Өнер • 26 Шілде, 2021

«Пері қатын»: пайда ойлама, ар ойла

1887 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әр жаңа премьераны асыға күтіп, сүйіп көретін театр табынушысы түгіл, спектакльді азды-көпті түсінігімен-ақ тарқатып, сахна өнеріне аса қызыға қоймайтын қарапайым көрерменнің өзіне Бертольд Брехтің есімі жақсы таныс. Ақын, жазушы, драматург Б.Брехт Станиславский, Немирович-Данченко жүйелеріне мүлде қарама-қарсы, оларды толықтай теріске шығаратын театр өнері туралы төл теория қалыптастырып, сахна өнерін реформалаған ірі қайраткер ретінде барлық кезеңнің режис­серлеріне тартымдылығын жо­ғалт­қан емес. Әйтсе де, Брехт шығармашылығына күрделілік тән болғандықтан, пьесаларын қоюға режиссерлердің жүрегі дауалап бара бермейді.

«Пері қатын»: пайда ойлама, ар ойла

Оның әлемдік драматургия жауһарла­рының бірінен саналатын «Есірген шешей және оның балалары» пьесасы жақында М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың репертуарынан орын алып, Елік Нұрсұлтанның режиссерлігімен «Пері қатын» спектаклі сахналанып, көрер­менге ұсынылды. Пьесаны қазақ тіліне аударған – белгілі қаламгер Асыл­бек Ықсан.

Пьесаның басты тақырыбы – соғыс. Ешкімді аямайтын, жуасты батыр, батырды тасжүрек қылатын соғыс адамдардың тағдырын ғана емес, бүтін бір ұлт пен мемлекеттердің тағдырын да өзгерте ала­тын алапат күшке ие. Адамзат тарихы соғыс пен шайқас шежіресінен тұрады. Отыз жылға созылған соғыс оқиғасының темірқазығы – Пері қатын. Біздің ұғымымыздағы Әйел – Ана образын Брехт түгін қалдырмай талқандап тастаған. Дәстүрлі түсінікте, ана баласы үшін жанын жаялық етіп төсеп, от пен суға түсіп, етінен ет кесіп беруге даяр. Бірақ Брехт бейнелеген Пері қатын бұл қасиеттің бәрінен жұрдай. Қайда болса да аяулы ана, әдемі әйел болып бейнеленетін асыл болмыс соғыстан пайда көрген, соғыстың арқасында балаларын асырап, ақшаға құл болған қу, айлакер әйелдің кепиетімен ауысқан. От пен оқтың орта­сындағы астан-кестені шыққан өмірге, қиран­дыға, айналасында ажал құшып жатқан адамдарға шімірікпей қарап, еті өліп кеткен Пері қатынға басқа өмірдің, бейбіт өмірдің түкке де керегі жоқ. Со­ғыс­­­сыз, бейбітшілік заман болса, ол мынау көл-көсір табысынан қағылып, шырт тү­кі­ріп, шекесінен қараған шамасынан айы­ры­­лып қаларын бақай есебімен жақсы біледі.

Елік Нұрсұлтан бір отбасының тағ­дыры арқылы бүкіл қоғамның шын­дығын қопарады. Пьеса дәуірмен шектелмеген шартты бір әлемде өтеді. Мекені белгісіз, мұнда ешқандай мемлекеттің, нақты ұлттың аты аталмайды. Ол жерде адамдар көзге көрінбейтін, мылтықсыз майдан құрсауында қалған, оқиғаның өзі адамдарды күреске итермелейді. Жеңетін, жеңіліс табатын тарап жоқ. Тек арпалыс. Пьесада соғыс туралы айтылады, ал нақты соғыс сахнасы көрсетілмейді. Брехт XVI ғасырдағы отыз жылдық соғыс­ты негізге алға­нымен, бұл шет-шегі жоқ, ешқашан аяқтал­майтын адамдар арасындағы соғыс туралы шығарма екенін түйсігіңмен тұс­пал­дап отырасың. Құндылықтар қақ­тығысы. Бір сөзбен айтқанда, «өмірдің өзі – соғыс».

Бар өмірі күреспен өтіп келе жатқан қу, пайдакүнем Пері қатын елді алдап-арбап, тартысып-таласып жүріп соғыстың бар зұлымдығын өз бойына көшірген. Үш баласы бар. Үшеуі үш әкеден, тұрақтап тұрмыс құрмаған көкек әйел олардың әкесінің кім екенін өзі де анықтап айта алмайды. Пері қатынның балалық шағын соғыс  жалмап, бойжеткен кезінде-ақ озбыр басқыншылардың қорлығына ұшыраған. Жалғызілікті, қорғансыз әйел өмір үшін жанталасып жүріп қалай­ша есерсоқ, періге айналғанын өзі де біл­мейді. Адамгершілікті табан астында ақшаға айырбастай салатын оны өзі өмір сүрген заманның құрбандығы десек те, ол өз өмірін өз қолымен жасаған. Бірақ бетпе-бет келсе, көп адамның сағы сынып, көтере алмайтын соғысқа да төтеп беріп, қиындықтың ішінен жол тауып, балаларын тістелеп жүріп жеткізген  өте мықты, еңбекқор әйелдің ерлігі көрерменге ұнамайды. Оның пысық­­тығы, жанкештілігі жиреніш ту­дыр­маса, құрмет туғыза алмайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова бейнелеген Пері қатын адуынды, қайсар, мінезді. Көп­тен бері басты рөлде көрінбей жүрген Д.Темірсұлтанованың шеберлігін ашып көрсеткен, актрисаның оң жамбасына келген рөл болғаны оның шығармашылығын қадағалап жүргендерге жақсы байқалды. Енді міне, соғыс қасіреті оның қызы Балаусаны да айналып өтпей, анасының тағдырын қайталап отыр. Солай бола тұра, Балауса екіжүзді, пайдакүнем ана­сына ұқсамаған. Барлық нәрседен пайда көргісі келіп тұратын шешесі ар-ожданы тапталған өз қызының қасіретін де кәдесіне жаратқысы бар. Соғыстың бұдан асқан сұмдығы да болмас.

Спектакльде екі-ақ жағымды кейіпкер бар, оның бірі – Балауса, екіншісі – Кавказдық. Әлемдік маңызы бар пьесаға қазақ режис­серінің әкеліп қосқан жаңалығы сол, Катриннің атын – Балауса, басқа бала­ларының да атын Алтын Кекіл, Кав­каздық, ал жезөкшенің есімін Ақ Бикеш деп ауыстырған. Режиссердің шығармашылық еркіндігін ешкім де сөге алмайды, себебі мұнда сөз басында айтқанымыздай, нақтылы уақыт кеңістігі, анық ұлт жоқ, тек жалпы адамзатқа ортақ мәселелер қақтығысы ғана бар. Зұлым соғыс Балаусаны да бала күнінде жүрегіне жазылмас жара, бетіне тыртық салып, ең бастысы, тіл-аузын байлап, мәңгілік мылқау мүгедекке айналдырған. Қорқаулардан қараулық көрсе де, жүрегі нәзік, өзі мейірімді, адал. Балғын құрақты елестетін Балауса деген есімінің өзі – тазалықтың символы. Шешесімен бірге соғыс өртінен қашып, жарты Еуропаны бірге аралап шықса да, адамгершілік қасиетінен ажырамаған. Өмірде ақ пен қараның бірге жүретіні секілді, Ақ Бикеш – Балаусаға қарама-қарсы мінездегі кейіпкер. Қызыл түстен ғана киініп, ер біткеннің көзін арбайтын сұлу Ақ Бикеш – жезөкше, бірақ оның да қатал қоғамға қар­сы қояр өз шындығы бар. Оның да бұл жолға өз қалауымен түспегені, соғыс­тың көп құрбандығының бірі екені Ләйлә Тілеуованың шеберлігімен кәсіби тарқатылған тастүйін рөл.

 Пері қатынның кіші ұлы жақсылықты,  адалдықты дәріптесе, үлкен ұлы кері­сінше атаққұмар, кеудемсоқ. Пайда көздеген шешенің пасық қылығы мұнда да көрінбей қалмайды. Ұлы жау қолына түсіп, оны құтқару қажеттігі туады. Ол үшін шешесі кәсіп жасап жүрген күймесін сатып, пара беруі керек. Бірақ ақшаға келгенде сараңдығы ұстап қа­латын әйел «кішкене күте тұрайық, бәл­кім реттеліп қалар» деп, ұлының жанынан гөрі ақшасын ойлап кейінге ысырып жүргенде,  баласы қайтыс болады. Ана үшін баласынан айырылғаннан асқан қасірет болмауы керек еді. Бірақ жау жағы кенже ұлын өлтіріп, мәйітін табытқа салып әкеліп тұрғанда да, қу жанын ғана ойлаған Пері қатын «бұл менің балам емес» деп танымаған кейіп көрсетіп, теріс айналады. Ашкөздік, дүниеге, ақшаға құмарлық асқынып, біріне-бірі жамала келе көзін байлап, жүрегін қарайтып жіберген. Балаларының бәрінен айырыла тұрып, Пері қатын істеп жүрген саудагерлік кәсібін тастамайды. Себебі соғыс аяқталған жоқ, ендеше әлі де пайда тауып қалуға мүмкіндік бар. Балала­ры­ның бәрі өлді – сол да сөз бе екен, өзінің келе­шегі күңгірт – ол да түк етпейді.  Адам періге, жауыз жаратылысқа осылай айна­лады екен.

Пьеса қоғамда шертіп қалсаң, соқтасы жарылғалы тұрған сыздауық жараға шеңгел салады. Бірақ бәрі әу дегеннен түсінікті бола кетпейді. Әлден уақытта кейіпкерлер сахнаға противогаз  киіп шықты. Биологиялық қару қақтығысы қауіп төндіріп тұр. Қорғанбаса болмайды. Тілі жоқ, сөйлей алмайтын мылқау қыз Балауса үнемі іштегі ызасын ыммен түсіндіріп, саусақ қимылымен жан­ұшырып әлденені айтқысы, дә­лел­­дегісі келеді. Бірақ оны қоғам тың­дамайды, өйткені мүгедек Балауса сияқ­ты естімейтін мелшиген саңырау, мыл­қауға айналған. Соңында жаудың жәбіріне ұшыраған Балауса бәрінің санасын оятты. «Соғыс отын жақпаңдар, қалаларды қиратпаңдар, ауылдарды өрте­меңдер, балаларды өлтірмеңдер, әйел­­дерді қорламаңдар, өздерің мүлгі­ген тыныштықта жата бермеңдер, ояның­дар!» Өз ортасында идея үшін адал өлген бір адам болса, ол – Балауса болды. Адал­дығынан айнымаған кішкентай қыз ел үшін, жер үшін жан тапсырды. Сөйте тұра өз ортасы, айналасы осы ерлігі үшін Балаусаны төбесіне көтерудің орнына, тепкілеп тастады. Қанатымен су сепкен қарлығаштай қорған болуға ұмтылған мылқау қыздың жан шырылын, тіршілік үшін күресін Ұлттық театрдың ең жас актрисаларының бірі И.Меңдібаева ізденісімен, жауапкершілігімен жан-жақты көрсете білді.

Пьеса көп дүниені қайта ойлауға мәжбүр етеді. Мынау «ана» деп жүрген адамның кешіруге келмейтін қатігездігі қайдан туды? Өз табиғатын тәрк етіп, неге мұндай мерез адамға айналды? Бір соғысты аяқтай салып екінші соғысты бас­тайтындар мәйіттің үстін басып тұрып шын бақыт сезіне ме осы? Ізденісі мол, интеллектуал режиссер Елік Нұрсұлтан өз қарақан басын күйттеген, ешкімге көмек қолын созуды білмейтін, өз мүддесі үшін ешнәрседен тайынбайтын өзімшіл адамдардың әлемін осылай көрсетті. «Пері қатын осындай екен, ал мен кіммін? Өзімді адам ретінде сақтай алдым ба? Қоғамға пайдалы ісімді, жақсы мінезімді қоса алдым ба?» Спектакль әр адамның қоғам­дағы өз рөлі туралы еріксіз ойландырады.

«Пері қатын» спектаклінің премьерасын жақында Германиядан оралған белгілі режиссер, неміс драматургиясының білгірі Болат Атабаевтың да тамашалап отырғанын байқаған едік. Отанына оралған театр тамыршысының Брехтпен кездесе тұрып, ол туралы бірдеңе демеуі мүмкін емес. Ойлағанымыздай, спектакль туралы Атабаевтың пікірі ертеңінде-ақ әлеуметтік желіні аралап кетті. «Қаншама дұрыс өмір сүрмесең, соншама қасірет шегесің. Мамаша Кураждың соғысты пайдаланып пайда көремін деген тірлігінің соңы немен аяқталды? Үш баласынан айы­рылды. Өзін құрдымға тастады. Бәрібір тарихтың алдында, тағдырдың алдында жауап бересің. Соғыстан көз ашпаған елде өмір сүріп, балаларын бағамын деп жүріп осыншама жанкештілікке барды. Бұл шығарманы «неғұрлым көп қателік істесең, жаза соғұрлым ауыр болады» деген мағынада түсіндіруге болады. Данагүл Темірсұлтанованың жұмысын биік бағалаймын. Меруерт Омарбекова, Жұмағали Маханов, Асан Мәжиттің жұмысы да керемет. Жақсы актерлер бар екен, бұлардың жақсы актер екенін бұрыннан білетінмін, бірақ осы жолы соған көзім жетті. Брехттің Катринін Балауса деп алып, мылқау қыздың рөлін жас актрисаға берген екенсіңдер, ол да рөлін жақсы алып шықты. Анау Дінбасы рөліндегі Бауыржан Қаптағаев тіпті бөлек. Дінбасы бола тұрып, сахнада әзілдеп, қалжыңдап жүр, сол арқылы кейіпкерінің айналасына қалай болса солай жауапсыз қарым-қатынас жасайтынын жақсы көрсетеді. Мұндай адамдар да бар. Өзіне, төңірегіндегі адамдардың тірлігіне немқұрайды қарайды. Мұны да қабылдаймын. Сондықтан Елікті құттықтаймын», дейді Болат Атабаев. Ал басқаның сөзі бір бөлек те, спектакльде ойнаған әр актер, режиссер үшін Атабаевтың айтқаны одан да маңызды. Расында да, театр репертуарының эпикалық кең тынысты тағы бір драмамен толығуы – өнер жетістігі.

 

АЛМАТЫ