Осыдан бір апта бұрын Польша мемлекетінің басшысы қызметін атқарушы, Польша сеймінің төрағасы Бронислав Коморовский кезектен тыс президент сайлауы 20 маусымда өтетінін, екінші тур қажеттігі туса, 4 шілдеде өтетінін жариялады.
Поляктар жаңа президентін таңдайды
Бүкіл әлем жұртшылығы кеңінен хабардар болған Польша президенті Лех Качиньскийдің авиаапаттан қаза табуынан кейін бұл елде кезектен тыс президент сайлауы өтетін болып отыр. Жалпы, кезекті президент сайлауы да биылғы күзде өтуге тиіс еді. Оған да дайындық науқаны кеңінен басталып кетіп, күреске түсетіндер тізімі белгіленіп қалғандай-тын. Бірақ Качиньскийдің қазасынан кейін жағдай біршама өзгергені бар. Әңгіме марқұмның өзі сол сайлау науқанына қатыспақ болғандығы емес, жаңа үміткерлер пайда болып, бұрынғылардың кейбіреулері екінші кезекке ысырылғандай.
Өткен жылдың аяғында-ақ бұл елдегі белгілі қайраткерлердің қайсысының мүмкіндігі қандай екені жөнінде сауалдамалар жүргізілгені бар. Алғашында премьер-министр Дональд Туск сайлауға түсер болса, бәйгені шаппай алады деген тұжырымдар жасалған. Көп қайраткерлер онымен тайталасқа түсуге тайсақтағандай болып, өз ниеттерін білдіре қоймап еді. Кенеттен Туск сайлауға түспейтінін мәлімдеп, содан кейін үміткерлер саны күрт көбейген.
Әрине, жеке қайраткерлердің беделдері де айрықша рөл атқарады. Сөйтсе де сайлауда партиялардың ықпалы күшті. Жұрт өз партияларының өкіліне дауыс береді. Қазіргі үміткерлер арасында сол биліктегі “Азаматтық платформа” партиясының өкілі, сейм спикері, сондай-ақ ел басшысы қызметін атқарушы Бронислав Коморовскийдің рейтингі жоғары болып тұр. Сауалдамаларға қарағанда, ол марқұм Качиньскийдің “Құқық және әділеттілік” партиясының өкілінен екі жарым есе дауысты көп жинайтын көрінеді.
Әңгіме сол партияларда. Белгілі дәрежеде “Азаматтық платформамен” белдесуге сол “Құқық және әділеттілік” партиясы ғана қауқарлы. Бірақ бұл партия да бәйгеге кімді қосарын толық айқындай алмай отыр. Қисынға қарағанда, марқұм Лех Качиньскийдің сыңары, бұрынғы премьер-министр Ярослав Качиньский лайық сияқты. Бірақ оның рейтингі қазір айтарлықтай жоғары емес көрінеді. Оған да өзі кінәлі екен. Ол өзінің сыңары – Лех Качиньскийді Краковтағы корольдер мен ұлылар қорымына жерлеуді талап етіп қасарысып отырып алса керек. Ал халықтың көп бөлігі қатардағы қайраткер Качиньскийді Адам Мицкевич, Юзеф Пилсудский, Тадеуш Костюшкомен қатар қойғанды қаламай, енді соны талап еткен Ярославтан да көңілі қалғандай. Сондықтан оның сайлауға түсуі екіталай.
Сөйтіп, біраз жұрттың пікірінше, алдағы сайлауда жеңіске жетеді деген Бронислав Коморовскиймен кім тайталасады дегенде, жеке-дара бір тұлға аңғарыла қоймай тұр. Бірақ партиялар, жеке қайраткерлер сайлаудан сырт қалмайды. Басқасын былай қойғанда, спорттық тілмен айтқанда, жүлделі орындар да жаман емес. Содан да партиялар өз адамдарын бәйгеге қоспай тұра алмайды.
Көп партиялардың сайлауға қатысатындығынан да алғашқы тур Польша президентін анықтай қоймас, Б.Коморовскийдің бірден 50 пайыздық межеге жетуі қиындау болар. Ал жеке бір адаммен түссе, оның жөні бөлек. “Құқық және әділеттік” партиясының өкілінен басқа, консерваторлардан Януш Корвин-Микке, центристерден Томаш Наленч, шаруалар партиясынан Вальдемар Павляк жүлделі орын үшін күреске қосылатын көрінеді. Атақты “Солидарностьтың” көсемі Лех Валенса да тағы бір тәуекелге бармақ ойда деген сөз бар.
Олардың бәрінің де соңынан еретін жұрт бар. Сондықтан да поляктар жаңа президентін 20 маусымда емес, 4 шілдеде айқындайтын болар.
Аятолла Хаменеи: ядролық қаруды иемдену – харам
Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік саммитіне балама ретінде Теһранда өткен “Атом қуаты – жұрттың бәріне, ядролық қару – ешкімге” деген конференцияда Иран Ислам Республикасының рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи осылай деді.
Жөн айтылған сөз, ядролық қаруға берілген жақсы сипаттама. Осынау сипаттаманы Иранның өзі, оның басшылығы ұстанар болса, әлемдегі ядролық ахуал айтарлықтай сауығар еді. Сөз жүзінде олардың сол атом қуатын бейбіт мақсатта пайдаланамыз дегенмен, іс жүзінде оған кереғар әрекеттерге барып отырғаны жұрттың бәріне белгілі. Жеке мемлекеттер емес, бұл елдің Халықаралық атом қуатын пайдалану жөніндегі агенттікпен (МАГАТЭ) де тіл табыса алмай жүргені мәлім. Ядролық қару жөніндегі ең үлкен даудың Иранға қатысты туындағанына да біраз уақыт болды. Әлемнің жетекші елдері оны келіссөзге, мәмілеге шақырады. Бірақ Иранмен келісу қиын. Бұл жайында талай айтылған, талай жазылған.
Енді мынау Теһранда өткен жиынға келсек, оның да парасатты қадамнан гөрі бүйректен сирақ шығару, ортақ іске қалай да қырсық тигізу әрекеті екені даусыз. Ақ ниетті адам, сара саясатты көздеген ел осыдан шамалы ғана бұрын өткен ядролық державалар басшылығы бас қосқан жиынға – ядролық қаруды таратпауды мақсат еткен үлкен жиынға қатыспас па еді, тіпті басқаларға айтар сөзі болса, сонда айтпас па еді дейсің. Жоқ, бұлар өйтпейді, әлем жұртшылығы қолдаған игі іске топырақ шашқанды, аяқтан шалғанды қалайды.
Бұл жерде Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте қандай сөз болғаны, оны әлем жұртшылығы қалай қабылдағаны жөнінде жан-жақты айтып жатудың өзі артықтау көрінеді. Ол жайында көп айтылды, оның үлкен кезеңдік оқиға болғанын жұрт мойындады. Бұл ядролық қауіптің алдын алғандай шараға айналды. Оған 47 елдің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысқандығынан да оның шешімінің бағдарламалық мәні жоғары.
Теһрандағы басқосуға 60 елді шақырған екен, оның 56-сынан делегация келіпті. Мемлекет, не үкімет басшысынан ешкім келмеген, 14 ел сыртқы істер министрлерін жіберсе, енді бір 10 ел министрдің орынбасарларын жіберіпті. Еуропаның елдері бұл жиынға қатысуды жөн көрмеген. Осыған қарап-ақ конференцияның беделі мен деңгейін аңғаруға болғандай.
Әрине, Вашингтондағы саммит пен Теһрандағы жиынды салыстыруға келмейтінін әркім-ақ аңғарар. Бірақ Теһрандағы айқай сөздің бәсең болмайтыны бұл жиынның мақсатынан-ақ айқын еді. Иран президенті Махмуд Ахмадинежад ядролық қаруға қарсы күрестің жаршылары өздері екенін, барлық пәле сондай қарулары барларда екенін, қауіп солардан туындайтынын дәлелдеп бақты. Әсіресе, АҚШ-қа қатты шүйлікті. Атом бомбасын бірінші қолданған солар деп, оларды Халықаралық атом қуаты жөніндегі агенттіктен де шығарып тастауды талап етті.
Мақсат солай болған соң, жиынға қатысқандардың біразы Иранды қолдап, қолпаштап сөйледі. Сирия мен Ирак делегациясы Израильді сынап, ядролық бағдарламасы үшін Иранға қысым жасауды айыптады. Иранның күткені Ресей мен Қытайдың қолдауы еді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябов ирандықтарды өз ядролық бағдарламасына халықаралық қоғамдастықтың сенімін қалыптастыруға шақырды. Тек Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопиннің: “Ядролық бағдарламасы үшін Иранға қосымша санкция белгілеуге Пекин қарсылық білдіреді”, деген сөзі оларға ұнағаны даусыз.
Теһрандағы ядролық конференция Иранның халықаралық оқшау қалуға қарсы әрекеті екені белгілі. Соған жете алды ма дегенде, олардың өздері шімірікпей үлкен табысқа жеттік дейді. Тіпті басқадай жиын өткізудің жөні жоқ, әрқашан Теһранға жиналу керек дегенді де айтып жіберді. Ал ядролық қауіпсіздік мәселесін шешу үшін үлкен басқосу, жетекші елдер басшылары қатысатын беделді жиын керек екенін дәлелдеп жату артық.