыста жыл бойы жайылымда болуы себепті 1 айға есептелуде) – 76 500 тонна шөп және 37 500 тонна жем қажет» екен. Ал зоотехникалық норма жайына қалып, қыстағы бір ай емес, жыл он екі ай қолға қарау қаупі төніп тұрған Маңғыстауда жем-шөппен жеткілікті қамту, қор жасақтау жұмыстары қалай шешілмек? Жоғарыдағы зоотехникалық нормаға сай есептеу негізінде қажет болған шөп көлемін Қарақия ауданы 5 мың тонна шөпті «Кендірлі-Каясан» қорығының 3 дәрежелі шаруа­шылық жүргізу аймағынан келісім алу арқылы шөп шауып, ал Маңғыстау ауданы үшін 10 мың тонна шөпті «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» «Тасорпа» мемлекеттік таби­ғи зооло­гиялық қаумалынан және оңтүстік қырдан шабындыққа жер телімін алу және өзге облыстардан кем дегенде 30 мың тонна шөпті тасымалдау арқылы шешу көзделген. Ал қыс түгілі жаздың өзінде мал баудай түскен қазіргі жағдайда шабылатын да, тасымалданатын да шөп көлемін ұлғайтудан басқа амал жоқ, тек өлген мал есебінен аз қордың өзі тірі малды қамти алатын болып «реті» келіп қалмаса...

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар жағдайына арнайы тоқталып, оларға көмек беру үшін тиісті орындарға жем-шөпті сыртқа сатуға уақытша тыйым салып, несиелерді қайта құрылымдау және жем-шөпке қосымша субсидиялар бөлуді, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді игеруді тапсырды. Күрделі кезеңде шұғыл және батыл шешім қабылдай алмаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отс­тавкаға жіберді. Президенттің бұл тапсырмасы бұған дейінгі «мемлекеттің жекенің малында шаруасы жоқ, өз күндерін өздері көрсін» дегендердің қасаң пікіріне берілген жауап болды, ел жаңалықтан үмітті. Енді министрлік пен әкімнің «шайнап бергенді» қалай жұтатыны белгісіз.

Маңғыстауда дер кезінде ұйымдас­тырылмаған шұғыл шаралар мен әлі де жалғасып келе жатқан бытыраңқылық салдарынан мал тағдыры таразыда тұр. Құзырлы орындар шұғыл әрі тиімді шараларымен көмек қолын қашан созады?!

 

Маңғыстау облысы