Ал жалпы, мектепте 125 бала білім алады. Қазіргі кезде жазғы лагерьде екі маусымда 1-7-сынып аралығындағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан 30 бала демалуда. Балалармен психолог, кітапханашы, медбикелер жұмыс істейді. Спорттық шаралар мен түрлі сауықтыру жаттығулары, күн терапиясы, құм терапиясы өткізіледі.
Анар Жетібаеваның айтуынша, балаларға дұрыс тамақтанып, денсаулығына шипа болатын қымыз бен дәрумендер ішу қажет екені белгілі. Мектепте ашылған «Жауқазын» деп аталатын балалардың жазғы сауықтыру лагеріне Әндір Мади басқаратын «Мади» және Қайыржан Жарылғазиннің «Жарылғазин» шаруа қожалықтары демеушілік жасауда. Қос шаруашылықтың өнім өндіру бойынша арнайы сертификаттары бар. Әрқайсысы 5 литрден күніне 10 литр қымыз жеткізеді. Балалар күнделікті төрт уақыт тамақтан кейін жатар алдында, кейде таңертең қымыз ішеді.
– Иә, біз ертеңгілік дене жаттығуларын жасаймыз. Медбике апай денсаулығымызды, дене тазалығын тексереді. Дәмді қымыз ішеміз. Түрлі тақырыпта психологиялық тренингтер де өткізілді. Түстен кейін би билеп, ән айтып, түрлі қойылымдарға қатысамыз. Жаз мезгіліндегі табиғатты, жазғы демалыс туралы әсерлеріміз жайлы суреттер саламыз. Лагерьде өте көңілді. Спорттық ойындар ойнап, ауыл маңына экскурсияға барамыз, – дейді демалушы балалар.
Ыдыста ырыс бар. Балаларға қымыз ұлттық ыдыстар, тостағандармен беріледі. Бұл да – жақсы тәрбие. Жас мұғалімдер ата-баба мұрасын сақтау тақырыбында ағаштан жасалған шара аяқ, шара, зере, саптыаяқ, тостаған, тегене, табақ, астау, керсен, шөміш, ожау, қасық, ағаш шелек, күбі, шелек сияқты ыдыс-аяқтың түрлерімен де таныстырады.
Лагерьдің жетекшілері жас мамандар, мұғалімдер Айдана Аманжолова, Асима Иманбаева, Лаура Урюмова, Камила Солтанова балалардың бос уақыттарын қызықты өткізуде ізденіспен қызмет етуде. Демалыс уақытын тиімді ұйымдастыруда салауатты өмір салты, өлкетану және туризм, патриоттық тәрбие, экологиялық тәрбие, ата-бабалар мұрасын сақтау сияқты бағыттарда жоба-жоспарын құрып, жұмыс жасауда.
Павлодар облысы,
Май ауданы,
Малайсары батыр ауылы