Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Тамыр жайған жеріне тәнті

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тоқсанға аяқ басқан еңбек ардагері Елена Смағұлованың қилы тағдыры – тыңдаған жанға бір жыр. Әдемі әдіппен көмкерілген жан толқынысынан өзі өскен өңірге деген сүйіспеншілік аңғарылып тұрады.

Тамыр жайған жеріне тәнті

Әжімді саусағымен әдемі, шетіне қошқармүйіз ою салынған құрақ көрпені сипап қояды. Аяқтап келе жатыр екен. Көзіме оттай басылғаны. Өз әжемнің көзі тірісінде осындай жып-жылы, жұмсақ құрақ көрпелердің бірнешеуі біздің үйде де болатын. Ісіне мұқият әжем қаттап жинап қоюшы еді. Жамбасқа жұмсақ көрпенің үстінде жата қалғымыз келетін. Ал әжем болса, үйге қонақ келгенде ғана төсейтін. Елена Ивановна да құтты менің әжем тәрізді қолөнердің хас шебері екен. Нешетүрлі матаның қиындысынан көз жауын аларлық етіп жасап жатыр. Әлден соң әңгімеге кірістік. Жай әңгіме емес, көңілдің терең бір түкпірінде жатқан шерді қозғайтын шерменде сөз.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда небәрі алты жасар бала екен. Бірақ сұрапыл жылдардың сұмдық суреті жадында жатталып қалыпты. Донбасс қаласында тұрған. Ел шетіне жау тиіп, дүрмек басталған кезде анасына қоса, бауырлары да жүк вагонына тиеліп, көз көріп, құлақ естімеген қиянға жер аударылған.

–Қақаған қыстың іші еді, – дейді Елена Ивановна. – Жалаң аяқ, жалаң баспыз. Тіске басар азық та жоқ. Қалай тірі қалғанымызға таңым бар. Тағдыр­дың тәлкегіне ұшыраған жалғыз біздің отбасы ғана емес, дүйім жұрт. Есіме оралған сайын иманым қасым болады. Тіпті есіме алғым келмейді. Онда адам қызығатын не бар? Бақытсыз бала­лық. Әйтеуір, қазақ халқының дар­қандығы­ның арқасында аман қалдық қой, тәубе.

Апта жүрді ме, ай жүрді ме, есін­де жоқ. Ақ көрпеге оранған шеті-шегі жоқ сайын дала, қай жер екенін де білмейді. Ауыр жолдың азабынан ата-анасы науқасқа ұшыраған. Көп ұзамай қайтпас сапарға аттанды. Шиеттей балалар жетім қалды. Әйтеуір, далаға келгенімен, далада қалмады. Қима қаласында тұратын Майқұтовтар отбасы бауырына бас­ты. Тіпті осы күні оңашада есіне алса, таң-тамаша қалатыны бар. Өмірі көріп-білмеген, жергілікті халықтың  тілімен айтқанда, «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» адамдар. Бірақ жатырқамаған, жатсынбаған. Тұлымын желбіретіп, еркелетіп өз қызындай бақты. Ана құшағын аңсаған, әкенің мейірін сағынған Елена Ивановна қайғының қара бұлты серпіліп, артынан жарқырай мейір сәулесін төгіп күн шығатынына сене қойған жоқ еді. Жетімдіктің зарын, ащы дәмін енді ғана татқан жас қыздың алдынан періштесі жолыққандай. Шынымен періште пейіл еді.

Қазақ тілінде тіл сындырған. Тіпті орыс тілін ұмытып та қалды. Жергілікті ұлттың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ғажайып салт-дәстүрін үйренді. Түсінбегені болса, ежіктей сұрап отырудан жаңылған жоқ. Бой жетіп, тұрмыс құрған соң мұсылман дінін қабылдады. Өз еркімен. Көңілінің қалауы солай. Өзінің айтуына қарағанда, жалаң аяқ жар басып жүргенде жанын елжіреткен, қам көңілін жұбатқан осы асыл діннен нәр алған адамдар емес пе?!

–Дәстүр бойынша маған Сәлия деген есім берілді. Адамгершілікке негізделген дін талаптарын үйрендім. Әрине, барлығын қазақ тілінде, – дейді Елена Ивановна. – Мен орыс тілін білмейтін едім ғой. Жаным да, жүрегім де қазақ болып қалыптасқан.

Алты жасынан қазақы шаңырақта  қырдың қызыл гүліндей құлпырып өскен зейінді қыз еңбекке ерте араласыпты. Үлгі тұтар ұстаздары – ауылдың қазына қариялары. Сиыр сауып, құрт-ірімшік дайындаған. Мамырдың сары майын қарынға салған. Қайыңның түтінімен ет сүрлеген. Ал құлпыртып құрақ көрпе тігу, тұрмысқа қажетті әртүрлі затты дайындау қанда бар қасиет болса керек. Бұл тарапта қамшы сал­дыр­мапты. Қазақы ортаға осы қасиетімен сүйкімді, жұғымды болғаны да шын.

Тағдырдың жолы бұралаң.  Қандай қиындық кездессе де моюды білмеген. Қылтиып қыз болып өсе келе болашақ жары Ақмашпен танысса керек. Ал­ғашқы жылдары Атбасар қаласында тұрыпты. Арада біраз уақыт өткен соң Жақсыдан пәтер сатып алған. Сол құтты шаңырақта ай десе аузы, күн десе көзі бар алты перзентін дүниеге әкелген. 46 жылдық ғұмыр тату-тәтті өткен. Бүгінде 15 немере, 20 шөбере – әже қана­тының астында. Шынтуайтында, дәмнің жазуымен көпұлтты отбасының санатына енеді. Бір ғажабы – барлығы өздерін қазақ санайды. 

–Анамыз бізге көп нәрсе үйретті. Әсіресе, пейілі кең, ниеті жақсы қазақ халқының тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрпын, – дейді қызы Роза Ақмашқызы. – Біз енді бауыр етіміз балаларымызға үйретіп жатырмыз. Жыл сайын Наурыз мерекесінде қарашаңыраққа жиналу кәдімгідей қағидаға айналған. Соңғы кезде анамыздың денсаулығы сыр беріп жүр. Германияда тұратын бауырымыз сол жаққа алып кетіп емдетейін десе, барғысы келмейді. Анам туған жердің топырағы ыстық, адамдарының ақ пейілі емдеп жазады деп жүр.

Қазақтан көрген жақсылығын айтып, тауыса алмай отырған әжеймен бірсыпыра сұхбаттастық. Айтқан сөзі, ақтарған сыры көңілі даладай кең жақсылардың жақсы­лығы жайлы. Жа­рат­қанның мейірі де, адам­дардың пейілі де дәл осы жерде оңғары­лып тұрған сияқ­ты.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы