Қоғам • 16 Шілде, 2021

Құрбан айт биыл қалай өтеді?

513 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл еліміз барша мұсылман жұрты үшін аса маңызды мейрамдардың бірі – Құрбан айтты екінші рет карантин жағдайында атап өткелі отыр. Бұл жағдайда ескеруге тиіс басты талаптар мен ережелерді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар баяндап берді.

Құрбан айт биыл қалай өтеді?

 Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен брифингте сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлы Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасын 10 жылдан астам уақыт бас­қарған, дін қайраткері, академик, көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасысына, туған-туыстарына, барша мұсылман қауымына көңіл айтудан бастады.

Белгілі болғандай, 20 шілде күні рес­публика бойынша таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады. Ал «қызыл аймақта» Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылмақ. Бас мүфти жамағаттан қауіпсіздікті сақтау мақсатында айт намазынан кейін мешіт ауласында ұзақ болмауды сұрады.

Сондай-ақ биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылатыны белгілі болды. «Бірінші жолы – мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екінші жолы – еліміздің «қызыл аймақтарында» бүгінгі пан­демия жағдайында құрбан шалушыға қолай­лы жағдай жасау және көмекке мұқ­таж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағи­дасына сәйкес qurban2021.kz сайты ар­қылы тек онлайн режімде жүзеге асыру», деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, qurban2021.kz сайты 15 шілде сағат 15.00-де іске қосылып, Құрбан айттың үшінші күні яғни 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады. qurban2021.kz сайты арқылы рес­публика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жет­кізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жер­гілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады. «Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Құрбандық шалудың кімдерге мін­дет­телгеніне келер болсақ, Бас мүфти Ханафи мазһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп, яғни міндет екенін түсіндірді. «Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой немесе 40 ешкі, яки 30 ірі қара немесе 5 түйе. Сондай-ақ қажеттілігінен артық 85 гр алтын, яғни 1 230 000 теңге қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес», деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Сондай-ақ биыл құрбандық шалатын арнайы орындарда Аshyq мобильді қосымшасы іске қосылатыны айтылды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар баяндады. «Сары» және «жасыл» аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Аshyq мобильді қосымшасы іске қосылады. Атап айтқанда, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтарға ғана кіруге рұқсат беріледі», деді Е. Оңғар.

Құрбандық шалатын орындарға бару үшін алдын ала жазылу қажет болады.

Тұрғындар өз өңірінде ҚМДБ жұмыс тобының call-орталығына қоңырау шалып, алдын ала жазылады. Арнайы тізім жасалып, құрбан шалуға ниетті тұлғаға кезек саны мен баратын нақты уақыты айтылады. Бәрі бір уақытта бармауы үшін, әркім өз кезегімен барып құрбандық шалады. Наиб мүфти Ершат Оңғардың айтуынша, 20 шілде күні сағат 7.20-дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта арнайы қасапханада құрбан шалады, әрбір адамға 1 сағат уақыт беріледі.

Ал құрбандық етін ет сақтайтын орын­дарға жөнелту мен жеткізумен еріктілер, имамдар айналысады. Бұл тегін болады. Ет жағдайы төмен отбасылар, жетімдер мен қарттар үйлеріне және әлеуметтік жағдайы осал топтарға таратылады.